Бір ғажайып дүние
Катонқарағай ауданында бір ғажайып дүние бар, егер оны ғылыми негізде зерттейтін болсақ, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енер еді.
Әңгіме таңғажайып көлемдегі адамның оң қолының алақанындағы бес саусақтың рельефтік терең таңбасы үлкен тасқа басылғандығы туралы болмақ. Бұл жартас Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Чернова орманшылығының аумағында, Маралды (бұрынғы Фадиха) ауылының шығысында, үш километр қашықтықта орналасқан. Жамбыл ауылдық округіне қарасты бұл жерді жергілікті тұрғындар «Бес саусақ» деп атап кеткен.
Көне сәулетшілердің жұмысы ма?
Ұлттық парк және облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Катонқарағай филиалының мамандары саусақ іздерінің көлемін өлшеп, қысқаша сипаттаған. Оның жалпы ені – 410 сантиметр. Үлкен саусақтың ені – 60 см, биіктігі – 160, ол сұқ саусаққа жапсырылған. Сұқ саусақтың ені – 80см, ұзындығы – 309 см. Ортаңғы саусақтың ені – 70см, оның ұзындығы – 330. Атаусыз саусақтың ені – 80 см. ұзындығы – 260 см. Шынашақтың ені – 75, ұзындығы – 250 см.
Таңғаларлық жағдай, қолдың таңбасы кәдімгі адамның қолының саусақтарын еске түсіреді, бірақ тастағы таңбада буындардың жалғасқан жерлері анағұрлым жуан және саусақтардың ұшы жіңішке. Әрине, қазіргі ер-азаматтардың қолымен салыстырғанда, саусақтардың көлемі шамамен 35 есе үлкен.
МҰТП-ның экологиялық-ағарту және туризм бөлімі бастығы Александр Кобзевтің айтуынша, таңбаның тереңдігі кейбір жерлерде он сантиметрден асады.
– Мен бұл жерлерді бала күнімнен білемін, бірақ бұл «Бес саусақ» бұрын бізді осыншама қызықтырмайтын, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Катонқарағай филиалының директоры Оралғазы Қажаев. – Біз енді ғана бұған назар аударып, зерттей бастадық. Тастағы таңба адам алақанына соншалықты ұқсастығына сену қиын, бұл жанартаулардың атылуының, жер қыртысының қозғалуының нәтижесі немесе табиғи факторлар – жаңбырдың, желдің, температуралық ауытқулардың ықпалы болуы екендігіне сену қиын. Меніңше, бұл – неолит дәуірінде, осыдан 8-6 мың жыл бұрын өмір сүрген көне сәулетшілердің жұмысы. Бұл тасқа басылған петроглиф-суреттерді бізге осы адамдар қалдырғандай. Болжаммен тастағы саусақ іздері әлдебір өте мықты материалдың көмегімен емес, тасты жібітетін арнайы қышқылдың көмегімен жасалғандай. Сондай-ақ бұл көне технологиялардың даму деңгейі өте жоғары болғандығын көрсетеді.
Кеңестік дәуірде қазіргі нысан тұрған аумақ Катонқарағай марал өсіру кеңшарына қарасты болған. Қазіргі уақытта бұл тасқа апарар жолда марал қоршауы тұр, бұл – «Маралды» шаруа қожалығының аумағы. Оған жету үшін панты кесетін жер мен айырықтың маңынан екі қақпадан өту қажет, мұнда жаз айларында панты кеседі. Айта кетерлік жайт, маралшылар «Бес саусаққа» бара жатқан туристерге еш кедергі жасамайды, бұл бағытта соқпақ жол жасалған. Ал өтімділігі жоғары көлікпен тастың қасына дейін жетуге болады. Ресми түрде мұнда туристік соқпақ жасалмаған.
Бұл нысанды жергілікті тұрғындар «Әулиенің қолы» деп те атайды. Олардың айтуынша, осыдан 3-4 жыл бұрын мұнда Канададан бір саяхатшы әйел келген, осындай көлемдегі тасқа басылған таңба оның отанында да бар екен, бірақ, ол – сол қолдың таңбасы.
Мұражай мамандарының айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір жаңашылдар алақан таңбасын саусақтан төмен қарай қазып көрмек болған, бірақ жергілікті тұрғындар бұған жол бермеген. Жалпы, Маралдыда іс жүзінде, жергілікті тұрғындардан ешкім қалмаған десе де болады. Бұл жерде мектеп баяғыда жабылған және бұрынғы Фадихада небәрі бес отбасы өмір сүруде. Осыған қарамастан, бұл елді мекен еліміздің географиялық картасында әлі де бар.
Алыптың ізі ме?
Әрине, маралдылық нысанның шығу тегі туралы әртүрлі болжамдар айтуға болады. Мысалы, неліктен атланттар, көне адамзат туралы теорияларды еске түсірмеске?
Өйткені барлық бес континенттегі мифологияда жер бетінде әлдебір заманда билік еткен алыптардың мәдениеті туралы естеліктер бар. Египеттіктердің пікірінше, олардың алғашқы әулеттері алыптардан шыққан, олар теңізбен жүзіп келген, медицина мен пирамида құрылысына үйреткен.
Өздерінің «Жаратылыс тарихында» римдік Плиний төбешік құлағанда, балуанның сүйек қаңқасы табылған, оның бойының биіктігі 20 метрге таяу болған және оны Орион деп атаған. Ал ғалым-философ Филостраттың айтуынша, Эфиопияда бойының ұзындығы 16 метр болатын адамның обасы табылған.
Тайлықтардың мәлімдеуінше, жабайы адамдардың бойы өте үлкен болған. Христиандар келгенге дейін скандинавтықтар әлем жаратылғаннан кейінгі алғашқы адамдар өте биік болған деген тұжырым айтады.
Әртүрлі жылдардағы бүкіл әлем бойынша табылған археологиялық қазбалар көне заманда жер бетінде алып-адамдар өмір сүргендігін растайды. Алыптардың табылуы туралы куәліктер әлемнің әрбір бөлігінде дерлік болған. Мысалы, алыптардың мүрдесі Австралияда табылған, мұнда антропологтар ұзындығы 67 және ені 42 мм болатын азу тісті тапқан. Тістің иесінің бойы 7,5 метр, ал салмағы 370 килограмм болуы тиіс. Көмірсутегі сараптамасының көмегімен қазбаның жасы анықталған – 9 миллион жыл…
«Бес саусақ» нені білдіреді? Миллиондаған жылдар бұрын тасқа айналған алыптың алақанының ізі емес пе? Бұл сауалға ғажайып нысанды ғылыми тұрғыда зерттеу нәтижелері ғана жауап бере алары анық. Ал біз әзірге тек болжам жасай аламыз…
Шамиль Багаутдинов
Катонқарағай ауданы.