Бір үйдің баласындай болып кеттік

Біз оларды періште немесе шаршауды білмейтін «терминатор» деуден аулақпыз. Өйткені бұл жастардың жасап жүрген қайырымдылық шараларын жүзеге асыру барлық адамның қолынан келеді. Алайда түптеп келгенде мұның бәрі ниетке келіп тіреледі емес пе?!
Семейлік студенттердің науқастардың хал-жағдайын біліп, оларға қарайласып жүргенін таныстарымнан естіген едім. Бірақ олармен кездесудің сәті түспеді. Содан бір күні «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты форумда осы «QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысының белсенді жастарымен таныстым. Таныстым да, бұған дейін олармен кездесуге уақыт таппай келгенім үшін қарадай қысылдым.
Бізге бәрі мейіріммен қарайды
Ешкімнің бұйрық-нұсқауынсыз өз еріктерімен жанталаса жүгіріп жүрген жастардың ішінен көшбасшыларын айыру қиынға соққан жоқ. Үлкен-кіші демей келген қонақтардың бәрін жылы қабақпен қарсы алып, сұрақтарына байыппен жауап беріп бір қыз жүрді. Оның кім екенін кейін білдік.
«QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысыосыдан бірер жыл бұрын құрылыпты. Гульфайруз Тукинова есімді студент таныстарынан ерекше күтімді қажет ететін науқастар туралы естіп, ауруханаға баруды ойға алады. Сол ойы бойжеткенді Семейдегі «Қызыл жарты ай» ауруханасына жетелеп апарған. Осылайша, аталмыш мекемеде ем-дом қабылдап жатқан науқастардың диагнозымен танысқан Гульфайруз оларға қолдан келгенше көмек көрсетуді қолға алады.
– Бұл ауруханадағы емделушілермен таныстығымыз достыққа ұласты. Біз әр аптаның сенбі, жексенбі күндері осы мекемеге келіп, науқастардың көңіл-күйін көтеріп, қуантуға тырысамыз. Арасында дәрі-дәрмектерін алып береміз. Біздің бұл бастамамызға ректорымыз Ерсін Тұрмынханұлы қолдау көрсетті. Сонымен қатар отбасымыз да мұндай қайырымдылық шараларын өткізуге қол ұшын беріп тұрады, – дейді Гульфайруз Тукинова.
Айта кетейік, «QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысы Семей мемлекеттік медицина университетінің қабырғасында құрылған. Мұндағы басты мақсат – науқас адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесу. Бүгінде «QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысының құрамында 250-ден астам студент бар. Олардың қатарында Думан Мұратбеков, Шариат Болатова, Асылхан Ертаев, Әзия Халел сынды белсенді жастар бар.
– Біз сабақтан тыс уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне барып, көмектесіп тұрамыз. Бұдан бөлек, емдеу-профилактикалық мекемелерінде өтетін шараларға қатысып, әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаймыз. Шынымды айтсам, қазір біз бір үйдің баласындай болып кеттік, – дейді Думан Мұратбеков.
Таяуда «QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысының мүшелері ресейлік медицина қызметкерлерімен келісімшартқа отырды. Мұндағы басты мақсат – шетелдіктермен тәжірибе алмасып, ерекше күтімді қажет ететін науқастарға медициналық көмек көрсету. Енді семейлік жастар келісімшартқа сәйкес алты бағытта жұмыс істейтін болады. Мысалы, олар осыдан бастап науқастарға амбулаториялық көмек беруге, ауқымды шараларды өткізуге, сондай-ақ аурудың алдын алу үшін не істеу керектігіннауқас адамдарға үйретуге мүмкіндік алды.
– Ауруханадағы барлық қызметкерлер бізге мейіріммен қарайды. Баласындай көреді. Көрген жерде хал-жайымызды сұрап, бәйек болады, – дейді Гульфайруз Тукинова.
Аурухана ұжымыме қатар, науқастар да ерекше риза. Енді ауыр халде жатқан науқастарды қарау үшін туған-туыстары жұмыстарынан сұранып, әрлі-берлі сабылмайтын болды.
