«Бір терезе» жүйесі «Азаматтарға арналған үкіметке» айналды

Елбасының 2015 жылғы «100 нақты қадам»Ұлт жоспары бағдарламасының бір қадамы Канададағы «Canada Service» және Аустралиядағы «Centrelink» үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясын құру болатын. Корпорация халыққа қызмет көрсететін барша орталықтарды бір жүйеге кіріктірді. Ел азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болды.
Үкімет 2016 жылғы 7 сәуірде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құрып, оған халыққа қызмет көрсету орталығы, жылжымайтын мүлік орталығы, жер кадастры ғылыми-өндiрiстiк орталығы, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қосылды. Акционерлік қоғамның 70 филиалы және 1 өкілдігі ашылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының стратегиясы – «Sana» цифрлық мәдениет коды, яғни адамдар мен мемлекеттік органдар, бизнес сектор арасында өзара байланыс орнататын корпорация саналы қызмет көрсету арқылы сапалы нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
– Мекеменің төрт бағыты мынадай: senim – біз көмегімізге мұқтаж азаматтарға шынайы көңілмен жәрдемдесуге тырысамыз, ashyqtyq – біз цифрлық технологиялардың көмегімен инновацияларды дамытамыз, natije – біздің қызмет алушыларымыз сапалы нәтиже алады, abyroi – халқымыз үшін адал қызмет ету – біз үшін абырой, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының директоры Асхат Жарылқасынов корпорацияның құрылу тарихы және негізгі мақсаты жөнінде.
Бүгінде азаматтардың цифрлық сауаттылығын 83 пайызға, электронды форматта көрсетілетін қызметтер үлесін 90 пайызға жеткізу міндеті тұр. Корпорация халық арасындағы цифрлық сауаттылықтың артуына үлес қоспақшы.
ХҚО-лар бүгін қаншалықты тиімді жұмыс істейді? Қызмет көрсетуде қандай жетістіктер бар?
Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құрудағы мақсат – жайлы әрі сапалы қызмет көрсету. Осыған байланысты орталық әлемдік стандартқа сай «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет ұсынады.
«Бір терезе» қағидаты – мемлекеттік қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуы, уақытын аз жұмсауы. Сондай-ақ бұл принцип қызмет көрсетушілермен тікелей байланысты жойып, жемқорлыққа жол бермейді. Бұған қоса, аталған жүйе бір орталықтан бірнеше қызмет түрін алуға, халыққа жайлы қызмет ұсынуға бағытталған.

