Қоғам

Британдық компаниялар жабылып жатыр

Британдық компаниялар жабылып жатыр

Британдық компаниялар жабылып жатыр

Әлемдік нарықтағы қара алтын бағасының құлдырауы британдық бірқатар ірі кәсіпорындардың басына қара бұлт үйірді. Шығындар көбейіп, табыс азайды. Соның салдарынан компаниялар жұмысын тоқтатуда.
Ұлыбританияда экологиялық таза өндіріске жататын пластик заттарды қайта өңдеп, мұнай өндіру саласы тығырыққа тірелді. Соңғы айларда осындай бірнеше зауыт жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Бұл кәсіпорындар қоқыстағы пластмасса заттар мен пластикалық ыдыстарды өңдеу арқылы мұнайға айналдырады. Бірақ бұл өндіріс қазір экологиялық жағынан тиімді болғанымен, экономикалық тұрғыда өзін ақтамайтын жағдайға жеткен.
– Бұл өндіріске әлемдегі мұнай бағасының әсері өте орасан. Қара алтын құны 110 доллардан 50 долларға түскен кездің өзінде пластик заттарды қайта өңдеу саласы шығынға ұшырай бастаған болатын. Қазіргі жағдай одан да қиын. – дейді кәсіпкер Джеймс Самуорт.
Сондай-ақ, «British Petroleum» мұнай-газ компаниясы соңғы 20 жылда болмаған шығынға батты. Алпауыт кәсіпорын 2,5 миллиард долларды үнемдеу үшін 2017 жылдың соңына дейін 7 мың жұмыс орнын қысқартпақ.

Тұмаудан көз жұмғандар көп

Эпидемиялық маусым басталғалы бері Украинада тұмаудан 185 адам көз жұмған. Оның ішінде 17 жасқа толмаған төрт бала бар.
«Тұмаудың А вирусынан – 22, В вирусынан – 2 және H1N1 (доңыз тұмауы) вирусынан 161 адам қайтыс болды», – деп жазылған аталған мемлекеттік Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Ресми дерекке сүйенсек, Украинаның 19 облысының 11-інде тұмаумен ауырғандар көрсеткіші эпидемиялық шектен 50 пайызға асып кеткен. Жұқпалы аурумен науқастанғандардың дені ересектер мен 17 жасқа дейінгі балалар. Дәрігерлердің болжамынша, ақпанның соңы мен наурыздың басында украиналықтарды эпидемияның екінші толқыны күтіп тұр.

Еуропаны топан су басуы мүмкін

Егер жер бетіндегі адамзат жақын келешекте тиісті шараларды қолға алмаса, жаһандық жылу салдарынан 30-40 жылдан соң Еуропаның біраз бөлігін топан су басуы ықтимал. Мұндай болжамды Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Еуропалық агенттік жасады.
Аталған агенттік алғаш рет кәрі құрлықтың су ресурстарына ауқымды мониторинг жүргізіп, соған сәйкес өз болжамын жасады. Ауа райын зерттеушілердің айтуынша, 2050 жылы су тасқынынан келетін шығындардың мөлшері бес есеге, ал 2080 жылға қарай 17 есеге дейін ұлғаймақ.
Су басу қаупі жоғары аймақтарға Рейне мен Дунай сияқты ірі өзендердің жазықтарында орналасқан елді мекендер жатқызылған. Статистикалық деректерге сүйенсек, кейінгі бір ғасырда Еуропада өзендердің деңгейінен төмен орналасқан елді мекендерді судың тасуынан қорғайтын алқаптардың 90 пайызы жойылып кеткен.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button