Бірлік пен береке бар жерде
Ел мен жұрттың бірлігі мен берекесі мамыражай, тоқкүлкі күндерде емес, аса бір қысылтаяң – қалың елдің басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен зауал шақтарда сыналатыны рас шығар. Ер етікпен су кешетін, оның ерлігі мен ездігі безбенге түсетіні де осы кезең. Ел деп отырғанымыз – қара орман жұрт болса, ер деп отырғанымыз – арғымақ мініп, ел тізгінін ұстап жүрген азаматтарымыз. Осыдан бір ай бұрын түн ішінде бейқам жатқан бес ауылын тасқын су басып, топалаң тигендей боздап қалған Глубокое ауданында пенделердің бойындағы осындай бір ерек қасиеттерді айқындайтындай шақ туған. Сонда болдық. Тасқынның шү дегендегі зәрі мен кәрі қайтыпты. Дегенмен оның салып кеткен лаңын, апаттан келген зардаптарды жою жұмыстары жүріп жатыр екен…
Әкімнің өзі келіп құтқарды
…Наурыз айының 22-сінен 23-іне қараған түні толассыз жауған жаңбыр (үш айлық мөлшер) мен еріген қар суынан аудан аумағындағы Глубочанка және Красноярка өзендері арнасына сыймай тасиды. Екі өзен де үш метрге таяу көтерілген. Соның салдарынан Глубокое, Белоусовка, Алтай, Прогресс, Предгорное ауылдарындағы 184 тұрғын үйді су алған…
…Наурыздың 24-ші жұлдызында ауданда Төтенше жағдай жарияланып, су басқан ауылдардан 729 адам қауіпсіз аймаққа қолма-қол көшіріліпті. Шығын жоқ. Адамдарды қойып, топан су басып жатқан ауданда не бір күшік, не бір мысық суға қарып болмаған. Бұл – бір. Аждаһадай ысқырынған топан суда мейірім болушы ма еді? Шығынның болмау себебі неден?
– Наурыздың 23-іне қараған түнде басталды бар зауал. Лап етіп үйге кірген топан судың қарқыны тым қатты болды. Сасқалақтап, есіміз шығып, не істеп, не қоярымызды білмей қалдық. Мен жасым келген адаммын, үйдегі жандардың барлығы далаға шығып кеткенде, сопайып жалғыз қала берсем керек. Келер сәтте бір әлеуетті қол мені іліп алып, көтерген күйі далаға алып шықты. Жарыққа шыққан соң бірақ білдім, мені көтеріп шыққан аудан әкімінің өзі көрінеді. Азамат деп осындайларды айту керек! Түн ортасы ауып кеткен кезде болар апатты алдын ала білгендей, жарты сағаттың ішінде жетіп келгенін көрмейсіз бе?! – деп Прогресс ауылындағы 67 жасқа келген Осадчий Надежда Александровна көз жасын сығып-сығып алды.
Қалихан Байғонысов, Глубокое ауданының әкімі:
– Дәл қай күні, қай сәтте, қай тұстан соғарын білмесем де, тасқын судың бір қатер тудыратынын алдын ала ішім сезген. Неге дейсіз ғой? Себеп мынада: жалпы орыстар мен қазақтардың ауыл болып қоныстануы мен ауыл тұрғызу философиясында тірліктеріне негізделген ерекшеліктер бар. Мәселен, қазақтар ауылды қырға, биіктеу тұсқа салады. Малдарын ой мен қырға жайып жіберіп, соларды бақылап отыруға қолайлы болсын дегені. Ал орыстар жеміс-жидек, бау-бақша өсіруге ыңғайлы жер іздейді. Жылға, сай-саладағы бұлақ-өзен бойларына, ылғалы молдау жерлерге қоныстанады. Байқап отырсаңыздар, мына біздегі тасқынға ұрынған бес ауыл да жылға-қолатта, өзенге тым жақын жатыр.
Дайындығымыз да жақсы еді: көпірлердің ауыздарын, арық, өзен арналарын түгелдей тазалап қойғанбыз. Осы төтенше жағдайға деп тіпті ауданда бұрын-соңды болмаған 45 млн. теңге қаржылық қор, 11 470 тонна жанар-жағармай, тағы да басқа апатпен күресуге арналған құрал-жабдықтар да жасақтап қойғанбыз. Әрбір ауылда төтенше жағдайлардың алдын алатын топтар да құрылған. Үйлерді су алғанымен, адам, мал шығыны болмағаны, сондай қарекетіміздің арқасы шығар…
…25 науырызда апаттан болған зардаптарды жою жұмыстары басталып та кетіпті. Су астында қалған 184 үйдің 109-ын жаппай тазалаумен, кірген суды аластау жұмыстарымен аудандағы бюджеттік мекеме қызметкерлері, өскемендік студенттер, тағы да Өскеменнен келген Ұлттық гвардия сарбаздары, дабылдан соң іле-шала көмекке жеткен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамдары айналысып кеткен көрінеді…
Апат қайталанбасын деп…
…Апаттың алдын алу, оның қайтара соғар зардаптарынан сақтану шараларын аудан басшылығы бірінші қатарға қойып, ең алдымен ең қауіпті деген Глубочанка, Красноярка өзендерінің ұрымтал тұстарына бөгет-қорған соғыпты. Олардың ұзындығы екі шақырымды құраса, қорғандарға 2 000 текше метрден астам құмтас төгілген. Ауданның Глубокое, Белоусовка, Прогресс атты үш елді мекеніне зауал әкелген Глубочанка өзені аудан орталығына кіреберістегі жолды шайып, жалғыз көпірді жұлып кету қатері күрделілене берген соң, көпірдің қамшылар жақ бүйіріндегі жолды тесіп, ол жерге тасқын су іркілмей ағатын, радиустары метрге тақау үш үлкен құбырмен жабынды жасалыпты. Егер де бұл әрекет жедел жасалмағанда, су астында 29 емес, жүзден астам үй қалар еді. Белоусовкада да бөгет-қорған тұсына төрт құбыр-ағыс орнатылған. Предгорное ауылында Краснояркаға құятын Переплюйка деген шағын бұлақ бар. Жаздың ыстығында ізім-ғайым құрып кететін әлгі жаман Переплюйкаң биылғы қыста ойранды салыпты. Тура Жаңа жылдың алғашқы күнінде долыра көпіріп, маңайын қызылсу басқан.
