Браконьерлерді дрон тауып берді

Қызыл кітапқа енген таймень балығы Қазақстанда өте сирек кездеседі, көлемдеп айтсақ бар-жоғы екі тоннадай ғана қалыпты. Ертіс өзені мен оның сағаларын, суы суық тау өзендерін мекендейтін таймень балығын аулауға тыйым салынғанымен, біздің өңірде бұл балықты заңсыз аулап жүргендер жиі қолға түседі. Қолға түскенімен сол браконьерлерді жазадан құтылтып жіберіп жатқан жағдайлар да жиі орын алуда.
ЖАЗАДАН ОҢАЙ ҚҰТЫЛЫП КЕТІП ЖАТЫР
Катонқарағай ауданындағы тау өзенінен Қызыл кітапқа енген таймень балығын аулаған браконьердің жауапкершіліктен құтылып кетуіне тәуелсіз сарапшылардың сараптамасы негіз болған екен. Инспекторлардың таймень екеніне көздері жетіп, тәркілеген балықтарына жекеменшік тәуелсіз сарапшы «балық таймень емес ускуч» деген анықтама беріп, көптің көзін бақырайтып қойып, браконьердің пайдасына осындай қорытынды шығарған екен.
Облыстағы орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды инспекторлары бүгінгі заңдардың браконьерлерге жеңілдік жасап, табиғат қорғауға кедергісін тигізіп отырған осы тақылеттес солқылдақ тұстары аз емес екендігін айтады.
– Тайменьді аулап алған адам оның бір келісі үшін ғана 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ускуч Катонқарағайда кездеспейді, солай бола тұра, жеке сарапшының қорытындысы браконьердің жазадан құтылып кетуіне әлгіндей оңтайлы жағдай жасады. Қазіргі Қылмыстық кодексте заңсыз аң атқан браконьерге қылмыстық іс қозғау үшін де аңның міндетті түрде автомото техника немесе жарылғыш затпен өлтірілген болуы керектігі көрсетілген. Ал браконьерлердің аңды «Снегоходпен» келіп атып алғандығын дәлелдеу өте қиын. Олар әрине, техниканың қасында тұрғанына қарамастан, ешқандай шабуылсыз, қуғын-сүргінсіз жай атып алдым деп қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуде. Браконьерлердің аңды техникамен қуып, атқанын дәлелдеу өте қиын. Соның салдарынан браконьерлер қылмыстық іске тартылмай, тек азын-аулақ айыппұл төлеумен құтылып кетіп жатыр. Бұрын бір елік атқанға, бір аю атқанға ол техникамен жүріп атып алса да, жаяу жүріп атып алса да бірден қылмыстық іс қозғалатын. Сондықтан Әкімшілік, Қылмыстық кодекстерге браконьерлердің жолын кесіп, қатаң жазаға тартатындай өзгерістер енгізу қажет. Табиғат қорғаушылар браконьердің ізіне түскеннен бастап ұстағанға дейінгі қуғынды, көріністі, уақытты бейнетаспамен көрсетіп, дәйектеп, дәлелдемесе еңбектерінің босқа кеткені дей беріңіз. Соның өзінде, қуып жетіп құрықтағандары солқылдақ заңның кесірінен жазадан оңай құтылып кетуде, – дейді облыстағы орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Батырхан Сүлейменов.
ЖҰМЫСТАРЫ АУЫР, АЙЛЫҚТАРЫ АЗ
Орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды біздің облыста 2003 жылы облыс әкімдігінің шешімімен құрылған болатын. Облыстық табиғи ресурстарды қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құрамына кіретін отрядтың штатындағы 65 адамның міндеті браконьерлермен күрес, 16 млн. гектар аумақтың орман, көлін, оның байлығы – балығы мен аң, құсын қорғау. Осы бағытта 2018 жылы отряд инспекторлары 555 рейд жүргізіп, 559 заң бұзушылықты анықтаған. Соның ішінде табиғатқа зиян келтіргендерге қатысты 18 қылмыстық іс қозғалған. Заң бұзушылықтың басым бөлігі балық аулау мен аң аулауға қатысты. 2013 жылдан бастап браконьерлік жағдайларға байланысты заң бұзушылықтар 25 пайызға артып, көбейіп кеткен.
