Қоғам

«Бірліктің» тірлігіне кім қызықпайды?

«Бірліктің» тірлігіне кім қызықпайды?


Бүгінде Барқытбелдің баурайында шаруашылықтары шалқыған, берекелері жарасқан қожалықтардың қатары көбейген. Солардың бірі – Қайыпхан қыстағындағы Бірлік шаруа қожалығы. 1991 жылғы аумалы-төкпелі кезеңде ауданда алғашқылардың бірі болып ісін бастаған ұжым Құмкөл ауылының мақтанышы десе болғандай.

Қыстаққа барсаңыз, қайнаған еңбекке тап боласыз. Мұндағы төрт бірдей мал базасының басы-қасында жүрген алпысты алқымдаған Әсет Қадырбеков ағамыз алдымыздан шығып, шаруаның жайымен таныстырды. Қожалық басшысының қол астында тепсе темір үзетін 5-6 азамат бар. Бірі мал суарып, екіншісі шөп тасып, тыным таппай жүрген жандар. Әсет ағамыз әңгімені әріден бастады.

– Мен бұдан 43 жыл бұрын осы қыстаққа келіп, қолыма шопан таяғын ұстағанымда 17 жаста едім. 10 қыз-жігіт «Шалқар» атты комсомол – жастар бригадасын құрдық. Қайыпхан қыстағы мал-жанға жайлы болған соң, кеңшар басшылығы осы жерден 10 мың бастық мал бордақылау алаңын ашты. Барлық жағдай жасалды, бірнеше үй салынды, жарық, су құбыры тартылды. 10 мың бас малға арналып механикаландырылған төрт қора салынды. Міне, мына көріп тұрғаныңыздың барлығы – сол кеңшардан қалған мұра.

Ағамыз осы қыстақта өзінің жан жарын тауып, Ғайни жеңгемізбен 1974 жылы сол кездегі дәстүр бойынша комсомолдық үйлену тойын жасаған. Осында жүріп механизатор мамандығын алды. Төрт баласы да Қайыпхан қыстағында дүниеге келген.

-1991 жылы Одақ ыдырағанда қыстақтағы он шақты үй бас сауғалап жан-жаққа кетті. Күзетіп мен ғана қалдым. Бар ойым миллиондаған қаржыға салынған мына кешенді ұры-қарыдан аман алып қалу болатын. Қолдағы бар малымды ортаға салып, ниеттес ағайындарымды қасыма жиып, шаруашылық құрдым, – дейді ол.

Содан бері 25 жылдан асып барады. Қиындықтың бәрі де артта қалды. Қазір көрген түстей ғана. «Бірлік» бүгінде аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналған. Мемлекеттің тиімді бағдарламаларына қол жеткізгендердің бірі. Алдымен «Сыбағадан» сыбағалы болып, 100 бас қазақтың ақ бас сиырын, алты бұқасын сатып алған шаруашылық аудандағы асыл тұқымды ірі қара малын өсіруші шаруашылық мәртебесін иеленді. Ет өндіруден өңірде алда тұр. 2009 жылы 100 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салса, келесі жылы оның іргесін кеңейтіп, 1000 сиырды семіртуді көздеп отыр. Болашақта асыл тұқымды сиырларды 3000-ға жетізбек.

Өткен жылы «Құлан» бағдарламасына қатысып, сегіз млн. 200 теңге несиемен 42 асыл тұқымды жылқы сатып алды. Мақсаты – қылқұйрықтың «Жабы» тұқымын көбейту. Келешекте қымыз өндірумен айналысуды да қолға алмақ. Шаруашылықтың аудан орталығында өз дүкені бар. Онда күн сайын тұрғындарға қолжетімді бағамен ет, сүт сатылып отырады. Қожалықтың иелігінде 4000 гектар жер бар. Оның 200 гектары – жоңышқалық, 1000-ы шабындық. Осы жерлерден жылына 500 тонна мал азығы өндіріледі. Бұл жұмысты «Казагро» арқылы несиеге алынған екі су жаңа трактор мен сегіз адам атқарады.

Әсет ағаның күйеубаласы Серік Мұқашев – таптырмас менеджер. Істің көзін таба біледі. Ал ұлы Жандос өзіне тартқан еңбекқор. Шаруаны күйттеп, күні-түні істің басында жүреді.

Қоштасар сәтте Әсекең мені дөңестеу жерге ертіп шығып:

-Бауырым, қарашы, қыстақтың қай ауылдан кемдігі бар. Әр үйде – «Отау ТВ». Отын-су жеткілікті. Тұрмыс – жақсы. Барқытбелдің бауырында жемістің барлық түрі өсетінін әркім біле бермейді. Ендігі мақсат – мына бір жатқан сегіз гектарлық алқапты алма бағына, жүзім плантациясына айналдыру. Осы көктемнен бастап сары өрік те отырғызбақпын,-деді.

«Қайыпханнан» фермерге алдағы еңбектеріңіз де жемісті бола берсін, деген тілекпен аттандым.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button