Бірлігімізді одан әрі бекемдей түседі
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында партияның ХVI съезінің қорытындыларына және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына әзірлік мәселелеріне арналған брифинг өтті.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Шерубаев биылғы 11 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде айтылған мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Естеріңізде болса, биылғы ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Аталған игі бастама қоғамда үлкен қолдауға ие болған-ды. Сонымен қатар, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу қазіргі күрделі экономикалық және халықаралық жағдайларда елімізде дағдарысқа қарсы қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасын орындауға және «Қазақстан-2050» Стратегиясын» сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Ассамблея мүшелерінің үндеуінде ғаламдық сын-қатерлер кезеңінен елімізді аман-есен алып шығу үшін қазіргі Президентке жалпыхалықтық сенімнің жаңа мандатын беру керектігі айтылған.
– Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Нұр Отан» партиясын басқарып отыр және партия съезі оны Президенттікке кандидат ретінде ұсынуға шешім қабылдады,-деп атап өтті жиында Нұрлыбек Шерубаев.
Сондай-ақ, жиында съезд делегаттары Елбасы алға тартқан мемлекеттілікті нығайту жолындағы бес институттық реформа жайына тоқталып, заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат құрылуы, елдің дамуы мен кемел келешегі үшін білімді ұрпақтың жетілуі, мемлекеттік қызметкерлер еңбегінің тиісті бағалануы, кәсіпкерліктің қолдау табуы, келісімшарттық міндеттемелердің қорғалуы, меншік құқығына кепілдік беретін заң үстемдігінің қамтамасыз етілуі қазақстандықтар үшін аса маңызды екендігін атап өтті.
– Бұрын дәрігерлер сегіз сағат жұмысы үшін ғана жалақы алатын. Енді жақсы нәтижеге қол жеткізгендері айдың соңында қосымша ақы алатын болады. Өзге қызметте де солай. Бұл жастар үшін өте тиімді,-деді облыстық мәслихаттың депутаты, Өскемендегі «Ана мен бала» орталығының директоры Рая Рахимова.
– Қазір елімізде қоғамдық штабтарды құру бойынша жұмыстардың алғашқы дайындық кезеңі басталды. Бұл 2015 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады. Аймақта бір облыстық, 20 аудандық және қалалық штаб жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Олардың құрамына шамамен 300-дей адам кіреді. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткердің сенімді өкілдерінің тізімі, үгіт-насихат іс-шараларының желілік кестесі жасалуда. Саяси науқан кезінде сайлау жөніндегі ақпаратты әрбір аймақ тұрғынына толық жеткізуге тырысамыз. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар айтарлықтай қарқын алып отыр, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Шерубаев.
Брифинг барысында белгілі болғандай, жергілікті қоғамдық штабтар ел Президентін сайлауға тура бір ай қалғанда, яғни, 26-наурызда ресми түрде жұмысын бастайды.
****
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалының өкілдері де партияның ХVI съезінің қорытындыларына және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына әзірлік мәселелеріне арналған брифинг өткізіп, қалалық сайлауалды қоғамдық штабтың жұмысы бастау алғандығын мәлім етті.
Партияның Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасованың айтуынша, облыс орталығында бастауыш партия ұйымдарында он мыңнан аса мүше тіркелген. Қалалық штабтың құрамына 12 бөлімше кіреді және құрамы төрт мыңнан аса адамды қамтитын 320-ға жуық мобильді топтар құрылып, екі қоғамдық қабылдау болады және үгіт жұмыстарына арналған көптеген ауқымды шаралар қолға алынбақ.
Брифингте сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, съезд делегаты Лео Щик Астана төрінде өткен партия жиынында алған әсерін жиналғандармен бөлісті.
Дәурен Аллабергенұлы