Бірінші болып кооператив құрды

Биылғы шілде айының соңында іссапармен Катонқарағай ауданында болған едік. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғали Байгереев атқарып жатқан жұмыстарын айта келіп, бірінші болып кооператив құрған Жомартхан Күндебаевпен кездесу қажеттігін ескертті.
-Өзім Еңбек ауылының тумасымын. Әртүрлі салада жұмыс істедім, мамандығым техник-механик, мал өнімдерін дайындаумен де шұғылдандым. Қожалықта істеп жүрген кезде Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айтылған кооператив құру жөніндегі бастамасына үн қостым. Бұл оңай шаруа емес екен, құжаттарын әзірлеуді былай қойғанда, жеке адамдардан, шаруа қожылақтары иелерінен малдарын бізге өткізіп, кооператив құру жайында айтқанда, секемдене қарап, қолдағы азын-аулық малымыздан айырылып қаламыз деген ойларын ашық айтты. Ақыры Манап Қабдөшев, Ғабит Баекин, Айдар, Болат Исаханов бәріміз бірігіп, кооператив құрып алдық,-деп бастады әңгімесін Жомартхан.
Ақыры ірі қара саны 1050 басқа жетті. Бұл кезде ауданда мал түрін түрлендіру, яғни, асылдандыру қызу қолға алына бастаған. 1050 басқа кем дегенде 35 асыл тұқымды бұқа қажет. Ақыры қаржы тауып, айшылық алыстан геопорт бұқаларын сатып алды. Бір бұқаның бағасы 450 мың теңгеге түсті. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғали Байгереевтің айтуынша, бұл күндері ауданда мал түрін түрлендірудің нәтижесінде қожалық иелері мемлекеттен субсидия ала бастапты. Бір ғажабы, будандасқан малдың бұзауы кішкентай болып туады да, соңынан тез қоң жинайды екен. Асыл тұқымды малдың артықшылығын білгендер қазір осы бағытқа көңіл аудара бастады.
-Кооперативтің артықышылы көп,-дейді Жомартхан.-Біріншіден, техника сатып алған кезде жеңілдік жасалады. Бірігіп, техникасы мен малы көбейген кооператив мүшелеріне басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, проблемалар да аз емес көрінеді. Құжаттар дайындау, кепілдемеге қойған затыңды кері қайтарып алуда «әттегенайлар» жетерлік. Десек те, ауданда құрылған 11 кооператив мүшелерінің ынтымақтаса жұмыс істеуі нәтижесін бере бастады.
-«Әлихан-17» кооперативі де мал басын көбейтіп жатыр. Аққайнар, Жұлдыз, Ақмарал, Жамбыл, Берел, Жаңаүлгі, басқа ауылдардағы шаруа қожалықтары мал түрін түрлендіруге көңіл бөле бастады. Себебі, Үкіметтен алатын субсидия ауыл адамдарының еңсесін көтеріп тастайды. «Нектар», «Катонқарағай шәрбаты» кооперативтері омартамен айналысады. Олар жазда жинап алған сапалы балын тиімді бағамен сатып жатыр. Сонымен бірге, сүтпен айналысатын кооператив құрылды. Ауданда екі жерден сүт қабылдап алатын пункт ашылды. Бір литр сүтке 10 теңге субсидия беріледі, бұл да көмек. Аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин кооператив, қожалық басшыларымен жиі кездесіп, ақыл-кеңесін беріп тұрады,-дейді бөлім басшысы.
Катонқарағай ауданындағы кооперативтер алдағы уақытта да жұмыстарын ширата түспек.
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.