Қоғам

БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ЫҚЫЛАС ТАНЫТТЫ

БІРЛЕСЕ ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ЫҚЫЛАС ТАНЫТТЫ

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Франция елшісінің мәдениет және әріптестік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Гийом Касперскиді қабылдады. Кездесу барысында Франция Республикасы мен біздің өңірдің арасындағы өзара ынтымақтастық бағытындағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Олардың қатарында біздің елге Франция елінің өкілдері үшін визалық режимнің алынуы, «Астана – Париж» тікелей әуе рейсінің ашылуы сынды маңызды мәселелер болды. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, біздің аймақ француздық серіктестерімен кәсіптік білім берудің дуальді жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге ықылас танытуда.
– Қазіргі уақытта облысымызда 80 колледж жұмыс істеп тұрса, оларда 20 мың студент білім алуда. Аталмыш оқу орындарымен өңірдің кәсіпорындары арасында жүзден астам келісімдерге қол қойылған және бүгінгі күнде нақты нәтижелерін беруде. Атап өтерлігі, біздің облыс еліміз бойынша дуальді оқытуда алдыңғы орында келеді, – деді Жақсылық Омар.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары француздық мамандардың көмегімен облыста кәсіптік және техникалық білім беруді дамытудағы бірқатар мәселелерді бірлесіп шешуге болатындығына сенім білдірді.
Өз кезегінде Франция елшісінің кеңесшісі Гийом Касперски екіжақты әріптестікті нәтижелі дамытуға кәсіптік-техникалық кадрларды дайындау, ғылым мен туризмді дамыту саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері ортақ болатындығын атады.
– Францияның ядролық ғылым саласының мамандары Курчатов қаласы арқылы Шығыс Қазақстан облысымен жақсы таныс. Сондықтан ғылыми инфрақұрылым бағытындағы әріптестігіміздің жалғасын табатындығына күмәнім жоқ, – деді Гийом Касперски.
Елші кеңесшісінің айтуынша, француздар туристік қызмет көрсету деңгейіне әуел бастан жіті көңіл бөліп келеді, соған орай сала мамандарын дайындауда қалыптасқан тәжірибелерін Шығыс Қазақстан облысымен бөлісуге әрқашан әзір.
Бұдан бөлек, мәртебелі мейман әңгіме арасында өзінің А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың базасындағы тілдер орталығында болғанында шығысқазақстандықтардың француз мәдениетіне деген қызығушылықтарын байқап қалғандығын да айтып өтті.
– Егер француз тілі сіздердің аймақтарыңызда оқытылатын болса, бұл өз кезегінде осында франциялық туристер легін тартуға, сондай-ақ, шетелдік инвестициялар салуға тамаша мүмкіндік болар еді. Біз бұл бағытта бірлесе әрекет етуге әрқашан дайынбыз, – деді Гийом Касперски.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл кездесу өңірмен танысу мақсатындағы алғашқы босқосу болса да, алдағы уақытта Шығыс Қазақстанмен әріптестікті дамытуда нәтижелі қадамдарға жол ашатындығын жеткізді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button