Бірлескен жобаларды қолға алуға әзірміз

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаровпен кездесті. Екі жақты кездесу барысында өзара әріптестік мәселелері талқыланды.
Ең алдымен, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ мәртебелі мейманға Шығыс Қазақстан облысы жайында қысқаша баяндап берді. Қазақстанның Шығысы өндірісі өркен жайып, дамыған аймақ екенін, мұнда атом, металлургия, машина жасау салалары жақсы жолға қойылғанын, тіпті, газ бен мұнай қоры да бар екенін айтты. Сонымен қатар, мұнда ауыл шаруашылығы, оның ішінде сүт өндірісі де өркендеп келе жатқанын айтқан облыс әкімі өзбек кәсіпкерлерімен де «Жол картасы» аясында ортақ, бірлескен жобаларды қолға алуға әзір екендігін жеткізді. Әсіресе, шығысқазақстандық тарапты машина жасау саласы, ауыл шаруашылығы үшін тракторлар мен шағын автобустар шығару ісі қызықтырады. Істі бастауға облыстың әлеуеті де жетеді. Семей қаласындағы «СемАЗ» автоқұрастыру зауытының бұл салада тәжірибесі де мол.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Икром Назаров облыс әкіміне жылы жүзді кездесуі үшін үлкен алғысын білдірді. Үстіміздегі жылдың 23-ші сәуірінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев Астанаға мемлекеттік сапармен келгенін, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Әсіресе, соңғы кездері екі елдің аймақтары арасындағы рухани-мәдени, сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Бірлескен жобалар аясында өзбек кәсіпкерлері өңірге жеміс-жидек пен көкөністерді жеткізу орталығын ұйымдастыруға болатынын да құлаққағыс етті. Егер ойға алған іс жүзеге асатын болса, өңірде жеміс-жидек пен көкөніс бағасы айтарлықтай арзандамақ. Сөз арасында еліміздің Шығыс өңіріне алғаш келіп отырған елші Өскеменнің өзіне ерекше ұнағанын жасырмады.
– Жасыл желекке бөленген ерекше қала екен. Адамдары да сондай жылы шырайлы, – деді елші.
Кездесу соңында елші облыс әкімін ЭКСПО-дағы Өзбекстан павильонын тамашалауға шақырды.
Мейрамтай Иманғали