Қоғам

Бір үйдің баласындай

Бір үйдің баласындай


Біз оларды қаһарман немесе періште деуден аулақпыз. Өйткені олар жасап жүрген жақсылықты бәріміз істеуге міндеттіміз. Ондай іс бәріміздің қолымыздан келеді. Мәселе ниетте болып тұрған жоқ па?

Қаршадай студенттердің жастықтың қызығын ысыра тұрып, қайырымдылықпен айналысып жүргенін алғаш бір әріптесімнен естіген едім. Ылғи шараларына шақырып жүрді. Ақыры соның біріне бардым. Бардым да, бұған дейін «Нұрлы жүректердің» лүпіліне құлақ түруге уақыт таппай келгенім үшін қарадай қысылдым.

Нұрлы жүректі Нұргүл

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бас ғимаратында осы ұйым өзінің туған күнін атап өткен. Шараның шымылдығы қойылыммен ашылды. Сахнада мылқау қыз бен анасының ішкі арпалысы, албырт бозбала мен бойжеткен арасындағы тілсіз үндестік көркем бейнеленіп жатты. Адам толы акт залының алдыңғы қатарларына ерекше тағдырлы балалар жайғасыпты. Олар да әсерлі көрініске қиялмен кіріп кеткен. Әсіресе, көріністің соңында қызға тіл бітіп, жылдар бойы тұнып қалған шеменді шерін төккен жері ерекше әсер етті балаларға. Сахнадағы қызбен бірге өздері де сырқаттарынан құлантаза жазылғандай жадырап, тебіренді. Олармен бірге залда отырған студенттер толқыды. Біз де толқыдық. Ешкімнің нұсқау-бұйрығынсыз, өз еріктерімен жанталаса жүгіріп жүрген студенттердің арасынан көшбасшыларын айыру қиын емес еді. Баласын демей кірген қонақтардың бір сәт қолын босатып, маңайын мейірімге бөлеп бір қыз жүрді. Оның кім екенін кейін білдік.

«Нұрлы жүректер» қайырымдылық ұйымы осыдан бір жыл бұрын құрылыпты. Нұргүл Базылқызы есімді студент таныстарынан арбаға таңылған әнші жігіт туралы хикаяны естіп, тағдырлы жанмен танысуды ойға алады. Сол ой оны Өскеменнің іргесіндегі Ушанов ауылына жетелеп апарған. 18-дегі Азаматтың әнін тыңдап, шешесінен сап-сау баланың нілдей бұзылған тағдыры жайындағы әңгімесіне қанығады.

-Азаматпен таныстығымыз достыққа ұласты. Оны достарымның ортасына алып, қуантуға тырысатынбыз. Осы әрекеттер дами келе, қайырымдылық қозғалысына ұласты. Ал бүгін «Нұрлы жүректердің» бір жасын тойлап отырмыз, – дейді нұрлы жүректі Нұргүл. Ешқандай демеушісіз, ешбір қаржылай қолдаусыз бір жыл бойы қайырымдылық жүргізу жүрегі нұрлы жандардың ғана қолынан келсе керек.

– Біз бір жыл бойы ешқандай демеушінің көмегінсіз, өзіміз ұйымдастырған жәрмеңкелер мен концерттерден түскен қаржыға қайырымдылық жасап келеміз. Бізді осындай іске жігерлендіріп, басымызды біріктірген, ізгілікке шабыттандырған тағдыры ерекше балаларға алғыс айтқымыз келеді – дейді ұйымның жетекшісі.

Азаматтың арманы

Азаматтың арманы – әнші болу. «Дауыс бар, таныс жоқ. Таныс болмаған соң, шанс жоқ», – дейді әзіл-шыны аралас. Қазір оның қасында бес жасар қарындасы мен анасы бар. Әке-шешесі Азаматтың бір жасында ажырасып кеткен екен. Өзі о баста он екі мүшесі сау бала болыпты. Осыдан жеті жыл бұрын арбаға таңылған.