Браконьерлік оқиғалары көбейген сайын оларға қарсы тұрар отрядтың қауқарын – материалдық-техникалық базасын жабдықтауға да баса назар аударыла бастаған. 2018 жылы инспекторлардың қолы алғаш рет осы күнгінің озық технологиясының бірі – дронға жетіпті. Облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен отрядқа екі дрон сатып алынған. Қазіргі күні тау-тастың жықпыл- жықпылына, қамыс-қоғаның ішіне кіріп, жасырынып қалатын браконьерлердің ешқайсысы да қос дроннан қашып құтыла алмауда. Зайсан көліндегі, Бұқтырма су қоймасы учаскелеріндегі қалың қамыстың арасынан браконьерлерді ұстау түгілі көру мүмкін емес болатын. Енді көкке көтеріліп шарлап шығатын кішкентай ғана ебелектің көмегімен елді мекеннің, өзен, көлдің айналасында жүрген браконьерлер, қайықтарын, көліктерін қалың қамыстың арасына тығып, бас сауғалағандардың бәрі қолға түсіп жатыр. «Бұрын қалың қамыстың жанына келгенде ешкімді байқай алмайтынбыз. Аспанға көтерілген дронмен енді бүкіл атыраптың бәрі алақанымыздағыдай ап-анық көрініп тұрады. Дронмен алдын ала көре отырып, тығылып балық аулап, аң атып жүргендерді бірнеше рет жедел түрде қолға түсірдік. Біздің қолымыздағы дрондардың көрсету радиусы да өте үлкен,» – деді отрядтың жыл сайын жаңа техникамен жарақтандырылып жатқанын айтқан Батырхан Сүлейменов.
Отрядтың 23 экипажында 27 патрульдік машина, алты «Снегоход», бірнеше қайық, екі квадроцикл бар. Былтыр құрамның техникалық күштері тағы да бірнеше жаңа көлікпен толыққан. Орман, көлді әуеден тікұшақпен барлауға облыстық бюджеттен жылына 40 млн. теңге бөлініп келеді. Жыл бойы 80 сағаттай көлемде жүргізілетін әуеден барлау, тексеру шаралары аздық еткенімен, браконьерлер көбейе түсетін қауырт мезгілдерде мұның өзі табиғат қорғаушыларға үлкен көмек болып отыр. 23 экипаждың жартысы аудандар аумағында: Ұлан, Шемонайха, Самар, Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай, Аягөз, Жарма, Зырян, Күршімде орналасқан. Қалғандары қалада. Үш инспектордан құралған әр экипаж мүшелері пистолетпен қаруланған. Жалпы, отрядта 50 «Байкал» пистолеті, екі «Сайга» карабині, 20 рация, 17 радиостанция бар. Қарағандыдағыдай инспекторларымызға қарсы келіп, соңы ұрыс, төбелеске, инспектор өліміне әкелген қайғылы жағдайлар кездеспеген. Бірақ қыстың аязында, жаздың аптабында орман, көлдің басында түнеп, үй бетін көрмей далада жүретін инспекторлардың алатын еңбекақысы бар-жоғы 50-60 мың теңге ғана екенін естіп таңданып қалдық. Қиындығы көп қауіпті қызметке төленіп отырған осы аз еңбекақыны қанағат тұтып жүргендердің ішінде жастар жоқтың қасында көрінеді. Келгендері көп ұзамай кетіп қалады. Ол түсінікті. Мұндай айлықпен жастар қалай шиеттей бала шағасын асырап, күн көрмек?
– Жуықта облыстық прокуратурада Қарағандыдағы инспектордың мерт болуы оқиғасына байланысты браконьерлікпен күрес, табиғат қорғау инспекторларының қауіпсіздігі мәселесіне қатысты Бас прокуратурамен онлайн режимінде селекторлық кеңес болды. Сол кеңесте жергілікті жерлердегі инспекторлардың бүгінгі әлеуметтік жағдайларын да көтердік. Инспектордың жұмысы да полицияның қызметі сияқты қауіпті де жауапты жұмыс. Полиция қызметкерлеріне жасалып отырған жеңілдіктердің, қолдаулардың бәрі болмаса да, кейбірі инспекторларға да көрсетілу керек деп ойлаймын. Тым болмағанда, еңбекақылары көбейтілсе, жалақылары 50-60 мың теңге ғана. Олардың басқа жұмысты қатар істеуіне мүмкіндік жоқ, өйткені үнемі іссапарда жүреді. Сол себепті біздің мекемеде негізінен құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан адамдар қызмет етуде, -дейді орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Батырхан Сүлейменов.
Қарағанды облысында инспектордың киік атқан браконьерлердің қолынан қаза табуы адам баласының аяғы бармайтын иен жердегі орман, көлге, аң, құсқа қорған болып, ие болып жүрген қарапайым жандардың алдымен өздеріне көмек, қолдау керек екенін көрсетіп берді. Қару кезеніп рұқсатсыз аң атқандар, балық аулағандар жан-жануарларды қорғаушылардың, қорықшылардың қауқарсыздығын, дәрменсіздігін пайдаланбас үшін қызметкерлердің жағдайын дұрыстап, құқығы мен беделін көтеру керек дейді олардың өздері. Жасы келген зейнеткер емес, білек күші де, жүрек күші де қажет бұл қызметке сонда жас жігіттер, жас мамандар да келмек.
Жанаргүл Мұқатай