– Қызылсудың еліруі 3-қаңтардан басталды. Үйге кіріп кеткен суды шелектеп төгіп, қолдан келген шараның барлығын істедік. Аудан басшысы Байғонысов мырза, округ әкімі Олег Егоров күні-түні осы жерде болды. Жай күнде бәрібір, пенде жаны қысылғанда төңірегіне жалтақтап, сол төңірегінен мейірім мен қамқорлық күтеді екен. Қаржылай көмегі бір төбе, міне, қазір үйімнің жөндеу жұмыстары да аяқталуға таяды. Бұрынғы еден тақтайлары ескі еді, қайта жаңаратын болды. Мен үшін бұл жақсылық. Адамдарға алғысым шексіз, – дейді предгорныйлық Марат Қожахметов. Оның сөзіне осы ауылдың зардап шеккен тұрғыны Анатолий Кнуров та қосылды. Осы ауылдағы Дильяра Нұрахметованың үйіндегі жөндеу жұмыстары да аяқталып қалыпты.
– Аудан басшыларына, көмекке келген жандарға мың алғыс. Ұлым екеуіміз де мүгедек жандармыз. Міне, саңғыраған жаңа пеш орнатты. Бұрын мынау тұстан бөлме бөлінген еді, енді қажеті жоқ секілді. Қайта тынысы кең болып қалды, – деп қуанышын жасыра алмай отыр кейуана.
Олег Егоров, Предгорное ауылдық округінің әкімі:
– Біз дер кезінде Краснояркаға бөгет-қорған соғу арқылы апаттан 64 үйді сақтап қалдық. Әгәрәки ол жұмысты кешеуілдетсек, топансу 36 үйді емес, жүзден астам үйді зарлатып кетер еді. Қазір мұнда өскемендік «Оптимстрой» фирмасының 40 жұмысшысы бригадир Алексей Барановтың басшылығымен күндіз-түні жөндеу жұмыстарымен айналысуда. Олардан басқа «Взрывпром» атты серіктестік те осы ауылда жұмыс істеуде. Жөндеу жұмыстары, амандық болса, мамырға дейін аяқталып қалатын сынды…
«Көп түкірсе – көл» дейді қазақ. Аудан халқының табиғат апатынан шеккен зардаптарынан құлағдар болған мұқым облыс жұртшылығы оларға бейжай қарай алмады. Жан-жақтан көмек ағылды. Сәуірдің 17-жұлдызындағы есеп бойынша Глубокое ауданының «Даму» атты қайырымдылық қорына жер-жердегі жекелеген адамдардан және кәсіпорын, мекемелерден 11 млн. 763 мың теңге, облыстық «Парыз» қоғамдық қорынан 50 млн. теңге қаржы түсіпті. Бұл қаржының әрбір тиыны есепте көрінеді. Мәселен, жоғарыдағы апаттан зардап шеккен 722 адамға жаңағы қордан 17 млн. 910 мың теңге ақша, бес тонна азық-түлік босатылған.
Қалихан Байғонысов, Глубокое ауданының әкімі:
– Қазір Белоусовка кентінде «Техногрупп», Прогресс ауылында «Элхон», Предгорныйда «Взрывпром» және «ОптимСервисСтрой», Глубокоеда «Ремстройсервис», «Маржан», «Петергоф» серіктестіктері жөндеу жұмыстарымен шұғылдануда. Серіктестік жұмысшылары шаруаға өте түсіністікпен қарауда: күн-түн демей арпалысып жатыр. Мен осы газет мүмкіндігін пайдалана отырып, біздерге зауал төнгенде қолма-қол көмекке келген мұқым облыс халқына, дер кезінде көмек қолын созған, тек созып қана қоймай облыс деңгейіндегі мұқым мекемелерді осы шаруаға жұмылдыруға игі ықпал еткен облыс әкіміне, бүгінгі күні жөндеумен арпалыса шұғылданып жатқан серіктестіктерге, бізбен тізе қосып бірге қимылдаған, жағдайды түсіне білген аудан жұртшылығына алғыс айтқым келеді!
Осы сапар барысында біз сұхбаттасқан тұрғындардың барлығы жергілікті басшылық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындарын айтып, ризашылық сезімдерін білдірді. Ең бастысы, олардың барлығы ертеңгі күнге сеніммен қарап отыр.
Әлібек Қаңтарбаев,
Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО
филиалының директоры