Қоғам

Бірде-бір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды

Бірде-бір өтініш пен ұсыныс назардан тыс қалмайды

Аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВ партияның Семей қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға жазылған 105 адамның 82-сі келсе, олардың 58-і облыс әкіміне мұң-мұқтаждарын айтып, өтініш-тілектерін білдірді.
Сондай-ақ, қабылдауға қатысқан облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары да азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың дені пәтер алу мәселесіне қатысты болды. Әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласына байланысты мәселелер көтерілді. Алғашқылардың бірі болып, Ұлы Отан соғысының ардагері Ахметкәрім Ахмадиев қабылдауға келді. Ақсақал Күршім, Самар аудандарында ұзақ жылдар осы колхоз басшысы, совхоз директоры қызметтерін атқарып, ел басқарған қадірменді қария. Семейге көшіп келемін деп тіпті де ойламаған, денсаулығына байланысты дәрігерлер осындағы өңірлік онкологиялық диспансерге есепке тұрып, тұрақты түрде қаралып, ем қабылдап тұруыңыз керек деген соң, 2014 жылдан бастап қалаға қоныс аударуға мәжбүр болған. Қазір ақсақал пәтер жалдап тұрып жатыр, дәрі-дәрмегіне де ақша керек. Ақсақалдың өтінішін тыңдаған облыс әкімі қала басшысы Айбек Кәрімовке және басқа да орындарға биылғы қыркүйектің 1-іне дейін үй беріңіздер деп тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы жыл соңына дейін Ұлы Отан соғысының бірде-бір ардагері баспанасыз қалмау керектігін қадап айтты.
Үй мәселесі бойынша облыс басшысына Абай атындағы облыстық кітапхананың қызметкері Шолпан Әйкебаева да шағымданды, оның айтуынша 1986 жылдан бері заңды түрде үй кезегіне тіркелген, бірақ жыл сайын үй алудың реті келмей, кезегі ысырыла берген. Отыз жылдан бері қарай баспана тосумен келеді. Сондай-ақ, баспана мәселесімен көпбалалы аналар Эльмира Наврузова, Анар Исаханова және тағы басқалары да өтініш жасады. Семейде соңғы кезде тұрғын үй құрылысы қарқын алып дамып келе жатқандықтан, облыс басшысы олардың проблемалары мүмкіндігінше шешілетіндігін айтты.
Сондай-ақ, Төлеуқадыр Байғотанов облысымыздағы сүт өңдеу саласына байланысты өзінің ойлап тапқан жаңашыл жұмыс әдісімен таныстырды. Ол қызыл ірімшік шығарумен айналысқысы келеді екен. Ірімшікті сүттен сығымдайтын қажетті құралды сатып алған. Енді оның тағы бір қосымша жабдығы керек болып тұр. Грант арқылы аламын ба деп үміттеніп, құжаттарын жинағанмен, өткізе алмаған. Сондықтан да қызыл ірімшік өнеркәсібін толық іске асыру үшін қаржылай көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімінің қабылдауына Еркебұлан Мұқашев та кірді. Ол тауарлы-сүт ферманы дамытуға орай қаржыландыруға көмек беруін сұрады. Еркебұлан Мұқашев Семей қаласында тұрғанымен, жеке бизнесін Абай ауданы, Қарауыл ауылында тұратын ата-анасымен бірге бастамақ. Қарауылдан сүт жинайтын пункт ашуды жоспарлап отыр. Облыс басшысы мұндай игі бастамалар, кәсіпкерлік саласы міндетті түрде дамып, қолдау табуы қажеттігін айтты. Осы мәселелермен арызданған азаматтарға көмек беру үшін облыстық ауылшаруашылық басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына тікелей тапсырма берді.
-Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы өркендеп келе жатыр, біздегі агроөнеркәсіптің болашағы зор, ол тек ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарыққа да қызмет ете алатындай болу керек,-деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. – Сондықтан да сүт жинау, сүт өнімдерін өңдеу мәселесі аса маңызды. Облысымыз еліміз бойынша сүт өндірісі саласында алда тұр. Сондай-ақ, облыс бюджетінің тең жартысы – шағын және орта бизнес саласының үлесінде. Олай болса, жергілікті жерде осынау маңызды іске үлес қосам деушілерге мүмкіндігінше жағдай жасап, олардың кәсібінің жүріп кетуіне ықпал ету керек. Біз үшін кәсіпкерліктің кез келген түрі дамығандығы, халық игілігіне айналғаны аса маңызды.
Мал шаруашылығын өркендетуге орай Құмарбек Байуақов та келіпті. Ол Бесқарағай ауданы, Долонь ауылдық округінде «Жас талап» шаруа қожалығын ашқан. 2014 жылы мал шаруашылығын өркендету үшін берілген тиісті субсидиясын ала алмаған. Соны алуға көмектесуін сұрады. Ал Төлеген Тұрсынов Семейде жеке шаруашылық ашып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқысы келетіндігін айтып, жеңіл үстеме ақысы бар несиенің берілуін сұрады. Бұл мәселелердің шешімін табуға болатындығын айтқан облыс басшысы Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовке тапсырма берді. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қабылдауында болған Рахат Алтай:
-Келер жылы алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл, одан арғы жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Осыған орай ұлы тұлғаларды ұлықтау мәселесі назарға алынса, – деді.
-Еліміз тәуелсіздік жылдары қарыштап дамып, әлемде лайықты орнын алды,-деді облыс әкімі. Осы уақыт ішінде елдің өмір сүру сапасы жақсарып, экономикамыз өрледі, тарихымызды да саралап отыру бүгінгі күннің еншісі деп ойлаймын. Сіздің бастамаңызды қолдаймын.
Жиырма мың тұрғыны бар Восточный кентінің тұрғыны Тамара Савельева елді мекендегі тасқын судан келген түйткілді әкімге жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселенің шешім табатынын айтып, тиісті ведомстволарға су құбырын тарту орнату үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, бюджеттен қаржы қарастыруды тапсырды.
Жалпы, жеті сағатқа созылған қоғамдық қабылдауда көтерілген барлық мәселелер назарға алынды. Соған орай, облыс әкімі құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді. Оның орындалуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болады. Сондай-ақ, облыстық басқарма департамент басшылары да тұрғындарды қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, жауап берді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button