– Өрімдей балалардың:«Сіз тәуір болып кетесіз. Бәрі жақсы болады. Мойымаңыз», – деп қолдау көрсетіп, жылы сөз айтқанын естігенде жүрегім елжіреп кетеді. Шынымды айтсам, осы қыз-жігіттерге қарап, біздің өмірге деген құлшынымыз оянды, – дейді Семейдегі ауруханалардың бірінде емделіп жатқан науқастардың бірі Р.Жандосқызы.
Ал Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың волонтерлері болса, тұрмысы төмен отбасыларды еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Олар ай сайын көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жан¬дарға барып, азық-түлік пен киім-кешектерін табыстап тұрады.
− Өзге адамға қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Егер қолдан келіп тұрса, неге көмек бермеске?!Меніңше, волонтер болу бәрінің қолынан келеді. Ең бастысы, ниет керек, – дейді «Мейірім» атты волонтерлер қозғалысының жетекшісі Марлен Әбубәкір.
Бүгінде өңіріміздегі волонтерлік қозғалыс жанданып келеді. Оған жастардың қосқан үлесі зор. Солардың бірі – Аяулым Қалымбаева. Ол Өскемендегі Қазақ-Американ еркін университетінің студенті. Аяулым көктем-күз мезгілдерінде өзі оқитын жоғары оқу орнындағы студенттердің басын қосып, сенбіліктер ұйымдастырып тұрады. Мұндағы басты мақсат – Өскеменді абаттандыру жұмыстарына атсалысу. Бұдан бөлек, бойжеткен көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға да көмек беріп тұруды ұмыт қалдырған емес.
– Бос уақытымда пайдалы іспен айналысқым келеді. Өйткені әрбір минут қымбат, – дейді Аяулым Қалымбаева.

Біздің кейіпкеріміз Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» халықаралық көрмесіне волонтер ретінде барып, ағылшын тілін жетілдіріп қайтуды жоспарлап отыр.
– Бұл волонтерлік қозғалыстың мүшелерімен болашақ жайында жиі кеңесемін. Ертең біз оқу бітіріп кеткенде, кім жалғастырады деген сұрақтар болған басында. Біз бұл істі өмір бойы алып жүреміз деп шештік. Ертең мамандық алып, жұмысқа тұрған соң, табысымыздың бір бөлігін осы ұйымға жұмсаймыз. Ол кезде шаралардың ауқымы да кеңейеді. Өйткені біз қаржылық жағынан тәуелсіз, ересек адамдарға айналамыз ғой. Тіпті, бала-шағамыз болғанда да, отбасымызбен араласып, осы істі жалғастырамыз деп серттестік. Кейін оны біздің балаларымыз жалғастыратын болады, – дейді Аяулым Қалымбаева.
«Асар» – волонтерліктің үлгісі іспеттес
«Волонтерлік» ұғымыбірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болған. Бұл шет тілінен аударғанда «ерікті» деген мағынаны білдіреді. Ал біздің халықта мұны «Асар» деп те айтады.
Тарихи дерек көздеріне сүйенсек,1920 жылы Австрия, Англия, Германия жəне Швеция мемлекеттерінде алғаш рет волонтерлер қозғалысы құрылған. Оның құрамында сарбаздар болған. Олар соғыстан кейін қирап қалған ғимараттарды жөндеп, сонау қиын шақтарда бір үзім нан тауып жеуге қиналып отырған отбасыларға көмек көрсеткен. Кейін осы азаматтар бірігіп, халықаралық волонтер лагерін құрғанын атап өткен орынды.
Әлем тарихшыларының зерттеуінше, 1929 жылдан бастап АҚШ пен Болгария мемлекеттерінде волонтерлікке айрықша көңіл бөліне бастапты. Мұндағы басты мақсат – жұмыссыз жастарды еңбекке баулып, бір үзім нанның қадірін түсіндіру.
– Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар ұйымдары көшбасшыларының 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, тарихи-мәдени орындарға бірлескен археологиялық және іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл біз сияқты волонтер жастардың ерік-жігерін нығайтты. Айтпақшы, келесі жылы белсенді жастарға «Жыл волонтері» атты халықаралық сыйлық берілмек. Біздің де бұл сыйлықтан дәмеміз бар, – дейді Гульфайруз Тукинова.
Ажар Сағатбекова