Қоғам

«Бір ел – бір тағдыр» акциясы алауын жақты

«Бір ел – бір тағдыр» акциясы алауын жақты

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыс орталығында «Бір ел – бір тағдыр» акциясы басталды. Айтулы мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Еліміз еркіндігін алып, көк туымыз көк аспанға көтерілгеніне ширек ғасыр болды. Бұл қуаныш – барлық қазақстандықтың береке-бірлігінің жеңісі, Елбасының ерен еңбегінің жемісі. Қазақтың неше ғасыр бойы төккен қаны мен ащы терінің бодауына орай Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік дейтін осы бір тәтті сыйдың қасында балдың өзі таңдайға татымайды.
Осыны еске берік сақтаған шығысқазақстандықтар қаңтардың сақылдаған сарышұнақ аязына қарамай Өскемендегі Комсомол аралына жиылды. Шара шымылдығын театрландырған хореографиялық көрініспен ашты. Облыстық және қалалық әкімдік, сондай-ақ, «Жас Отан» мүшелері ұйымдастырған бұл қимыл шынында сәтті шықты. Біркелкі киінген жастар билеп тұрып, «25» деген көріністі көрермендердің көз алдына әкелді. Акцияның алғашқы шарасына негізінен жастар мен оқушылар жиналыпты. Олардың арасында өнер мен спорт саласының да саңлақтары бар. Ең әуелі жиналған жұртты Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова құттықтады.
– Бұл жылдың біздің еліміз үшін маңызы өте жоғары. Өйткені, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлаймыз. Осы уақыт аралығында Қазақстан көптеген қиындықтар мен сынақтарды бастан өткерді. Ал қазір көптеген биіктерді бағындырдық. Елбасымыздың айқын да, дана саясатының арқасында Қазақстанды әлем біледі, құрметтейді. Мемлекетімізге даму, бейбітшілік, береке-бірлік тілеймін. Отанымызды, өмір сүріп жатқан дәуірімізді құрметтейік, – деді жеңіл атлет.
Бұдан кейін патриоттық сөздер бейнеленген шарлар аспанға әуеледі, есімдері елге таныс топтар мен әншілер Тәуелсіздік туралы, мәңгілік ел туралы әндер орындады. Ақындар Отанға арнаған отты жырларын оқыды. Жастардың атынан сахнаға көтерілген ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищечінің 2-курс студенті Алпыс Жақиянов:
– Құрметті береке-бірлігі жарасқан кенді Алтай өңірінің жастары, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған басты тарихи жетістігіміз – егемен еліміздің құрылғанына биыл 25 жыл. Тәуелсіздік тек тәтті сөз ғана емес, ол біздің азаттығымыздың алтын қазығы, елдігіміздің мызғымас тұғыры, ұлтымыздың ұйтқысы, тірлігіміздің тірегі. Біз жігерлі, қайратты, Ұлы Далада еркін өскен жастармыз. Мақсатымыз – Мәңгілік Ел, бағдарымыз – Нұрлы жол, міндетіміз – 100 нақты қадам. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деп көсілген жас ақын сөз соңын отты жырлармен түйіндеді.
Шағын аралдағы шараны Өскемен «Торпедо» хоккей мектебінің оқушылары мен мәнерлеп сырғанаушылары флеш-мобпен аяқтады. Бір сағатқа жуық өткен шарада Алтайдың алапат аязы жастардың жігерін мұқалта алған жоқ, қатысушыларды Отанға деген ыстық сезімдері бойларын жылытып, билетіп тұрды.
Комсомол аралынан бастау алған шара А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада жалғасты. Онда «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты кітап көрмесінің тұсауы кесілді.
Кітап көрмесіне қазақ тарихынан сыр шертетін алуан-алуан кітаптар қойылған. Бұл кітаптарды кітапхана қызметкерлері көрермендерге егжей-тегжейлі етіп таныстырып шықты. Сөреден Қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек хандар, оның нығаюына еселі еңбек еткен Есім, Қасым, Тәуке, Абылай хандардан бастап, егемен Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА дейінгі ұлы тұлғалар орын алған. Қаракерей Қабанбайдан тартып, Бауыржан Момышұлына дейінгі жаужүрек батырлар, Абай Құнанбайұлынан Олжас Сүлейменге дейінгі айтулы ақындар, Шоқан Уәлихановтан Қаныш Сәтпаевқа дейінгі ғалымдар, Дина Нұрпейісовадан Бибігүл Төлегеноваға дейінгі өнер қайраткерлері, Қажымұқан Мұңайтпасовтан Бекзат Саттархановқа дейінгі спорт саңлақтарының өмірінен сыр шертетін құнды кітаптар көрермендердің көз мейірін қандырды.
Бір айта кетерлігі, көрмеге қойылған кітаптардың көбі Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жарық көрген кітаптар екен. Көрмеге кітаптардан бөлек белгілі қайраткерлер портреттерін салған жергілікті суретшілердің еңбектері, сондай-ақ, Өскемен Теңге сарайының мерейтойлық монеталары қойылған.

