Қоғам

Бір айда бір миллион мейман келді

Бір айда бір миллион мейман келді


Әне-міне дегенше ЭКСПО көрмесінің ашылғанына да бір ай болыпты. Сол бір айдың ішінде көрмеге келген адамның саны бір миллионға жетті.

11 шілде күні кешкі сағат 18.06-да қалашықтың өткізу бекеттерінде орнатылған бейнебақылау камералары мен адам санын есептеуіш құралдар миллионыншы мейманды тіркеді. Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны Гүлжихан Жаңабергенова көрмеге жолдасы мен үш жасар қызын ерте келген екен.

-Мен №76 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет етемін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын. Бірінші жолы «Нұр Әлем» павильонына кіре алмаған едім. Шынымды айтсам, осындай қуанышты жағдайға тап боламын деп ойламадым, тіпті, ЭКСПО-ға келген адамдар саны тіркеліп отыратынын да білмеппін, – дейді Гүлжихан Жаңабергенова.

Айы оңынан туған мейманды «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов құттықтап, естелік сыйлықтар мен көрмеге және Дю Солей циркінің қойылымына билеттер тарту етті.

Кәдесый саудасы қызып тұр

Миллион адамның павильондарға кіріп-шығу көрсеткіші алты миллионға жетіп жығылды. Бір ғана «Нұр Әлемнің» өзіне 303 мың адам бас сұғып, қонақ болды деген дерек бар. Бұл жөнінен «Нұр Әлемге» ешбір нысан тең келе алмай тұр. О баста ЭКСПО-ға қазақстандықтардан кейін қытайлықтар көптеп келеді деп күтілгені белгілі. Тіпті, оңтүстіктегі көршілеріміз көрме бойында екі миллион турист жіберуге ниет танытқан болатын. Әзірге бұл уағдаластық орындалмай отыр. Көрмеге шетелдіктер арасында ең көп келген халық – ресейліктер (35,5 мың адам). Одан кейінгі орында Германия (19 мың адам) тұрғындары. Қытайлықтар (11,5 мың адам) тек үштікті түйіндеді.

Жалпы, шетелдіктер қалашыққа енген қонақтардың 14 пайызын құрап тұр. Осы бір ай ішінде көрмені 160 мың қазақстандық арнайы жолдама бойынша аралаған. Мұндай жеңілдік оқушылар мен студенттерге, зейнеткерлер мен соғыс ардагерлеріне, алты жасқа дейінгі бөбектер мен мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне ұсынылуда.

ЭКСПО құрметіне Астана төрінде ірілі-ұсақты 1031 мәдени-сауықтық шара ұйымдастырылды. Ал ресми өкілдер 84 мәрте бас қосып, қаулы қабылдасқан. Астанада кәдесыйлар саудасы қызып тұр.

Бір айда бір миллион мейман келді

– Көрме аясында 80 миллион теңгенің 40 мың дана кәдесыйы сатылды, – дейді «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясының коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.

Ал көрме қонақтарына ас ұсынып тұрған 25 стационарлық нысан мен 33 дүңгіршек 210 мың адамға қызмет көрсетіпті.

Д.Еркімбаевтың айтуынша, осы күнге дейін барлығы 1,8 млн. билет сатылған. Халықтың қалауын, иін тірескен кезекті ескере отырып, ұйымдастырушылар ЭКСПО аумағына «кешкі билеттер» енгізді. Бұл билет арқылы кешкі сағат 18.30-дан көрме жабылғанға дейін қыдыруға болады. «3+1» акциясына 14,5 мың адам жүгініпті.

Еліміздің өзге өңірлерінен ЭКСПО қалашығына 407700 адам келіпті. Әзірге топ басында Қарағанды. Ақмола және Павлодар облыстары тұр.

Апулия өңіріне виртуалды саяхат

Көрменің халыққа ұнағаны соншалық, ата-аналардың көбі балаларынан көз жазып қалуда. Қауіпсіздік департаментінің директоры Рүстем Шәкеновтің айтуынша, өткен бір айдың ішінде 670 күтпеген оқиға тіркелген екен. Соның 90 пайызы бала жоғалтумен байланысты.

-Шетелдік азаматша өз баласын жоғалтқан бір оқиға тіркелді. Өздері көрмені жайымен тамашалап, тоқтаған үйлеріне қайтып кеткен. Балалары сол кезде естеріне бірақ түсіп, дабыл көтереді. Біздің қызметкерлер баланы аман күйінде анасының қолына табыстады, – дейді Р.Шәкенов.

Бір айда бір миллион мейман келді

Бұдан былай көрме аумағында жоғалған балаларды қабылдайтын бекет жұмыс істемек. Бұл, бір жағынан, қауіпсіздікке жауапты мамандардың жұмысын да жеңілдетуі тиіс.

