Қоғам

Бір ауылды асырап отырған азамат

Бір ауылды асырап отырған азамат


Бір ауылды жұмыспен қамтамасыз етіп, дұрысы, асырап отырған кәсіпкер Қайрат Бөкежановты білмейтіндер кем Зырян өңірінде. Тоқсаныншы жылдардың соңында жалпақ елді дағдарыс жайлап, «байтал түгіл бас қайғы» болған аласапыран шақта Бородинодағы жалғыз қарашаңырақ – мәдениет үйін сақтап қалған оның ерлігін ауылдастары еш ұмытпайды.

Ерлік демей көріңіз мұны. Өзге жұрт өз отбасын әрең асырап-баққан сол бір қиын-қыстау кезде Қайрат Қалибекұлы тірі жанға керегі болмай қалған мәдениет ошағын, ішіндегі кітапханасымен бірге қамқорлығына алған. Қыста отын-суын жеткізу, жазда ғимаратқа түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты міндеттерді мойнына алған кәсіпкердің қос мекеме қызметкерлеріне қалтасынан тұрақты еңбекақы төлеп, ауыл жұртының рухани өмірден қашықтап қалмауына қолдан келгенше қолдау білдірген еңбегін басқаша қалай айтамыз?! Кейін 2010 жылы қожалық жетекшісі біраз жыл бойы тоздырмай ұстаған мәдениет үйін мемлекетке тегін қайтарып, мәрттік жасады. Мұндай азаматтар аз ғой.

Зырян ауданындағы «Бородино» шаруа қожалығы бұқараны жоқшылықтың қамыты қажап, тұрмыс тауқыметі тұралатқан 1997 жылы құрылған. Елдің еңсесін езген қиындықтарға қарамастан жатпай-тұрмай еңбектеніп, алғашқы кездегі ауыртпалықтың бәрін қайыспай жеңген құрылым басшысы Қайрат Бөкежанов бұл күнде қожалығын аяққа нық тұрғызып, мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытуда. Қазір оның қолында 700 басқа тақау асыл тұқымды ірі қара, оның ішінде 270 бас сауын сиыр бар. Өткен жылы қожалық 20 тоннаға тарта ет, 755 тоннадай сүт өндірген екен. Сүттің 611 тоннасын «Шығыс-Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қабылдаған.

– Мал шаруашылығының өнімділігі мен тауар сапасын арттыру мақсатында мемлекеттен 5,9 млн. теңге көлемінде субсидия алдық. Қазір 2016-2017 жылдарға белгіленген тауарлы-сүт фермасын дамыту жобасына сәйкес 400 сауын сиырға арналған қолданыстағы ферманы 600 басқа дейін ұлғайту бойынша қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жобаның жалпы құны шамамен 54,3 млн теңгені құрайды, – дейді Қайрат Бөкежанов.

Оның сөзінше, биылғы ақпанда Ресейдің Новосібір қаласындағы «ЭкоАГРО» жауапкершілігі шектеулі қоғамының өкілдерімен кездесу болып, сол жерде сүт өндіру қондырғыларын сатып алуға келіскен. Құжаттарға қол қойылған. Қондырғылардың жалпы құны 6771,0 мың рубль (сол кездегі бағаммен 34061,3 мың теңге). Келісімшартта көрсетілген төлем кестесіне сәйкес төрт траншпен тиісті сома төленген. Сатып әкелінген қондырғыларды новосібірлік әріптестер өздері келіп орнатып, онымен қалай жұмыс істеуді жергілікті мамандарға үйрету міндеттерін де қалтқысыз орындаған.

Ал «Бородино» шаруа қожалығы өзінің 20 млн. теңге қаражатына ғимаратқа қайтадан жөндеу, яғни, шатырын жауып, есік-терезелерін, қақпасын орнатып, қабырғасын кеңейтіп және басқа да жұмыстар жүргізді. Жаңа ферма іске қосылғаннан кейін жұмысшылардың санын 150-ге дейін жеткізу жоспарланған.
Сүт демекші, шаруашылықта әрбір жұмысшыға тәулігіне 0,5 литр сүт, сондай-ақ, арнайы жұмыс киімдер тегін беріледі. Одан бөлек азық-түлік, жемшөп, отын сияқты қажеттіліктер тағы бар. Мұның бәрі жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мақсатында жолға қойылған. Керек десеңіз, жұмыскерлерін жыл сайын медициналық тексеруден тегін өткізуге, қажетті ем-домына ақша тауып беруді де кәсіпкер азаматтық һәм басшылық парызы санайды. Ал алты ай қыста Бородино ауылының көше жолдарын ешқандай ақы-пұлсыз-ақ қалың қардан тазартып тұру шаруашылықтың құрылғалы бері мүлтіксіз атқарып келе жатқан шаруасы.

– Мұнда мен құрылғалы бері істеп келемін. Жалақымыз тәуір, уақытында аламыз. Еңбек жағдайы жасалған. Басшымыз жақсы адам. Өзінің жұмысшыларына ғана емес, бүкіл ауылға көмектеседі. Ешкімнің меселін қайтарған емес. Азық-түліктен, жемшөп пен отыннан құдайға шүкір тарығып көрген жоқпыз. Ауылдағы адамға бұдан басқа не керек? – дейді шаруашылық механигі Николай Короченко.

Бүгінде Қайрат Бөкежановтың иелігінде «Бородино» деген атпен шаруа қожалығы және жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Жыл жылжыған сайын бұл құрылымдардың керегесі кеңейіп, берекесі арта түсуде.

Серік Құмарғалиұлы
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button