Гала-концерт керемет көңіл күй сыйлады

Кешкісін облыстық драма театрында «Туған ел – алтын бесігім» атты акцияның қорытынды гала-концерті өтті. Оған өңіріміздегі барлық аудандар мен қалалардан келген көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты.

Концерт басында сахнадағы үлкен экраннан жиналған қауымға «Туған ел – алтын бесігім» акциясының жарқын сәттері көрсетілді.
– Елбасы Жолдауында ел экономикасын өсіп-өркендетудің бірден-бір кепілі – ішкі тұрақтылық, халықтың бірлігі екенін атап көрсетті. Сол ауызбіршлік бүгін көрініс тауып отыр. Осыдан жеті жыл бұрын басталған бұл шараның дәрежесі, ауқымы жылдан-жылға артып келеді. Осы ретте мен аудандардың басшылығына, аудан-қалалардан келген көркемөнерпаздар ұжымдарына рахмет айтамын. Бұл акцияны әлі түрлендіріп дамытатын боламыз. Биыл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Сондықтан да бұл акцияның келесі жылғы ең басты мерекелейтін тұсы осы болуы тиіс деп есептеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Бұдан соң биыл ұйымдастырылған акцияның қорытындысы жарияланып, жеңімпаздары марапатталды. Осы жылы үшінші орынды Зырян ауданы, екінші орынды Курчатов, бірінші орынды Тарбағатай ауданы иеленді. Ал акцияның бас жүлдесін Жарма ауданы жеңіп алды. Ал облыс әкімдігінің арнайы жүлдесін Аягөз ауданының көркемөнерпаздары еншіледі.
Жарма аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Аманжол Төлеубекұлының айтуынша, акция жеті жыл бойы мәдениет пен өнердің дамуына серпін беріп келеді.
– Осы іс-шараның арқасында қаншама өнерлі жанның жұлдызы жанды, салаға қосымша қаржы құйылды. Міне, еңбегіміз жоғары бағаланып, бас жүлдені иемденіп отырмыз, – деді бөлім басшысы.
Бір сағаттан астам созылған концерттің шымылдығын Жарма ауданының «Ғасырлар үні» этнотобы ашты. Сонымен қатар, сахнада зайсандық Анар Домаева, көкпектілік Еламан Мұратханов, жармалық «Орхидея» би тобы мен «Зыряночка» балалар би тобы көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді. Бұл күні тарбағатайлық «Бабалар сазы» этнофольклорлық тобы, абайлық «Ерлер» квинтеті және тағы да басқа аудан-қалалардан келген ұжымдар өз өнерлерін паш етті.
Концерт соңында сахна төріне жиналған барша өнер иелеріне облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ атынан ықылас гүлшоғы тарту етілді.
Сондай-ақ, осы іс-шара аясында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Атап айтсақ, облыстық Әміре Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармониясының әнші-әртісі Маржан Тілеулиноваға, облыстық Абай атындағы театрының әртісі Рысбүбі Ахметқалиеваға, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің жоғары санатты «Хорда дирижерлік ету» мамандығының оқытушысы Болат Распеков пен аталмыш оқу ордасының оқытушылары Гүлжанат Кәрімова мен Мейрамкүл Алдикеноваға берілді. Сондай-ақ, ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка училищесінің оқытушылары Арыстанбек Кәкеев пен Наталья Матвееваға және «Қазақ халық аспаптары» бөлімінің меңгерушісі Маржан Төлешқызына табысталды. Салтанатқа қатысқан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк өнер майталмандарына шығармашылық табыс тіледі.

Мұратхан Кенжеханұлы,
Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button