Бірлік болса, бағынбайтын белес жоқ

Қаратал ауылында ұлты татар Валади Нәбиев деген азамат тұрады. Мамандығы – жүргізуші. Жұбайы Юлияның ұлты – орыс, ата-бабалары кезінде Ресейден қоныс аударған, өзі осы өңірде туып, өскен. Екеуі де қазақшаға судай, сөйлеген кезде өзіңді жаңылдырады.
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Ассамблеясының құрылған күні 1-ші наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланды. Бұл мереке қазақтармен бірге мекендеп, тату-тәтті өмір сүріп, алаңсыз еңбек етіп жатқан жүздеген ұлт өкілдерінің басын біріктіретін, ынтымағы мен бірлігі жарасқанын паш ететін айтулы күн екені белгілі. Қаратал ауылында да ондаған ұлт өкілдері тұрады. Қазақ, орыс, украин, беларусь,татар, басқа да ұлт өкілдері Алғыс айту күні Мәдениет үйінде жиналып, ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеп, өнерлерін ортаға салмақ. Өзім бірнеше жылдан бері «Әжелер» ансамблінің белсенді мүшесімін. Қазақ, татар, орыс әндерін шырқағанды жаным сүйеді. Біз Қазақстанда тудық, қазақтар, қайырымды, бауырмал халық. Менің құрбыларымның барлығы жергілікті ұлт өкілдері. Мәселен, өзіммен бірге жұмыс істейтін Жанна Жүнісова екеуіміз отбасымен араласамыз,-дейді Юлия Владимировна.
Қаратал ауылында үш наубайхана бар. Соның ірісі—Юлия мен Жанна еңбек ететін кәсіпкер Бауыржан Баймұхамбетовтың наубайханасы. Бір ауысымда екеуі 400-500 бөлке нан, тәтті тоқаш пісіреді. Оларды сауда дүкендеріне тапсырады. Жанна мен Юлия пісірген нан, нан-тоқаш өнімдері дәмді, тіл үйіреді. Бағасы арзан, бір бөлкесі – 60 теңге.
Валади мен Юлия екі қызына да жақсы тәрбие берді, қазақ тілін құрметтеуді саналарына құя білді. Екеуі де мектепте жақсы оқыды, Натальясы Өскеменде тұрады, мамандығы – нотариус, ал екінші қызы Елена – ұстаз. Қос қызы қазақ тілінде еркін сөйлейді.
-Менің Отаным – Қазақстан. Біз осында дүниеге келдік, басқа елге көшу ойда жоқ. Мен барлық жерлестерімді тұңғыш рет аталып өтетін Алғыс айту мерекесімен құттықтап, оларға шаттық пен қуаныш тілеймін. Нарық қысқан қазіргі кез де артта қалар, ең бастысы, татулық пен бірлік, ынтымағымыз бен достығымыз жарасса, біз жеңбейтін қиындық жоқ,-дейді қарапайым нан пісіруші, қараталдық Юлия Нәбиева.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.