Қоғам

Бірегей зертхана Қытай нарығына жол ашпақ

Бірегей зертхана Қытай нарығына жол ашпақ


Облыста ауылшаруашылық өнімдерін Қытай Халық Республикасының стандарты бойынша сертификаттайтын еліміздегі тұңғыш зертхананың іске қосылатын күні де алыс емес. Облыс басшысы Даниал Ахметов зертхана орналасатын ғимаратқа ат басын бұрып, мұнда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысының айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде етті Қытай елінің стандарттары бойынша сертификаттау – сол елдің нарығына шығаратын төте жол. Аталмыш зертхананың мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін өңірдің әлеуеті мен ресурсы жеткілікті.

– Біз үшін көршілес Қытай елінің нарығы маңызды. Оның бізге жақын провинциялары облыстың ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға ниетті. Қаңтар айында сол елдің делегаттары облысқа арнайы келіп, өңірде қытайлық стандарт бойынша сертификаттайтын зертхана ашу жөніндегі келіссөздер жүргізілген болатын. Оған арналған бір миллиардтан астам теңгенің құрылғыларын өздері сыйға тартып отыр. Зертхана ғимаратында құрылыс жұмыстарының көп ұзамай басталғандығы қуантады, -деп атап өтті облыс әкімі.

Еліміздегі бірегей зертхананы құру үшін бірқатар шаралар атқарылған болатын. Оған арналған ғимарат таңдалып, жобалық-сметалық құжаттары бекітілді. Бүгін, міне, сол ғимаратта қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Жұмыс он шақты күн бұрын басталғандығына қарамастан, зертхананың өндірістік алаңдары мен зерттеу жұмыстарына арналған бөлмелері дайын. Күзге дейін ғимарат құрылғыларды қабылдауға әзір болады деп күтілуде.

Орталық жылу жүйесіне қосылады

Өскемендегі Аблакетка кентінің Челюскин көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары баспаналарын жылыту үшін 1957 жылдан бері пеш жағып келген. Осы мәселені шешу үшін тұрғындардың қақпаған есігі жоқ. Амалы құрыған олар жуықта облыс басшысының атына хат жолдаған. Даниал Ахметовтің тікелей араласуымен бұл мәселе оң шешімін тауып, биыл тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан құтылатын болды. Бүгінгі күні алты тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жөніндегі жұмыстар басталып та кетті. Аймақ басшысы жұмыс барысымен танысып, сол үйлердің тұрғындармен кездесті.

– Қыс маусымы бұл үйдің тұрғындары үшін азаппен өтуші еді. Үйді жылытуға кемінде 4-5 тонна көмір қажет. Оның үстіне, өрт шығу қаупі де өте жоғары бұл үйлерде. Осы орайда облыс басшысына айтар алғысымыз шексіз. Бұл мәселе осыншалықты жылдам шешіледі деп күтпеп едік,-дейді Челюскин көшесіндегі 27 үйдің тұрғыны Нина Щука.

Сол жерде тұрғындармен тілдескен аймақ басшысы оларды толғандырып жүрген сауалдарға да жауап берді. Сондай-ақ бірінші қыркүйекке дейін әр үйге дейін жылу жүйелерінің тартылатындығына сендірді.

Үйлерді орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосу жұмыстары шамамен 22 миллион теңгеге бағаланып отыр. Бүгінде «Өскемен жылу жүйелері» АҚ жұмысты өз қаражатына жүргізуде. Жылу жүйелерін тарту жұмыстары толықтай аяқталған соң, жұмсалған сома бюджет есебінен қайтарылмақ.

Аулалары жайлы болмақ

Алдағы бес жылда облыс орталығының барлық аулалары абаттандырылатын болады. Бұл жөнінде облыс әкімі абаттандырыла бастаған аулалардың жай-күйімен танысу барысында мәлім етті. Абаттандыру картасына енген аумақта үйлер арасындағы көлік жолдары 6 метрге дейін кеңейтіліп, балаларға арналған ойын алаңқайы, ересектердің демалуына, спортпен шұғылдануына арналған жайлы орындар салынатын болады. Биыл облыс орталығының 12 ауласын абаттандыруға 900 миллион теңге бөлінген.

Карбышев, Тимирязев көшелеріндегі аулалардағы жұмыс қызу. Ауыр техника көлік тұрағын кеңейтуге кірісіп кеткен. Сондай-ақ балалар алаңына арналған аумақты дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда атқарылып жатқан шаруаларға аймақ басшысы оң бағасын беріп, бірінші қыркүйекте тұрғындар жаңа, заман талабына сай аулада демалатын болсын деген тапсырма берді.

– Егер қаржы уақтылы және дұрыс игерілсе, келесі жылы бұдан да көп сома бөлінетін болады. Сондай-ақ аулаларды абаттандырумен қатар, жасыл желекке бөлеуді де ұмытпауымыз керек. Әсіресе жаңадан салынған үйлердің маңайына тал егу мен көгалдандыруды басты назарда ұстауымыз қажет,-деп атап өтті аймақ басшысы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button