Бір күнде 60 миллиметрге жуық ылғал түскен
Өскеменде өткен аптаның соңында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасуда. Естеріңізге салайық, 29 шілде күні өңірде қатты жел соғып, бұршақ аралас нөсер жаңбыр жауған болатын. Салдарынан облыс орталығының бірқатар ықшамауданы мен көшелерін тұтастай су басып, ағаштар құлап, көлік иелеріне айтарлықтай шығын келтірілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жойқын желдің жылдамдығы секундына 21, кей жерлерде 23 метрге дейін жеткен-ді. Бір күннің өзінде-ақ 60 миллиметрге жуық ылғал түскен. Әсіресе, табиғи апаттан облыстың Аягөз, Ұлан сияқты аудандарының бірнеше елді мекені айтарлықтай зардап шекті.
Циклонның эпицентрінде орналасқан Өскемен қаласына да келтірілген шығынның мөлшері орасан зор болды. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, қала аумағында ғана 80-ге жуық ағаш құлап, 36 автокөлікті басып қалған. Орталық көшелердегі, сондай-ақ, аулалардағы тамырымен қопарылған теректер жолдарды бөгеп, көлік қозғалысын қиындатып жіберген. Қарғын су салдарынан шаһардағы Аврора көшесінде орналасқан бір үйдің аумағынан ғана 190 текше метр су сорылып алынды.
Қалыптасқан ахуалға байланысты қала әкімдігінде жедел штаб құрылып, төтенше жағдай бойынша кезектен тыс комиссия отырысы өтті.
Қазіргі уақытта облыстық ТЖД, Шығыс аймақтық аэромобильді жедел-құтқару жасағы, «Өскемен-Тәртіп» кәсіпорны, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері мамандарының күшімен апаттың салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, табиғи апаттан Өскемен қаласында екі адам жапа шегіпті. Жеңіл-желпі жарақат алған оларға тиісті медициналық көмек көрсетілген.
Қазір қала әкімдігінің жанынан құрылған жедел іс-қимыл қызметі тәулік бойы жұмыс істеуде. Оған 138 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Шығыс-Ақпарат