Қоғам

Бірлесе атқарған іс нәтиже береді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жемқорлықпен күрес комиссиясының мәжілісі өтті.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу қызметінің тиімділігін арттыру шаралары хақында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жақыпов баяндады. Аймақ басшысы жеткіншектер арасындағы қылмысты азайту шараларының нәтиже бермей отырғанын, бұл ретте ата-ананың жауапкершілігін арттырудың нақты тетіктері табылмай жатқанын, балалар суицидінің азаймай отыруын сынға ала келе, департамент бастығы жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін нақты шараларды атауын талап етті.

Рашид Жақыповтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алудың тұтас бір жылға арналған бағдарламасы әзірленіп, сегіз ай бойы соның аясында бірқатар шаралар өткізілген. Мәселен, жыл басынан бері білім беру мекемелерімен, ерікті топтармен, ата-аналармен бірлескен 800 рейд жүргізіліп, 300 құқықбұзушылық анықталған. «Туризм нашаға қарсы», «Құқық және спорт», «Мектепке жол» сияқты акциялар біртіндеп нәтижесін бере бастаған. Жасөспірімдердің қолымен жасалған жүгенсіздіктер саны бойынша қалалар арасында Семей мен Өскемен көш бастаса, аудандар арасында Үржар, Катонқарағай, Зырян, Күршім аудандары алға шыққан. Ал жеткіншектер арасындағы суицид жағдайлары 40-қа жеткен. Оның көбі Семей мен Риддер қалаларына тиесілі. Бұл нәтижені жақсарта түсу үшін ЮНИСЕФ ұйымының арнайы бағдарламасы аясында денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен бірлескен шаралар атқарылуда.

Мектептегі ахуалды құқық қорғау орындарының бақылауында ұстау үшін қазіргі 179 мектеп инспекторларының қатарына тағы 63 маман қосу қажет. Бұл мәселе жыл аяғына дейін шешімін табуы тиіс. Білім беру мекемелерінің жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда атқаруы тиіс жаңа міндеттері де айқындалды. Білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, мектептерде тіркелген құқықбұзушылықтарды мекеме басшыларының жылы жауып қоюы, білім ошақтарындағы психологиялық қызметтің жүйесіздігі, тәуекел тобына кіретін балалардың назардан тыс қала беруі бүгінгі жағдайға әкеп отыр.

– Сегіз ай ішінде мендегі мәлімет бойынша 378 қылмыс жасалған. жеті мың бала полиция бөлімшесінің табалдырығын аттаған. Бұл алаңдарлық жайт. Тіркелген 40 суицидтің 11-і қайғылы аяқталыпты. Осы жерде «Мектеп директорлары мен ата-аналар қайда қарады?» деген сұрақ туады. Бәрі айналып келгенде тиісті органдардың үйлесе жұмыс істемеуінен болып отыр. Спорттық және мәдени нысандарды жасөспірімдердің көңілін аулап, уақытын бөлетін орынға айналдырудың маңызы зор. Ерікті жасақтардың жұмысы қағаз жүзінде қалмауы керек. Көшедегі тәртіпті бақылау үшін барлық қала әкімдері «Сарбаз» жасақтарын атпен қамтамасыз етуі тиіс. Жалпы, бұл сала қызметкерлерінің 80 пайызы көлікпен қамтамасыз етілген. Ал оларды баспанамен қамту – жергілікті биліктің міндеті. Жасөспірімдер арасында нашақорлық пен маскүнемдіктің белең алуына қарсы тұру – ең басты шаруа. Ондай істердің түбінде кім тұрғанын анықтамайынша, біржола құтылам деу бекер, – деді облыс башысы.

