Бір ауысымда 15 қараның етін өңдейді
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында аягөздіктер тағы бір үлкен қуанышты сәтті бастан кешірді. Жаңа ет комбинатының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Бақытжан Байахметов жиылған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтай келіп, бүгінгі өндіріс орнының іске қосылуы ел Тәуелсіздігінің арқасы екенін жеткізді.
– Аягөз ауданы ежелден жайылымы ұлан-ғайыр, жері құнарлы болғандықтан, мұнда мал шаруашылығы жыл өткен сайын қарқынды дамып, төрт түліктің саны артып келеді. Сондықтан өнімді өңдейтін цех ашу заман талабы болды. Осыны ескерген «Племзавод Қалбатау» ЖШС директоры, кәсіпкер Қ.Ешмұратов қаланың солтүстік беткейінен құны 170 млн. теңге болатын ет комбинатын ашып отыр, – деді ол.
Бір ауысымда 15 ірі қара сойып, оны өңдеп, 1,5 тонна шұжық шығара алатын ет комбинаты әзірге малды тек осы өңірден жинай бастады.
– Өздеріңізге мәлім, кеңестік жүйе тұсында Аягөзде әжептәуір ет комбинаты болған еді. Тоқсаныншы жылдары ол жабылып қалды. Оған бармағын шайнамаған адам жоқ. Өйткені, етті шикізат күйінде емес, оны өңдеп сатсақ, алар пайданың да арта түсері анық. Бұл енді нарық заңы ғой. Осыларды ескере келіп, біз осындай ет комбинатын салуды ұйғардық. Қазірдің өзінде Ресейден тапсырыс түсіп жатыр, – дейді «Племзавод Қалбатау» ЖШС басшысы Қ. Ешмұратов.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.