-Айта берсең, көп әңгіме. Қай дәрігердің кінәсі екенін білмеймін. Бұрын жүріп-тұра алатынмын. Емделу кезінде жұлыныма зақым келіп, осы күйге түстім, – дейді Азамат. Әжесінің айтуынша, Азамат мал жайғап, үй шаруасын шырқ үйіретін бала болған. Кенеттен ауру жабысып, басы айналатын кесел тауып алады. Ал анасының айтуынша 2004 жылы оның кеуде қуысы ішіне қарай ойысқаны анықталады. Жылына екі рет Астанадан ем алып, отаға да түседі. Отадан кейін баланың омыртқасы қисая бастаған. Дәрігерлер сүйегі қатсын деген уәжбен отаны шегере берсе керек. 2011 жылы жүгіріп жүрген Азамат құлайды. Содан бері жүрістен қалған.

Бір үйдің баласындай

Оның сүйікті әншісі – Қайрат Нұртас.

-«Жүрегім сен келгелі бақытты» деген әнін ерекше жақсы көрем, – дейді өзі. Қайрат сияқты бейнеклип түсіріп, елді әуенімен баурайтын әнші болғысы келеді. Емделуге қаржы таппай жүрген жанұя бейнеклипке ақшаны қайдан алсын?

«Арман деген бітпейді ғой. Пенде болған соң мақсат қоймай отыра алмайсың. Осы күніме де тәубе деймін кейде. Ел алдына шығарып, концерттен қалдырмайтын достарым бар. Материалдық демеушіге кенде болсам да, рухани демеушіге баймын. Сабақтан қолдары босай қалса, үйге келіп жүреді.
Осының өзі медет. Менің де замандастарымнан қалмай, музыкалық колледжде білім алғым келеді. Бірақ онда мені кім алады? Алған күннің өзінде Ушанов ауылынан қатынап оқу мүмкін емес. Бұл да әншейін арман ғана». Азаматпен оңаша қалғанымызда айтқаны осы болды. Қолдан жұлдыз жасаушы алғыр продюсерлердің бірі осы Азаматқа назар аударса ғой деген ой тұрды ішімізде. Біз қатысқан шарада Азамат студент замандасымен жұптасып ән айтты.
Сахнадан түскен бойда әңгімеге тартқанбыз. Сұхбатымызды онымен суретке түскісі келген қыздар үзіп әкетті. Азаматтың өнерін бағалап, тұлға тұтып жүрген оларға «күте тұрыңдар» дей алмадық.

Ана арманы

Азаматтың анасы Ушанов ауылындағы амбулаторияда медбике болып жұмыс істейді. Екі баланың ішіп-жемі мен үйдің несиесін айыру үшін тынбай еңбек етіп жүр. «Нұрлы жүректермен» танысқалы Азаматтың ашыла бастағанын айтады.

-Шауып жүрген бала жалғыз күнде аяқтан қалды. Өзі оған төзе алмай, жылдары күйзеліспен өтіп жатқан. Осылай кете берер ме едік, үйімізге Нұргүл іздеп келмегенде. «Нұрлы жүректер» бүкіл үйімізге өзгеріс әкелді. Бұрын суретке түсуден қашатын Азамат арбада отырып түскен фотоларын интернетке сала бастады, – дейді күліп. Қоңыр қалта тұрмысына қарамай, ана байқұстың ұлын апармаған жері қалмапты. Сөйтіп жүріп, Қытайдан келген Әділ атты дәрігерге барады.

-Әділден ем қабылдағанға дейін ұлым белінен төмен жағын сезбейтін. Қазір жан біте бастады. 3-4 рет ем алғаннан соң-ақ өздігімен отырып, қимылы ширады. Ән айтқан кезде қалай билегенін көрдіңіздер ғой. Бұрын соның біреуі де жоқ болатын. Әділ бізге Азаматты жазып шыға алатынын, бірақ оған өте көп уақыт керектігін бірден ескерткен. Емді ары қарай жалғастыруға ақша жоқ. Қаражат табылса, баламды Қытайға апарып емдетер едім. Осы арман маған маза бермей жүр, – дейді ана.