Өңір басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша да көп сын айтты. Жол апаттарының азаймауы, бөлінген қаржыдан, қойылған белгіден, жыл сайын өткізілетін техникалық байқаулардан қажетті нәтиже шықпағанына қынжылыс білдірген ол сала басшысынан психоневрологиялық және наркологиялық есептегі адамдарға жүргізуші куәлігінің беріліп кеткені жөніндегі ақпарат туралы түсініктеме талап етті. Облыс жолдарының апаттық жағдайы мен қауіпсіздік шаралары туралы мәлімет берген облыстық жол полициясы басқармасының бастығы Петр Никифоров ондай жағдайдың болғанын растап, себебін түсіндіріп те көрді. Жалпы, облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының саны азайғанымен, облыс орталығында бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Апаттар саны бойынша Бесқарағай мен Жарма аудандары алдына жан салар емес. Басты себеп республикалық маңыздағы жолдардың шоғырлануы болса керек. Олай болатыны, тіркелген апаттың 90 пайыздан астамын басқа өңірден келген жүргіншілер жасайтын көрінеді. Ал арнайы есептегі адамдарға жүргізуші куәлігін берген мектептер бұдан былай қатаң жазаға тартылмақ. Облыс басшысы құлқынды көздеп, құқық бұзған автомектептерді қажет болса, лицензиясынан айыру керектігін ескертті. Қала сыртындағы жолдарда сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етілгенімен, олардың 80 пайызы бұл талапқа сай емес екендігін айтады Петр Никифоров. Аймақ басшысы аталған олқылықтар қайталанбас үшін әрбір жол-көлік оқиғасынан кейін ереже бұзушының куәлікті қайдан алғанын тексеріп, себебін анықтайтын сараптамалық жұмыстар жетіспейтінін мәлімдеді. Бірінші қарашадан бастап патрульдік полиция мен жол полциясының біріктірілетінін ескерген облыс басшысы жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаса, жағдай бүгінгіден де нашарлап кету мүмкін деген қауіп білдірді. Рашид Жақыпов кез келген орында бір патрульді полиция, бір жол полициясы тұратынын айтып, жағдай бақылаудан шықпайтынына сендірді. Департамент басшысы мүлік пен мал ұрлығының жолын кесу бойынша атқарылған шаралар жөнінде есеп берді. Ұрлық саны бойынша облыстар арасында 11 орынды иеленіп тұрғанымызды тілге тиек еткен Рашид Жақыпов әр ұрлықтың төртіншісі пәтер тонаушылардан келетінін мәлімдеді. Мал ұрлығы Абай, Катонқарағай, Жарма аудандарында азайса, Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті аудандары мен Семей қаласының маңында толастар емес. Көлікті айдап әкету ұрлығы да сап тыйылар түрі жоқ. Сегіз ай ішінде 314 оқиға тіркелген. Олардың тек 13-і әлі табылмаған. Рашид Жақыпов көлік пен пәтер тонаушылардың тайраңдауына бейнебақылау жүйесінің жеткіліксіздігі себеп болып отырғанын жеткізді.

– Бейнебақылау орнату – заман талабы. Алайда бар шаруаны соған ысырып, құқыққорғаушылар сақтықты бәсеңсітпеуі керек. Жаңағы бейнебақылау, дабыл қаққыш құрылғыларын орнату мәселесіне құрылыс басқармасы да мән бергені жөн. Әсіресе, мемлекет тапсырысымен салынатын нысандарда аталмыш құрылғылардың болуын талап ету арқылы да біраз шаруаны шешуге болады. Ал мал ұрлығын тыюда ерікті сарбаздар мен ақсақалдар кеңесін тиімді пайдалану керек. Елді мекендерде мал кезегін ұйымдастыру – жергілікті әкімдердің міндеті. Бұл ауыл әкімдерінің басты жұмысына айналу керек. Олай болмайынша өрістен мал жоғалу оқиғалары азаймайтыны анық, – деген өңір басшысы барлық істе құқық қорғаушылар тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе әрекет ету керектігін шегелеп тапсырды. Отырыста мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қызметі де талқыланды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button