Қоғам

Бірде-бір адам жұмыссыз қалмайды

Бірде-бір  адам жұмыссыз қалмайды
«Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Өскемендегі Защита локомотив жөндеу депосы филиалында еңбек жәрмеңкесі өтті.

Негізгі тапсырыс беруші «Локомотив» акционерлік қоғамы техникаларын жаңартуына байланысты Защитадағы жөндеу депосы өз жұмысын тоқтататын болды. Осыған орай облыс Әкімінің орынбасары Ерлан Текешов, «Қамқор» ЖШС жөндеу корпорациясының бас директоры Мұрат Әміров бастаған теміржол саласы құрылымдарының басшылары осы депоға келіп, жұмысшылармен кездесті. Олар жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларымен таныстырып, жұмысшыларды жұмысқа орналастыру жөніндегі өз ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде бірде-бір еңбек адамы жұмыссыз қалмайтын болады.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Еңбекті қорғау заңына сәйкес жұмысшыларды жұмыспен қамту жөнінде облыс әкімдігі мен «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, ауқымды іс-шараларды жүргізіп жатыр. Облыс әкімдігінің бастамасымен осы депода бос орындардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге жиырмадан астам кәсіпорындардың өкілдері келіп, өздеріне қажетті мамандықтар бойынша қызметкерлер мен жұмысшыларды қабылдап әңгімелесті. Жұмысшылар жұмысқа орналасқанша болғанша бұл жәрмеңке жалғастырылатын болады. Депо 14 қазанда өз жұмысын тоқтатады.

Ертең тағы 15-20 кәсіпорын мен мекеменің өкілдері келіп, еңбек жәрмеңкесін өткізеді. Құрамында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті мен облыс Әкімінің орынбасары бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл жұмыс тобы депо жұмысшыларының барлығы еңбек орындарын тапқанға дейін осы мәселемен айналысатын болады.

Жұмысшыларға жұмыс қаладағы кәсіпорындардан, теміржол мекемелерінен ұсынылуда. Өткен дүйсенбіде облыс Әкімінің орынбасары Е.Текешов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының вице-президенті Е.Қизатов, Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің өкілдері «Шығыс машина жасау зауыты» АҚ басшыларымен кездесіп, осы кәсіпорынға 100 адамды жұмысқа тарту жөнінде келісім жасады. Защита вагон жөндеу депосына он адам жұмысқа қабылданды. «Локомотив» АҚ басшысымен 11 адам кездесіп, әңгімелесіп, жұмысқа орналасу үшін медициналық тексеруден өтуге жолдама алды. Бүгінгі күнге дейін 16 адам «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының Өскемендегі құрылымдарынан және қаладағы басқа да кәсіпорындардан өз жұмыс орындарын тапты. Защита теміржол бөлімшесінің құрылымдарына 34 адам орналастырылатын болады.

– Осы депода еңбекке жарамды 162 адам қысқартуға түсіп отыр. Солардың арасында 22 адам әлеуметтік мемлекеттік қорғау бағытындағы тізімге енгізілген. Олардың 12-сі – зейнеткерлік жасқа таяп қалған 25 жыл еңбек өтілі бар адамдар мен жалғызбасты аналар болып отыр. Үш адам зейнеткерлік жасқа жеткен. 50 жастан асқан 69 адам болса, солардың 15-і – әйелдер. Осы адамдарға да арнайы жұмыстар қарастырылып жатыр. Ешкім жұмыссыз қалмайды, бәрін орналастырамыз. Жағдайды түсініп, бізге көп көмек көрсетіп жатқан облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз, – дейді «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ахметбек Балымов.

– Осы депода 32 жыл жұмыс істедім. Зейнеткерлік жасқа жетуіме үш жыл бес ай қалды. Наубайханадан орын тауып беріп отыр. Енді қандай жұмыс болса да істеймін, – дейді Нәбира Қожағұлова.

– Дайындау цехында он жыл еңбек еттім. Өскемен титан-магний комбинатының өкілімен сөйлестім. Слесарьлық орын табылса, сонда істесем деген ойым бар, – дейді Асан Елеукенов.

Облыс Әкімінің орынбасары Ерлан Текешовтың төрағалығымен өткен мәжілісте де депо жұмысшыларын жұмысқа орналастыру мәселелері кеңінен талқыланған болатын. Қазіргі кезде облыс әкімдігі жұмыссыз қалған теміржолшыларды басқа да құрылымдарға орналастырудың мүмкіндіктерін қарастыруда.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button