Қоғам

Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан

Сол жағалау кешенінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ аясында» атты облыстық достық форумы өтті. Аймақ басшысы әуелі этнографиялық қорық-мұражайдағы әр ұлттың ауылдарына бас сұғып, мәдени орталықтардың өкілдерін мерекелерімен құттықтады.

Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан– Бүгінгі береке, бірлік пен ынтымақ мерекесі – ең үлкен мереке. Ата-бабаларымыз бізді әр уақытта бірлікке, ынтымаққа, достыққа тәрбиелеген. Қандай да бір қиыншылық болмасын, ашаршылық болсын, соғыс болсын, қазақ халқы өзінің жеріне келген басқа ұлт өкілдерін бауырына салып, тәрбиелеген. Қандай көпұлтты мемлекет болғанына қарамастан Қазақстанда тұрақтылық пен бейбітшілік берік орнаған. Соның барлығы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізіп отырған салиқалы саясатының жемісі. Ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Қазіргі біздің ұрпақтың мақсаты мен міндеті – сол қалған мұраны, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарды қолдап, әрі қарай жалғастыру. Қазақстанның болашағы тек қана Қазақстандағы бейбітшілік пен достыққа байланысты. Мен барлық қазақстандықтарды шығысқазақстандықтар атынан мерекемен құттықтаймын, барлығына жақсылық, табыс, отбасыларына құт-береке, елімізге тыныштық тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Бұл сәтте этноауылдың аспанында әр ұлттың әуендері шалқып, ауласында түрлі ойындар өткізіліп жатты. Әр ұлттық мәдени орталық келген қонақтарға өздерінің тарихи Отанына қатысты викториналық сұрақтар қойып, сыйлықтар үлестірді. Мереке қыза келе негізгі бөлімге де кезек жетті. Қазақ ауылының қақ ортасында орналасқан сахнада форумның шымылдығын «Азия үні» оркестрі ашты. Татулықты ту еткен шығысқазақстандықтар «Өз елім» әнін тебірене тыңдады. Форумның ашылу салтанатында сөз алған Бердібек САПАРБАЕВ жерлестерін айтулы мерекемен құттықтай келе:

– Соңғы кезде бірінші мамыр мерекесінің қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында тұрып жатқан барлық ұлттардың форумын өткізу дәстүрге айналды. Бұл форум тұрақтылық пен бірлік, сенімділік мерекесінің алдында ұйымдастырылып отыр. Әрбір мемлекеттің болашағы сол мемлекеттегі достыққа, ынтымаққа, бірлік пен бейбітшілікке байланысты. Міне, соның арқасында осы 20 жылдың ішінде еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Қазір Қазақстанның дүниежүзінде, халықаралық ұйымдардың арасында беделі үлкен. Оның айғағы – елімізде соңғы кезде өтіп жатқан үлкен-үлкен халықаралық жиындар, Саммиттер. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ саясатын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ең негізгісі, елімізде бейбітшілік пен достық болуы керек. Елімізде тұрып жатқан барлық ұлттың өкілдеріне өздерінің тілін, тарихын, дәстүрін ұмытпау үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді облыс Әкімі. Сонымен қатар аймақ басшысы елімізде түрлі ұлт пен ұлыстың береке-бірлікте ғұмыр кешуіне барлық жағдайдың жасалғанын атап өтті.

– Өздеріңіз көріп отырған мына ауыл Қазақстанның басқа облыстарында жоқ. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы барлық облыс басшыларына Өскемен қаласындағы сияқты этноауылды барлық облыс орталықтарында салу жөнінде тапсырма берді. Егер мемлекетте бірлік пен ынтымақ болмаса, оның болашағы да болмайды. Сондықтан, құрметті ағайын, біз өзіміздің қасымызда бірге тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстарға құрметпен қарап, олардың дәстүрлерін, тілдерін, мәдениеттерін ұмытпауы үшін жағдай жасауымыз керек.

Елбасы Ассамблеяның соңғы құрылтайында сөйлеген сөзінде атап өткендей, Қазақстаннан басқа біздің Отанымыз жоқ. Сондықтан, Отанымыздың дамуы үшін, болашағымыз үшін еңбек етуіміз керек, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Бұдан кейін аймақ басшысы аудандық Достық үйлеріне «Қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға және ұлттық шығармашылықты дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін» атты облыс Әкімінің сыйлығын тапсырды. Келесі болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясына қатысушы, Курчатов қаласының тұрғыны Нина Дмитропавленко Достық үйі тұңғыш болып ашылған Шығыс Қазақстанда тұратынын мақтан ететінін, былтырғы жылы облыс Әкімінің бастамасымен аудандық Достық үйі ашылып, жақсы жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

Форум қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің, Өскемен, Семей, Курчатов, Зырян, Риддер қалалары мен Глубокое аудандарынан келген әртүрлі ұлттық-мәдени бірлестік өнерпаздарының қойылымдарымен жалғасты.

Глубокоелық делегацияны форумға бастап келген аудандық Достық үйінің директоры Мария Пекур Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасының тұрақтылық, бірлік, жаңару ұғымдарының елдегі бірліктің тіреуі болатынын атап өткенін, бұл тұрғыда жастармен жұмыс істеудің өзекті екеніне тоқталғанын мысалға ала отырып, облыс Әкімінің жыл сайын ұлттық-мәдени бірлестіктердің бастапқы ұйымдарына алғыс білдіріп, қаржылай көмек көрсетуі үлкен іс деп есептейтінін ерекше атап өтті.

Жастар атынан сөз алған Владимир Штели ұлты неміс болғанына қарамастан достықтың нағыз үлгісін танытып, өз құттықтауын қазақша жеткізді. Ол қазір Семей қаласында психолог мамандығы бойынша «Бота» қорының гранты арқылы білім алуда. Үржар ауданының Қазымбет ауылында алғашқы бес сыныпты қазақша тәмамдаған Владимир өскен ортасында орыс балаларының аз болғанын, ата-анасының да қазақша жақсы білетінін, ал екінші сыныптағы інісінің өзінен екі есе таза сөйлейтінін айтады.

Есімжан Нақтыбай

Осы айдарда

Back to top button