Бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын пысықтады

Облысымызда тағы бір құс фабрикасы салынуы мүмкін. Бұл туралы аймаққа ресми сапармен келген ҚХР Шыңжан Ұйғыр автономиялық районы халықтық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзюмен кездесуде аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Облыстық әкімдікте өткен екіжақты келіссөздер барысында шетелдік меймандар өңірімізге сапарының басты мақсаты бірқатар саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын пысықтау екенін айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы қызықтыратынын жасырмады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов те агросектордағы әріптестік аса маңызды екенін жеткізіп, қонақтар назарына бірнеше жобаны ұсынды.
– Облысымызда жаңа құс фабрикасын салуды жоспарлаудамыз. Бұл – ауқымды жоба. Аталмыш мақсатқа 40 мың гектар жер бөлеміз. Тағы 300 гектарға жуық телімде фабриканың негізгі базасы орналасатын болады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 30 мың тонна құс етін өндіруі тиіс. Осы жобаны жүзеге асыруға сіздер де атсалыссаңыздар деген тілегіміз бар. Жалпы, біздің облыста ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жатқан бірнеше бірлескен қазақ-қытай кәсіпорыны бар. Мәселен, Көкпекті ауданында құрылған дәл осындай компанияның бірі бүгінде қытай еліне балық өнімдерін экспорттаумен айналысуда. Сол сияқты Бесқарағай, Үржар аудандарында да бірлескен кәсіпорындарымыз нәтижелі жұмыс істеуде. Біз сонымен қатар Қытайға ет өнімдерін экспорттауға мүдделіміз. Бұған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді, – деген облыс әкімі Үрімжі мен Шәуешек қалалары арасында салынған жаңа теміржол да екі аймақ арасындағы байланысты одан сайын нықтай түсетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде шетелдік делегацияны бастап келген Чжао Чунцзю мырза аймақ басшысына шақыртуы үшін алғыс айтып, Шығыс Қазақстан облысы Шыңжан Ұйғыр автономиялық районының негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі екенін жеткізді.
– Біз де әріптестігіміз баянды болғанын қалаймыз. Осы бағытта жұмыс жүргізуге әзірміз. Бүгінде Шығыс Қазақстанда екі өңірдің кәсіпкерлері құрған 12 бірлескен компания бар екен. Сіздердің облыстарыңызда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері жоғары сапаға ие екенін де білемін. Әсіресе, бидай, ұн мен майлы дақылдарыңызды мақтайды. Біз Шығыс Қазақстан облысынан осы сияқты өнімдерді көбірек алғымыз келеді. Туризм саласын да дамытуға ниеттіміз. Өткен жылдың қараша айында Үрімжі қаласында кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізген болатынбыз. Енді сол басқосуда қол жеткізген уағдаластықтарымызды іс жүзінде орындауға даярмыз, – деді Чжао Чунцзю мырза.
Кездесу барасында екі өңірдің білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы әріптестігі де сөз болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты хаттамаға қол қойды.
Шығыс Қазақстанға сапары аясында ШҰАР делегациясы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да болып, университеттің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарымен танысты.
Атап айтсақ, шетелдік қонақтар назарына оқу орнының ғалымдары жүзеге асырып жатқан бірқатар жоба ұсынылды. Оның ішінде титан металын мұнай-газ саласында қолдануға, қорғасын және мырыш өңдеу технологиясын жаңғыртуға, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасауға, «Гидрополимет» қондырғысының көмегімен ауаға тарайтын өндіріс қалдықтарының мөлшерін азайтуға бағытталған бірегей жобалар да бар. Қытайлық делегация университет мамандарының өнімдері қойылған көрмені тамашалап, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Ал жоғары оқу орнының ректоры Жасұлан Шаймарданов мәртебелі меймандарға кей жобалар бүгінде өндіріске енгізіліп те қойғанын хабарлады. Оның сөзінше, аталмыш жобалардың көбі «Казцинк», «ҮМЗ», «ТМК» сияқты облысымыздағы алпауыт кәсіпорындардың мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Демек, шығарылатын өнімнің сапасына қатысты еш сын айтуға болмайды.
Қытайлық қонақтармен бірге ШҚМТУ-ға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев та барды. Бұл күні шетелдік делегация Үлбі металлургиялық зауытында да болды.
Нұржан Кенжеұлы