Қоғам

Бір де бір сын материал назардан тыс қалмайды

Бір де бір сын материал назардан тыс қалмайды

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жылдағы дәстүрге орай өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Ашық сұхбат түрінде өрбіген жиында ағымдағы жылы аймақта атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоба-жоспарлар әңгімеге арқау болды. Журналистер қауымы өздерін мазалаған сауалдарға аймақ басшысының тарапынан тұщымды жауаптарын алды.
Өңір басшысы сөзін облыстың осы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы мағлұматтар беруден бастады. Оның айтуынша, негізгі 11 көрсеткіш бойынша өңірдің даму динамикасы былтырғымен салыстырғанда жоғары және республикалық деңгейден төмен болмайды. Ең бастысы, Мемлекет басшысының берген барлық тапсырмалары ретімен жүзеге асырылуда.
– Біздің аймақтан Индустрияландыру картасына енген 53 жобаның 33-і аяқталды. Олардың барлығы дерлік қазір жұмыс істеп тұр. Бұл жобалардың арқасында 4 мыңға тарта қосымша жұмыс орнын ашып, шамамен 190 млрд. теңгенің өнімін шығардық. Сол секілді бюджетке 10 млрд. теңге салық түсімі төленді, – деп атап көрсеткен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Президент тарапынан айтылған сын-ескертпелер турасында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Мәселен, Елбасы кейінгі өткізілген Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде аймақаралық интеграцияны дамыту, шағын және орта бизнес өкілдерінің несие мөлшерлемелерін субсидиялау, кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар бөлу сияқты мәселелер еліміздің өңірлерінде тиісті дәрежеде орындалмай жатқанын сынға алған-ды. Алайда, бұл түйткілдер біздің облыста өзінің шешімін баяғыда тапқан. Аймақ басшысының берген мәліметіне жүгінсек, аймақаралық интеграцияда біз Ресейдің Алтай өлкесімен, Қытай елімен және Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарымен ықпалдастық дұрыс жолға қойылған. Ал несие мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша 1 млрд. 400 млн. теңге қаржымен біздің өңір республикада бірінші орында. Сол секілді кәсібін енді ғана бастаған жас бизнесмендерге 30 млн. теңгенің 31 гранты берілді.
Сонымен қатар, облыс Әкімі құрылыс, ауыл шаруашылығы, инфляцияны ауыздықтау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және басқа да салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Алдағы 2014 жылы Өскеменде салынып жатқан Жеңіл атлетика манежі, жабық үлгідегі суда жүзу бассейні, қазақ драма театры, Глубокое кентіндегі аурухана ғимараты толық аяқталып, қолданысқа беріледі. Айтпақшы, Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанада облыс Әкімінің есебін тыңдағанда, Өскеменде салынып жатқан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атымен аталатын Жеңіл атлетика манежі еліміздің өзге өңірлерінде жоқ екенін атап көрсетіп, мұндай халықаралық стандарттарға сай келетін спорттық ғимаратты салуды бірінші болып шығысқазақстандықтардың қолға алуы мақтауға тұрарлық іс деп баға беріпті.
Кездесу барысында өңір басшысы ақпарат құралдары тарапынан болатын сын материалдарға қатысты өз ойын жеткізді.
– Егер сын орынды болса, оны қабылдауымыз керек. Сіздер журналистер қауымы, ел ішінде көп жүресіздер, біз байқамаған кемшіліктерді көріп, ескертіп жатасыздар. Мен бұны өте дұрыс деп санаймын. Сіздердің сын-ескертпелеріңізге дер кезінде әрекет етіп, одан тиісті нәтиже шығарғанда ғана қоғамдағы орын алған олқылықтардың орны толып, жұмысымыз ілгері баса бермек. Сол үшін мен өзімнің орынбасарларымнан бастап, барлық басқармалардың, жауапты орындардың басшыларына бірде-бір сын материал назардан тыс қалмасын, оларға тиісті жауап қайтарыңыздар деп тапсырма бергенмін, – деді облыс басшысы.

Cерік Әбілхан, Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button