Қоғам

Бір жылдың ішінде жетімдер үйінен түлеп ұшқан 151 жеткіншекке пәтер берілді

Бір жылдың ішінде жетімдер үйінен түлеп ұшқан 151 жеткіншекке пәтер берілді

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей бастамасымен облысымызда осымен үшінші жыл қатарынан «Мейірім» акциясы ұйымдастырылып келеді. Өскемендегі металлургтердің мәдениет сарайында өткен дәстүрлі облыстық «Мейірім» акциясына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
«Біздің қоғамда жетімдер үйі деген мүлде болмауы керек. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың еш кінәсі жоқ. Біз замандастарымыздың жіберген қателерін бірге көтеруіміз керек. Сол себепті де әке-шешесінің мейірімін көрмей өсіп келе жатқан балғындарды аялап, қамқорлыққа алу – біздің міндетіміз», – деді аймақ басшысы.
Мәдениет сарайының фойесіне қойылған балалар шығармашылығының көрмесі жан жандыратады. Өз қолдарымен жасаған бұйымдар мен салған суреттерде балғындар туған жерге деген ыстық сезімдерін, отбасылық өмірге деген ынтазарлығын ашық бейнелепті. Семей қаласындағы №4 нашар еститін балаларға арналған №4 мектеп-интернат тәрбиеленушілері бұйымдарының көрмесіне аялдаған аймақ басшысы ілініп тұрған домбыраға көз тастауы мұң екен, осы мекеменің 11-сынып оқушысы Меруерт Алашханова аспапты қолына алып, «Балбырауынды» тарта жөнелді. Жас өркеннің өнеріне риза болған облыс Әкімі оған ақ тілегін айтып, өнеріне жеміс тіледі.
Аймақ басшысының тікелей бастамасымен 2011 жылдан бері қолға алынған қайырымдылық шарасы үш жылда көптеген тәрбиеленушілерге отбасылық өмір мен болашаққа деген сенім сыйлап, олардың бойларында үміт отын жақты. 2012 жылдың басында акцияның көмегімен бар болғаны 396 балаға демеушілік көрсетілсе, 2013 жылдың басында олардың саны 1200-ге жетті. Қазіргі уақытта облыс бойынша 1861 бала акцияның шапағатын көріп отыр. Аймақтағы екі мыңға жуық ірі, орта және шағын бизнес кәсіпорындары, бюджеттік ұйымдар, екінші деңгейлі банктер мен басқа да мекемелер балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетіп келеді. Патронаттық ұйымдармен 1600-дан астам әлеуметтік келісімшарт жасалды. Биыл наурыз айында бастау алған қайырымдылық марафонының аясында 5 684 882 теңге қаржы жиналды. Кеш барысында марафонның ең белсенді қатысушылары грамота және алғыс хаттармен марапатталды.
– Балалар біздің болашағымыз, сол себепті балғындар үшін қолдан келген жақсылықты жасау – әрбір азаматтың парызы. «Берсең, балаға бер» дейді халқымыз. Ешкім жиған-тергенін өзімен о дүниеге алып кетпейді. Біздің істеген ізгі істерімізді балаларымыз көріп өссе, ертең мақтан тұтады. Елбасымыз алғашқы күннен бастап өмірде ең аяулы жандарынан айырылған балалардың жағдайын жасау жөнінде айтып келеді. Жаңа балалардың айтқан армандарын бәріміз де естідік. Осы бағытта облысымызда 2011 жылдан бері қолға алынған кешенді жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Тұрғын үй жинақ банкімен жасалған меморандумның арқасында балалардың жеке есепшоттарына 168,7 млн. теңге жиналды. Бір жылдың ішінде жетімдер үйінен түлеп ұшқан 151 жеткіншекке пәтер берілді. Мен осы бір игілікті шараның наурыз айында ұйымдастырылғанының өзінен жақсы бір нышан байқаймын, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ барлық меценаттарға, кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына, жеке азаматтарға алғыс айтып, осы бастаманы жалғастыруға шақырды.
Өңірдегі «Қазцинк», «ҮМЗ», «Арматура зауыты» сияқты ірі акционерлік қоғамдар, жеке кәсіпорындар мен банктер, департаменттер қомақты қаржы бөлумен қатар, жетімдер үйлерінің түлектерін жұмыспен де қамтып отыр. Мысалы, «Қазцинк» кәсіпорнында 20 түлек жұмысқа алынған, олардың әрқайсысының тәлімгері бар. Тәлімгерлер бұғанасы әлі қатпаған жеткіншекті еңбекке баулып қана қоймай, олардың өмірге бейімделуіне, ортаға қалыптасуына ықпал етеді.
– Менің тәлімгерім – Жандарбек Құрманғалиев өмірдегі ең жақсы адам. Ол ағай маған туған ұлындай қамқорлық танытып, білмегенімді үйретіп жүр. Сол үшін де алғысымды білдіріп, үміттеріңізді ақтауға уәде беремін, – дейді жеткіншектер үйінің түлегі Борис Исаканов.
Меценаттардың бірі – Тарбағатай ауданындағы «Әулие Ырғызбай» шаруа қожалығының басшысы Болат Тағабайдың Көкпекті балалар үйімен жұмыс істегеніне он шақты жыл болыпты. Балалар әжесі мен аталарына келгендей қонақтап қайтады екен. Болат Құнанбайұлының тәрбиеленушілерінің бірі зыряндық Саня Швецов он екі жаста, ал Денис Тищенко бар болғаны сегізде. Саняның айтуынша, олар ағайынды жеті бала екен, аналары қайтыс болыпты, әкесін анда-санда ғана көреді. Бір жанұяның төрт баласы осы Болат Тағабайдың қамқорлығында. «Біз ол кісіні ағай дейміз, мен ауылда бес рет болдым, маған атқа мінген ұнады, жалпы ол жерде өте қызықты. Катонқарағайдан да балалар келеді сол жерге, жаңа достар таптым», – дейді Саня. Болат ағайлары болса, қонаққа келген балалардың Ырғызбай әулиенің басына барып, «ата-анамыз болсыншы» деп тілек тілеп жүретіндерін айтады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button