Қоғам

«Бірліктің» тиянақты тірлігі

 «Бірліктің» тиянақты тірлігі


Сарыөлең ауылдық округіндегі «Бірлік» шаруа қожалығы туралы жұрт қашанда оң пікір білдіріп жатады. Оған себеп те жеткілікті. Ағайынды Тоқтағановтардың береке-бірлігінің, жұдырықтай жұмылған ұйымшылдығы мен ерінгенді білмейтін еңбекқорлығының арқасында ұжымның шаруасы шалқып, әрдайым алға басумен келеді.

1996 жылы СОКП ХХII съезі атындағы совхоз тарап, әркім өз бетінше тірлік жасауға кіріскенде ұзақ жылдар фермадағы трактор бригадасының бригадирі болып еңбектенген Әзімхан Тоқтағанов ұлдары Ерсінбек, Қымбатбек, Серік, Қуаныштың бастарын қосып, жеке шаруашылық құрған еді. Пайға тиген 1 МТЗ-80 тракторы, 200 бас қой, 15 жылқы, 20 сиырмен заңды түрде иеленген «Кенжебай» қыстағына келген оларды мұнда да ауқымды жұмыс күтіп тұрған болатын. Сөйтсе де, келешекке нық сенген жігерлі азаматтар көп ойланып тұрмастан, шаруаға білек сыбана кіріскен-ді.

Жылдар жылжып өтіп жатты, шаруаның тірлігінде қызықтан гөрі қиындықтың көп болатыны белгілі. Бірақ не нәрсеге жауапкершілікпен қарап, дұрыс жоспар құра білген жанның түбінде табысқа қол жеткізері даусыз ғой, «Бірліктің» де кемесі өрге жүзді. Әкесі зейнет демалысына шыққан соң, шаруашылық тізгінін өз қолына алған Қымбатбек қожалыққа дұрыс жетекшілік жасай білді. Сонымен бірге, аға-інілерінің тарапынан көрсетілген қолдаудың болғаны шындық. Бүгінде шаруашылықтағы мал басы айтарлықтай көбейді. Мәселен, мұндағы қой саны 900-ге жетсе, ірі қара 200-ден асып, жылқы түлігі 250 басты құрап отыр. Ал қожалықтағы техника паркі әбден толығып, қандай шаруаны болса да қапысыз атқаруға даяр тұр. Үш «МТЗ-80», бір «Т-150» доңғалақты тракторлары, «ДТ-75» маркалы үш шынжыр табанды трактор, екі «Нива-СК-5» комбайны мен алуан түрлі қажетті агрегаттар қашанда сақадай сай.

-Біздің өзіміздің егістік алқабымыз жоқ, дегенмен, жыл сайын жалға жер алып, күнбағыс пен арпа егеміз, – дейді қожалық мүшесі Ерсінбек Тоқтағанов. – 130 гектар жер бар, оған жоңышқа егіп тастағанбыз. Осы жоңышқаны жаз сайын екі рет шауып, жеткілікті мөлшерде пішен дайындап аламыз. Бұдан басқа 40 га шабындығымыз бар, ол жерден де шөп жақсы түседі. Сол Кенжебай қыстағындағы қырманға төгілген арпаны қыстай тартып, малды құнарлы жеммен қамтамасыз етеміз. Онда күнбағыс майын сығатын цех та орнатылған, өзімізден артылған майды тұрғындарға саудалаймыз. Алдағы көктемде 40 гектар жерге арпа сепкелі отырмыз, аудан басшылығы жер бөліп берсе, осы егістік көлемін 100 гектарға жеткізбек ойымыз бар.

«Бірліктің» малы жаз шыға тегіс жайлауға көшіріледі. Қымбатбек бұрынғы совхоз жайлауы «Шүршіттен» өзіне тиесілі жердің мемлекеттік актісін бекітіп, барша құжаттарын рәсімдеп алған екен. Салқын жонды емін-еркін жайлаған түліктер күзде барынша семіріп түседі, ал шелді малдың қашанда төлді болатыны белгілі.

-Бұрынғы совхоздың қараусыз қалып, талан-таражға түскен машина-трактор шеберханасын да қолға алдық, – дейді Қымбатбек Әзімханұлы. – Оны жөндеп, кесетін-тесетін, жонатын станоктардың барлығын орнатып қойдық. Осыған дейін өзіміз пайдаланып келген бұл шеберхана осыдан былай тапсырыс берген адамдардың барлығына бірдей қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ жағдайы келмей жатқан ауылдастарымызға жерін жыртып, егінін орып дегендей, жәрдем жасауға да әрдайым әзірміз. Қожалықта ауылдан төрт адам тұрақты жұмыс істейді, науқан кезінде қосымша кісі жалдаймыз.
Қымбатбектің Сарыөлең ауылынан 300 орындық тойхана салып, мұндағы қауымға үлкен жақсылық істегенінен хабардармыз. Ел болған соң той-томалақ, өлім-жітім болмай тұрмайды, сондайда жұрт көпке дастарқан жаятын дәмхана іздеп, аудан орталығына шапқылайтын-ды. Қазір керісінше, күршімдіктердің көбі Сарыөлеңдегі арзан әрі кең тойхананы қолай көріп жүр.

«Әке көрген оқ жонар», – дейді қазақ, сол айтқандай, еңбекқор әкенің тәлімін алған ағайынды Тоқтағановтар еселі еңбектерімен бақуатты да бақытты тірлікке қол жеткізіп отыр. Өткен жылдың қараша айында ата-аналарының шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толған «Гауһар тойын», сонымен бірге әкелерінің сексенге толған мерейтойын Әзімхан ақсақал мен Күләш әжейдің бес ұл, екі қызы, олардан өрбіген 28 немересі мен 34 шөбересі дүрілдетіп өткізіп, ел-жұрттың ризалығына бөленді. Ал қожалық жетекшісі Қымбатбектің өзі де қамқор әке, мейірімді ата. Зайыбы Айжан екеуі үш қыз, бір ұл өсіріп, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасаған олар жас та болса, үш қыздан алты сәби сүйіп отыр. Қамқор ата-ана енді ШҚМТУ-ды, оның магистратурасын тәмамдап, отау тігуге бел буған кенжелері Бекболаттың қамына кірісуде.

«Бірлік» шаруа қожалығының ұйымшыл ұжымы қыстан қысылмай шығып, енді көктемгі егіс жұмыстары мен мал төлдету науқанына әзірлік жасауда. Шаруаның ыңғайын жақсы білетін азаматтардың бұл сындардан да сүрінбей өтетініне еш күмән жоқ.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button