Өтіп бара жатқан апта ЭКСПО қонақтары үшін Италияның Апулия өңіріне виртуалды саяхатпен есте қалды. Бұл өңірде өндірілетін энергия мөлшері тұтынылатын энергиядан екі есе көп. Су, жел, күн, биомасса сынды көздерден бөлек, қоқыстан да энергия өндіреді бұл өлке.

-Біздің Апулияда энергияның 30 пайызы балама көздерден алынады. Негізгі басымдықты өндіруге емес, үнемдеуге бердік. Соның арқасында тұтыну мөлшері екі есеге азайды, – дейді энергетика және цифрлы инфрақұрылым бюросының жетекшісі Кармела Ларадеста.

Итальяндықтар Қазақстан тарапына осы бағыттағы 10 жобасын ұсынды. Ондағы негізгі мақсаттары – қазақстандық инвесторларды тарту. Биомассаны екінші қайтара өңдеу, ашық бу қабылдағыш, төменгі сұрыпты жанармайды жалынсыз жағу, көмірсутек талшықтарын пайдалану сынды технологиялар итальяндықтардың түсінігінде баламалы энергияның ең зиянсыз түрі.

Польшаның орман күндері

Бір айда бір миллион мейман келді

Ал Польша астаналық әріптестеріне орманды қауіпсіз әрі зиянсыз игерудің құпияларымен бөлісті. Бұл ел ағаш өңдеуден орасан пайда көріп отырғанына қарамастан, жыл сайын ағаш қорын молайтып келеді. «Польшаның орман күндері» деген тақырыппен өткен конференцияда бұл мемлекет жыл сайын ағаш экспортынан екі миллион еуро табыс тауып отырғаны баяндалды.

Германия апталығы қарсаңында Астана төрінде елден ерекше концерт өтуде. Өйткені, осы елдің атынан Cliff Barnes & The Fear Of Winning ұжымы өнер көрсеткен болатын. Бұл топтың ешкімге ұқсамайтын өз ерекшелігі бар. «Экологияшыл музыканттар» жарық пен дыбыс күшейткішке, электрлі аспаптарға қажет энергияны өздері өндіреді. Ол үшін арнайы велосипед құрастырған екен. Бұл кеште халық әдемі ән тыңдап қана қоймай, энергияны қалайша қолдан өндіруге болатынын көрді. Осылайша, алмандықтар мәдени шаралардың өзін экологиялық бағытқа бұрып, Астананың үндеуіне үн қоса білді.

Тілге құрмет – елге құрмет

Германиядан қалғысы келмеді ме, АҚШ павильоны да бұл орайда ұтымды қойылымдарымен елді өзіне тартты. Қазақ тіліне келгенде қамшы салдырмайтын елші Джордж Кролл бастаған америкалықтар мерекелік шараны бастан-аяқ қазақ тілінде өткізді. Онымен шектеліп қалмай, екі елдің ұлттық музыкасынан паппури орындады, жұрттың бәріне «Дударайды» шырқатып, «Қамажай» биін билетті. Қазақ күйлерін батыстық аспаптарға салып ойнатуы да ел көңілінен шықты.

ЭКСПО аясында боксшы қыз Фируза Шарипова да жекпе-жек өткізуге бекініп отыр. Чемпиондық атақ үшін өтетін талас 26 тамызға жоспарланған. 22 жастағы боксшы осы жекпе-жекті жеңіспен аяқтаса, кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ әйелі атанбақ.

Бір айда бір миллион мейман келді

ЭКСПО тың технологиялардың тұсауымен қоса жас жұбайлардың некесін де қиюда. Астана күні қарсаңында 40 жұп өз некелерін қидыру үшін ЭКСПО қалашығына бас сұққан болатын. Күні ертең осы жұптар дүниеге келген балаларын «Экспогүл», «Экспобек» деп қойып жатса, таң қалмаңыз.

ЭКСПО аясында «Сарыарқа» велотрегінде асық атудан «Алтын сақа» халықаралық турнирі өтті. Дәстүрлі жарысқа Қырғызстан, Моңғолия және Қытай спортшылары келді. Сонымен қатар, Алматы, Астана қалалары мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының құрама командалары қатысты. Турнирде ерлер арасында 13 команда, қыздар арасында 8 команда бақ сынасты. Үш күнге созылған бәсекеде ерлер арасында «Қазақстан» командасы бірінші, Қырғызстан екінші орынды жеңіп алды. Ал үшінші орын Жамбыл облысына бұйырды. Қыздар арасында өткен «Бес тас» сайысында жүлделі орындарды Қостанай, Астана және астаналық «Жігер» құрама командалары өзара бөлісті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button