Қоғам

«Біртектілік пен бірлік» бағытының маңызына тоқталды

«Біртектілік пен бірлік» бағытының маңызына тоқталды

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың «100 нақты қадам» ұлт жоспарын түсіндіру мақсатымен өңірімізге келген республикалық ақпараттық топ жұмысы аясында «Алтай» технопаркінде Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев өңіріміздегі шығармашылық, спорт, ҮЕҰ мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

– Бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселе – Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру, – деп сөз бастаған жауапты хатшы Қ.Уәлиев ең алдымен аталған реформаны жүзеге асыру үшін отандық және халықаралық сарапшылардан тұратын құрамында бес жұмыс тобы бар ұлттық комиссия құрылғанын, комиссияны еліміздің Премьер-министрі басқаратынын атап өтті. Алдыға қойған екі басты мақсаттың бірі – 2050 жылы дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену болса, екіншісі – экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің стандарттарын жүзеге асыру.
– Неге жүз қадам? Бәрі де айқын, дәлелді және нақты. Бұл – Елбасының 100 шешімі мен 100 тапсырмасы. Оның ішінде 15 қадам мемлекеттік аппараттың кәсібилігін түбегейлі арттыруға бағытталса, 19 қадам сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыру жөніндегі тиімді іс-қимылға, 50 қадам жаңа жоғары технологиялық, экономикалық өсу және адами капиталды дамытуды ынталандыратын, тікелей қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған айқын және нақты белестер. Алты қадам қоғам бірлігі мен жалпы Қазақстанның біртектілігін нығайтып, «Мәңгілік ел» жүйесі құндылықтарын дамытуды көздейтін салмақты шаралар болып табылады. Ал 10 қадам Үкімет жұмысының тетіктерін жетілдіріп, мемлекеттік органдардың ашықтығын көздейді, – деген Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев бұдан әрі 100 нақты қадам – ұлттық жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытына ерекше тоқталды.
Жалпы, бұл бағыт бойынша алты қадам бар. Оның біріншісі – «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеу, екіншісі – Қазақстан халық Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» ауқымды жобасын іске асыру, үшіншісі – «Менің елім» азаматтық біртектілікті нығайту жөніндегі ұлттық жобасын әзірлеп, іске асыру, төртіншісі – жалпыға ортақ еңбек қоғамы ұлттық идеясын ілгерілету жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп, жүзеге асыру болса, бесінші қадам – «Нұрлы болашақ» жобасын әзірлеп, жүзеге асыру, ал алтыншысы – бес институционалдық реформаны іске асыруды ақпараттық сүйемелдеу және ілгерілету. Жұмыс тобы осы алты қадам шеңберінде нақты іс-шаралар жоспарын жасап, барлық салаларды, мәдениет пен дінді, мемлекеттік рәміздерді, БАҚ, Қазақстан халқы Ассамблеясы, білім беру мен спортты қамтитын нақты «Жол картасын» әзірлеуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жұмыс тобының жоспарлап отырған ауқымды шаралары туралы да баяндап өтті. Олардың арасында атап айтқанда, «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат пен көшпелі мәдениеттің бірлігі», «Алтайдың інжу-маржаны», «Каспий қақпасы» атты аймақтық мәдени-туристік кластерлер құру, «Қазақстан энциклопедиясының» интернет-порталын жасау, өңірлерде этноауылдар салу, Астанадағы Ұлттық музейде «Көпұлтты Қазақстан» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы» атты көрме залдарын ашу секілді бірқатар шаралар бар. Десе де бұл әлі соңғы тізім емес екенін, тың ұсыныстар мен пікірлер болса, әлі де толыға түсетінін ескертті.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін одан әрі жетілдіру де көзделініп отырған көрінеді. Бұл бағытта да көптеген іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында 100 нақты қадам – ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытын іске асыруға байланысты «Зубр» әлеуметтік-корпоративтік қоры директорының орынбасары Юлия Натарова, Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының директоры Яков Горельников, Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев және тағы басқалар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
– «100 нақты қадам» – сіз бен біздің өмірімізге қатысты теңдесі жоқ құжат. Қазіргі күні бүкіл әлем осы осы құжатқа ерекше назар аударып, зерттеп, зерделеуде. Сондықтан да біздің ешқайсысымыз бұған бейжай қарамауымыз керек, – деді Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының директоры Яков Горельников.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл мәселенің өзектілігін айта келіп, барша қауымды сырттан бақыламай, іске белсене атсалысуға шақырды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button