Қоғам

Бір жарым миллионыншы көрермен тіркелді

Бір жарым миллионыншы көрермен тіркелді


Халықаралық көрмеге бір жарым миллионыншы келуші тіркелді. Ал өткен аптада «ЭКСПО-2017» көрмесін 285 300 қонақ тамашалаған. Яғни, бұл орта есеппен көрмеге күніне 40 757 адам келгенін көрсетеді. Ал келушілер ең көп баратын павильондардың қатарында Африка, Мысыр және Индия елдері болса, одан кейінгі тізімнен Ресей, Түркия, Жапония, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Таиланд және Түрікменстан елдерін көруге болады.

Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Коста-Риканың Ұлттық күні өтті. Көрме қонақтары екі саксофоншының орындауындағы музыканы тамашалады. Коста-Рика өзінің Ұлттық күніне орай арнайы, ең ұзын нотаны ұстаудың ұзақтығы 1 сағат 32 минут құраған әлемдік Гиннесс рекордының жеңімпазы, ең үздік саксофоншыны шақырыпты. Қойылым Латын америкалық павильонға дейінгі әдемі шеру мен гелиймен толтырылған 400 жасыл шардың аспанға ұшырылумен тамамдалды. Осы мезетте латынамерика павильонында барлық келушілерге осы елдің мақтанышы – нағыз коста-рикалық кофенің дәмін татты.

Тәуелсіз еліміздің алғашқы үшемдері, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ат қойған Төле, Қазыбек және Әйтеке Тілегеновтер «ЭКСПО-2017» көрмесінде волонтер болу үшін Куба аралынан арнайы ұшып келіпті.Үшемдердің әкесі Исраил Тілеген – дипломат және олар үш жасқа толғанда, әкелерінің жұмыс бабымен Алматыдан Лондонға қоныс аударған. Биыл үшемдер Гавана қаласында мектепті аяқтаған.

– «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы өткен жылы естідік. Сол сәтте-ақ Лондон, Нью-Йорк, Гавана қалаларындағы достарымызды Астанаға шақыра бастадық, – дейді үшемдердің үлкені Төле. – ЭКСПО көрмесін адамдар өмір бойы көрмеуі де мүмкін. Ал биылғы көрме өз Отанымызда өтіп жатыр, сондықтан ЭКСПО-ға міндетті түрде барамыз және волонтер болып өз үлесімізді қосамыз деп шештік.

-Алғашқы күні үшеуіміз бірдей униформа киіп алғанда, күзетшілер аң-таң болды. Олар үш куәлікте бірдей фотосурет тұр деп ойлап, бас-аяғымызға дейін мұқият тексеріп шықты. ЭКСПО-ға келгелі фотоға түспеген күніміз жоқ, көп адамдар Төлені қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновке ұқсатады, – деді Әйтеке.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 5 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жалауы желбірейтін «EXPO 2017 Football Cup» халықаралық футбол турниріне қатысатын командалардың құрамы белгілі болды. Елорда стадионында Қазақстан, Ресей, Италия, Германия, Португалия құрама командалары мен әлем құрамасы ойнайды. ЭКСПО кубогында Астана жанкүйерлері әлемдік деңгейдегі ардагер ойыншылардың ойынын өз көзімен көре алады. Олардың арасында «Алтын доп» иегері француз Жан-Пьер Папен, «Валенсия» капитаны Гаиска Мендьета, «Порту» сапында жасындай жарқылдаған Манише мен Италия чемпионатының үздік сұрмергені болған Эрнан Креспо бар.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button