– Оған қоса қазіргі цифрлық технологиялар дәуірінде біз қызметтерді электрондық форматта қолдануға шақырамыз. Халқымыздың 70 пайызы смартфон қолданатынын ескерсек, қалтаңыздағы гаджет сізге Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, қажет анықтаманы алуға көмектесе алады. Қалай? Егер сіз телеграм мессенджерін телефоныңызға көшірсеңіз, онда @EgovKzBot ботын тауып, ондағы «старт» тетігін басасыз, мәзір арқылы телефон нөмірін жібересіз, қажет анықтаманы таңдап, алынған SMS-код арқылы сұрауды растайсыз, сұратқан анықтама дайын болған жағдайда оны жүктеуге немесе қалаған электрондық поштаңызға жіберуге болады, – дейді филиал директоры Асхат Жарылқасынов.
Бүгінде бот арқылы 24 қызмет түрін алуға болады. Сұранысқа ие қызметтер – мекенжай анықтамасы, зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпарат алу, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама алу, ХҚО-ға баратын кезде кезекті броньдау. Телеграм ботты пайдалану үшін «Мобильді азаматтар базасында» тіркелу қажет. Ол үшін ХҚО қызметкерлері сіздің телефон нөміріңіз бен жеке сәйкестендіру нөміріңізді байланыстырып, базада тіркейді.
Облыс бойынша алғашқы цифрлық орталық Өскеменде былтырғы желтоқсанда ашылыпты. Бұрын республикалық қалаларда ғана қызмет көрсеткен цифрлық ХҚО қазір он бір қалада бар екен.
Өскемендегі цифрлық қызметтер орталығы Белинский көшесі 37а мекенжайы бойынша №3 ХҚО ғимаратында орналасқан. Бұл орталық – мемлекеттік қызметтерді цифрлық технология көмегімен алуға мүмкіндік беретін корпорацияның елімізде ашып жатқан жаңа үлгідегі фронт-офисі. Цифрлық қызмет көрсету орталығының жұмысы толық автоматтандырылған. Азаматтар өз бетінше операторлардың көмегінсіз қажет қызметті алып, цифрлық сауатын арттыра алады. Оқу аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша сағат 9-дан 20-ға дейін жүреді. Фронт-кеңсе мамандары азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуді үйретеді. Бір сағатты құрайтын сауат ашу курсына кез келген адам қатыса алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы 2018 жылы бала туу бойынша қызметтерді проактивті алу жобасын іске қосқан. Енді ата-анадан СМС хабарлама арқылы рұқсат келген жағдайда жаңа туған нәрестені тіркеу өтініші мен осыған байланысты басқа да қызметтер автоматты түрде көрсетіледі.
– Бұл жоба жүзеге асу үшін ақпараттық жүйелер мемлекеттік органдардың базасымен біріктірілген болатын. Айта кету керек, мобильді азаматтар базасында тіркелген тұлғалар ғана қызметтерді проактивті нұсқада ала алады, – дейді филиал жетекшісі. Бұл үшін кез келген фронт-офиске, яғни ХҚКО-ға жүгіну керек немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде ЖСН мен телефон нөмірін бекітіп қойса жеткілікті. Туу туралы куәлікке тапсырыс бергеннен кейін СМС арқылы сәбиді балабақша кезегіне қойып, бала тууға байланысты жәрдемақыларды рәсімдеуге болады. Нәтижесінде, қызмет алушы дайын болған құжаттарды алып кетуге ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс береді.

Соңғы жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін келетін азаматтардың саны күрт өскенін байқаған.
– Осы орайда азаматтар жүргізуші куәліктерін мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, кез келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыра алатынын еске саламыз. Бұл әдіс ұзынсонар кезекте тұрудан құтқарып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді Асхат Жанатұлы.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын куәлікті алып кетуге болады. Бөлімге барғанда ауыстыратын куәлік, жеке куәлік, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электрондық чекті ұсыну қажет. Айта кетсек, жүргізуші куәлігінің баж салығы бұрынғыдай 1,25 АЕК, яғни 3007 теңгені құрайды. Егер куәлік мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083 нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін жыл басынан 1,6 мың адам пайдаланыпты.
– Тұрғындар тарапынан ХҚО қызметіне қатысты сын айтылып жатады. Әсіресе, олар кезекті ұзақ күту және кеңесшілердің аздығын алға тартады. Осы бағытта шара қолданыла ма?
– Иә, өкінішке қарай, әлі де ХҚО-ға келіп, кезекке тұратын азаматтар бар. Уақытыңызды жоғалтпас үшін ХҚО-ға барарда алдын ала кезекті броньдауға болады. Ол үшін egov.kz электронды порталындағы «кезекті броньдау» қызметін пайдаланыңыз, – дейді Асхат Жарылқасынов.
Ол үшінеgov.kz электронды порталына кіріп, оң жақ бұрышта орналасқан «ХҚО-ға кезекті броньдау» тетігін басып, өзіңізге ыңғайлы, жақын ХҚО бөлімін таңдайсыз, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізесіз, «Келуді жоспарлау» тетігін басып, тізімдегі қажетті қызметті таңдап, келу күні мен уақытын көрсетесіз. Соңында кезекті онлайн броньдаудың өткені жөніндегі хабарлама келуі тиіс.Айта кетейік, таңдаған ХҚО-ға келгенде жеке куәлігіңізді ғана ұсыну жеткілікті екен.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация филиалының директоры Асхат Жарылқасынов сұхбат соңында алдағы айларда Өскеменде шетел азаматтарына арналған көші-қон қызметтері орталығы ашылатынын хабарлады, бұрыноблыста мұндай орталық жоқ болатын.
Ержан Әбіш