Ана жүрегі азамат білім алған №15 мектептің оқушыларына шексіз разы. Қарақат Абдрасулова, Ақбота Тынышбекова, Айбек Мұхамбетов, Жұлдыз Маратов, Арман Баяндинов, Аяужан Түркістанбек, Малика Маратқызы, Аяулым Баширова, Айбол Абешов, Наркез Жүнісқанова, Нұртай Турақанов, Диас Ақылбеков, Жұлдыз Төлеуқызы, Әлинұр Аманханов, Әділхан Асылханов, Әділ Дәкенов есімді жеткіншектер қолдары қалт еткенде Азаматты қыдыртып, көңілін көтеруді әдетке айналдырыпты. Қайырымнан туған бұл қатынас қазір ажырамас достыққа айналған.
Нұргүлдің арманы

Өскеменге оқу іздеп келіп, қоғамдық жұмыстың қақ ортасынан бірақ шыққан Нұргүлдің де арманы ерекше.

-«Нұрлы жүректердің» мүшелерімен болашақ жайында жиі кеңесемін. Ертең біз оқу бітіріп кеткенде, кім жалғастырады деген сұрақтар болған басында. Біз бұл істі өмір бойы алып жүреміз деп шештік. Ертең мамандық алып, жұмысқа тұрған соң, табысымыздың бір бөлігін осы ұйымға жұмсаймыз. Ол кезде шаралардың ауқымы да кеңейеді. Өйткені біз қаржылық жағынан тәуелсіз, ересек адамдарға айналамыз ғой. Тіпті бала-шағамыз болғанда да, отбасымызбен араласып, осы істі жалғастырамыз деп серттестік. Кейін оны біздің балаларымыз жалғастыратын болады, – дейді Нұргүл.

Қыздарының бұл белсенділігін басында әке-шешесі аса құптай қоймапты. «Оқуыңды әлсіретіп алма. Мұндай жауапты міндетті көтере алар ма екенсің?» дегендей ескертулер айтылса керек.

-Әке-шешемнің көз алдында мен әлі баламын ғой. Қазір олар да қолдап, дем беріп отырады. Хабарласқан кезде балалардың халі қалай деп сұрайтын болды тіпті. Осы іске кірісуімнің ар жағында өздері берген тәрбие жатқанын олар да түсінеді ғой, – дейді қайырымды қыз.

Бір үйдің баласындай

Нұргүл Базылқызы ұйымның жұмысына Зухра Есполова, Берік Кәдірұлы, Мәншүк Байзелдинова, Лаура Әбдіғалиева, Шалқар Мұхамғалиев сияқты ұстаздары үнемі қолдау көрсеткенін айтады. «Нұрлы жүректер» бүгінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттерінің ортақ ұйымына айналған. Көмек қажет болғанда, кез келген студент кірісіп кетеді. Дегенмен, үнемі Нұргүлдің жанынан табылып, бір үйдің баласындай болып кеткен Айдос Әділбаев, Шара Бақытбекқызы, Еламан Мұратқажы, Бексұлтан Өтегенов, Алмаз Жәкішев, Гүлім Бибазарова сынды жастардың еңбегі ерекше. Осы жастар Өскемендегі «Ақниет» және «Үлбі» орталықтарының елгезек көмекшілеріне айналған. Екі мекеменің балалары да «Нұрлы жүректердің» лүпілінен қуат алып келеді.

Біз қатысқан шарада тағы бір арбаға таңылған бозбала Ролан Сымбатовтың Қытайда емделуіне қаржы жиналу керек болатын. «Қазцинк» ЖШС Роланның емделуін толықтай өз бақылауына алды. Бір жыл бойы демеушісіз жұмыс істеп келген «Нұрлы жүректерді» демеушілердің өздері іздеп тапқан сияқты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button