«Бриссфильтрді» брендке айналдырып отыр
Өскеменде көлікке арналған сүзгінің түр-түрін шығаратын «Бриссоль» ЖШС жұмыс істейді. 40 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді.
Бүгінде отандық көлік өндірісінде «Бриссфильтр» бренді кеңінен танымал. Бренд деп отырғанымыз, 10 жылға жуық уақытта зауыттың өнімдері өзінің сапасымен ел сенімінен шығып отыр. 2015 жылы бұл кәсіпорынның өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» деген атаққа ие болды. «Бриссоль» ЖШС директоры Сергей Боков әуел баста мұның бәрі май сатудан басталғанын айтады.
– Бірінші көлік майларымен айналыстық. Май іздеп келген халық онымен бірге сүзгілер сұрайтын. Оның да сұранысқа ие екенін білген соң біртіндеп сүзгілер сата бастадық. Кейін тек сырттан әкеліп сатқанша өзіміз өндіру керек деген ой келді. Сөйтіп, 2008 жылы алғаш өнімімізді шығара бастадық, – дейді ол.
Тыңнан түрен салудың машақаты қай кезде де көп қой. С.Боков та алғашында талай кедергілерден өткенін айтады.
– Өндірісті қолға алмас бұрын Ресей мен Қытайдағы зауыттарды аралап, жұмысымен таныстым. Станок болса, аса бір қиындығы жоқ дүниедей көрінді. Айналымда қомақты ақша болмаған соң, шикізаттың арзанына жүгірген кездеріміз де болды. Қытайдан әкелген қағаздарымыз шұрық-тесік болып, шығарған өнім жарамсыз жағдайға түсті. Бастамай жатып сапасыз өнім ұсынсақ, жолымызды өзіміз жабар едік. «Арзанның жілігі татымайтынын» түсініп, екінші рет қымбат болса да, сапалы қағазға тапсырыс бердік, – деп еске алады Сергей.
Алғашқы 3-4 жыл «Бриссоль» зауыты үшін өзін-өзі асыраумен өткен екен. Табыстың лебі тек соңғы жылдары ғана сезіле бастаса керек. Бүгінде «Бриссфильтр» сауда белгісімен 300 түрлі сүзгі бұйымдары Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Монғолия елдеріне таралуда.
Биыл зауытқа панельді сүзгілер шығаруға арналған кореялық білдек орнатылды. Аталмыш қондырғы тәулігіне 4000 сүзгі шығара алады. Алайда, әзірге оған қажеттілік жоқ. Сұраныс мөлшері тәулігіне 1500 данадан аспайды. Жаңа қондырғының келуі зауыттың тынысына жаңа леп әкелмек. Биыл зауыт басшылығы ұсынатын тауар түрін 350-ден асырып, жұмысшылар санын 70-ке дейін көбейтуді жоспарлап отыр.
Көлік «ағзасын» шаң мен топырақтан, сапасыз жанармай мен күмәнді майдан қорғайтын осынау маңызды бөлшектердің қалай жасалатынын бізге серіктестіктің сауда бөлімін басқаратын Владимир Филатов түсіндірді. Өндіріске қажет шикізаттың негізгі бөлігі Қытайдан әкелінеді. Өйткені, ондай қағаздар ел аумағында өндірілмейді. Сүзгінің көлеміне қарай қатырма қағаздар түрлі пішінде кесіліп, дайын күйінде жеткізіледі. Ол арнайы білдекте әуелі буға шыланады. Буға жұмсарған қағазды келесі білдек қатпарлап бүктейді. Сүзгінің түріне қарай қағаз сорғының қатпар саны да әр түрлі болады.
Қатпарланған қағаз қажет пішінге салынып, арасынан ауа өтпестей етіп желімделеді. Оның іші-сыртынан темір тордан дәнекерленген құрсаулар салынып, екі шетінен темір немесе пластик қақпақтар кигізіледі. Бұл өндірісте дәлдік үлкен маңызға ие. Өлшемнен бір ғана ақау шықса, біржолғы тауар түгел жарамсыз деп танылады.
«Бриссольдің» сүзгілерін «Қазцинк», «Қазфосфат», «Байқоңырэнерго», «Соколов Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қостанай минералдары», «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «СемАЗ» сынды ірі компаниялар тұрақты тұтынып келеді. Ел аумағындағы алып «БелАЗ»-дар, жапондық «Komatsu» техникалары, грейдерлер мен «John Deere» комбайндары да «Бриссфильтр» сүзгілерімен «тыныстап» жүр.
Соңғы жылдары «Бриссоль» ЖШС жеңіл автокөліктердің сүзгілерін де өндіре бастады. Әсіресе, «БипэкАвто-Азия Авто» компаниялар тобы ұсынатын көліктердің барлығы «Бриссфильтр» сүзгілерімен жбдықталған. Жаңа білдек орнатылғалы «Mersedes», «BMV», «Toyota», «Volkswagen», «Nissan» маркалы көліктердің сүзгілерін шығаруға мүмкіндік туып отыр.
– Жеңіл автокөліктерге арнап шығаратын сүзгілердің 80 пайызын ресейліктер әкетіп жатыр. Қазірдің өзінде көрші елдің аумағындағы 100 мыңға тарта көлік біз шығарған сүзгілермен жабдықталған. Рубльдің құны өскелі бері біздің табысымыз еселеніп келеді. Өйткені, өздерінің отандық сүзгілері біздікінен қымбат. Ал көбінің сапасы төмен, – дейді Владимир Филатов.
Жуықта кәсіпорын қосымша өндіріс орнын ашты. Жаңа кешеннің құрылысына қатысқан Олжас Олжабаев өзінің еңбекқорлығымен көзге түсіп, ақырында зауытқа қалып кесуші ретінде жұмысқа қабылданыпты.
– Ұжымның берекесі мықты. Маған барлығын әріптестерім үйретті. Қашан да көмек қолын созуға дайын. Төрт айдың ішінде көп дүние үйрендім. Ең бастысы, жұмыс орнымыз жылы. Негізі автомеханик мамандығын бітіргенмін. Дайын жұмыс болмаған соң, құрылыста жүргенмін. Қазіргі жұмысым дипломыма сай, – дейді Олжас.
В.Филатов компанияның жұмыс тәсілімен танысып, тәжірибе алмасу үшін Қытай мен Ресейден әріптестері жиі келетінін айтады. Өз кезегінде бұлар да көрші елдерде жиі болып, жаңашылдықтарды қалт жібермей қадағалап отырады. Бір қызығы, «Бриссоль» баға саясатында нарық талаптарын ескере бермейді екен.
– Біз бағаны шығарған бұйымдардың өзіндік құнына қарап тағайындаймыз. Нарықтың құбылуына қарай өз бағамызды шарықтату деген жоқ. Өйткені, біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан нарығын түгелдей игеру. Ол үшін әлі де болса компанияның абыройын өсіріп, брендке жұмыс істеу қажет. Ал қысқа мерзімдік табысты ойласақ, ғұмыры тым қысқа болған бәсекелестеріміздің аяғын құшуымыз мүмкін, – дейді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы