СпортТОП

Бразилияның қайта өрлегенін көреміз бе?

Нұржан Кенжеұлы

Биылғы Әлем біріншілігінде ойыны жүріп тұрған қай команда деп сұраса, сөзсіз, Бразилия құрамасын көрсетуге болады. Бұл күндері түн ұйқысын төрт бөліп, теледидарға телмірген футболсүйер қауымның да дені бұл пікірімізбен келісуі тиіс. Соңғы бірнеше Әлем біріншілігінде сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған «пентакампеондар» қазір кезекті «алтын дәуірін» өткеріп жатқандай.

Рас, бразилиялықтардың бүгінгі құрамына қарасаң, көзің тояды. Сапында Неймар, Каземиро, Алиссон, Маркиньос, Тиаго Силва, Винисиус Жуниор, Рафинья, Родриго, Фабиньо, Габриэл Жезус, Ришарлисон сияқты жас та, жасамыс аяқдопшылары бар Бразилия құрамасы кез келген қарсыласын састырары хақ. Дегенмен, аталған латынамерикалық мемлекеттің футболына шын мәнінде жан бітіріп, ел құрамасын өрге сүйреген 20-шы ғасырдың 50-ші және 2000-шы жылдар аралығында доп тепкен ойыншылары болды. Әсіресе көп жыл бойы ортаңқол команда саналып келген Бразилияның бүгінде бүкіл дүниежүзі мойындайтын Бразилия атануына екі буынның қосқан үлесі ерекше зор еді.

Жалпы, қазіргі уақытта футбол әлеміне «Селесао» деген атпен жақсы таныс Бразилия құрамасының бірінші өрлеу кезеңі деп 1950 жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басын санаған дұрыс. Дәл сол уақытта құрамында кейін «Футбол королі» атанған Пеле, атақты Гарринча, Загало мен Вава сияқты бірінен бірі өткен шеберлері, футболды өнер дәрежесіне дейін көтерген суреткерлері бар Бразилия құрамасы өздері қатысқан төрт Әлем біріншілігінің үшеуінде топ жарып, тарихтан ойып тұрып орын алды. Бұл ретте, 1958 жылы Швецияда өткен Мундиальда дебют жасаған Пеле есімді жалпақ жұртқа беймәлім 17 жастағы аяқдопшының артынша командасымен бірге тұңғыш рет Әлем чемпионы атанып, кейін бұл ерлікті тағы екі мәрте (1962 жылы Чилиде және 1970 жылы Мексикада өткен чемпионаттарда) қайталағанына еріксіз таңдай қағатының рас. Сөйтіп, Пеленің есімі үш дүркін Әлем чемпионы атанған алғашқы әрі жалғыз футболшы ретінде тарихта қалады. Бұл рекордтың мұрты күні бүгінге дейін бұзылмай тұр.

Бұдан соң біраз уақытқа төрдегі орнын өзге мықтыларға берген Бразилияның қайта өрлеу дәуірі 1990 жылдардың басында басталды. Шамамен 10 жылға созылған сол бір кезеңде Ромарио, Бебето, Роналдиньо, Кафу, Дунга, Роберто Карлос, Ривалдо, Денилсон сынды аяқдопшылардан жасақталған ел құрамасы халықаралық аренада толағай табыстарға жетіп, Бразилияның жұлдызын жарқыратып, абыройын қайта асқақтатты. Футболдың феномені атанған Роналдо да дәл осы жылдары доп тепкен болатын. Құрамында осындай сайдың тасындай іріктелген ойыншылары бар Бразилия құрамасы қатарынан үш Әлем біріншілігінің финалында өнер көрсеткен. Оның бірінде қарсыласына (1998 жылы Францияға) жол берсе, қалған екеуінде, яғни 1994 пен 2002 жылдары чемпион атанған.

Дәл сол 2002 жылғы жеңісінен кейін Бразилия құрамасы «Пентакампеондар» деген бейресми атаққа ие болды. Біздің тілге аударса, бұл бес дүркін чемпиондар деген мағына береді. Осы орайда, команданың тағы екі лақап аты бар екенін айта кеткен абзал. Оның бірі – «A Seleção», яғни «таңдаулылар» немесе «үздіктердің үздігі». Сонымен қатар, Бразилия құрамасын «сары жейделілер» деп те атайды.

Сөйткен, Бразилиямыз биыл алтыншы Әлем кубогын алуға оқталып отыр. Оны әрине, уақыт көрсетеді. Дегенмен, доп додасына дәл бүгінгідей құраммен келіп тұрып, жүлдесіз қайту бразилиялық команда үшін кешірілмес күнә болары хақ.

Сіздің болжам 

Құрметті футболсүйер қауым! Әне-міне дегенше, төрткүл дүние көз тіккен доп додасы да бел ортасына жетіп қалды. Чемпионат күні кеше ғана жалауын желбіретсе де, бүгінде футбол мамандары кімнің жеңіске жететінін, қай ойында қандай нәтиже тіркелетінін жарыса жазып жатыр. Осы ретте, біз DIDAR газетінің оқырмандары арасында да осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. «Сіздің болжам» деп аталатын бұл сайысқа қатысушылар біз ұсынған Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті

 Бұл жолы жанкүйер қауымнан чемпионаттың 1/8 финалы аясында өтетін кездесулерге қатысты болжамдарын күтеміз.

Осы айдарда

Back to top button