Бір ауылды асырап отыр

Жақында Зярян ауданында іссапарда болғанымызда, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов қаладан 50 шақырым жердегі Бородино ауылының тұрғындарын асырап отырған бір азаматтың жұмысымен танысуды ұсынды. Ойланып жатпастан ауылға ат басын тіредік. Көшелеріне асфальт төселген, орта мектебі, балабақшасы, фельдшерлік пункті, Мәдениет үйі жарқырып тұрған Бородино ауылынан тазалық пен жинақылықты байқадық.
-Сенесіздер ме, бұл ауылда үй-күйі жоқ адамдар мүлдем жоқ, Өскемен мен Зярянның бірнеше елді мекендерінен сауыншы, механизаторлар келіп, үй алып, айына 100 мың теңгеге дейін жалақы табады. Мамыр айында өңір басшысы Даниал Ахметов Зярян ауданына іссапарға келген кезде, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Бородино ауылына екі пәтерлі бес үйдің құрылысына салуға тапсырма берді. Аманшылық болса, үйдің құрылысы қыркүйектің соңында аяқталмақ, – деді аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлы.
Мығым денелі, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, бір ауылдың адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Қайрат Бөкежанов бұдан 20 жыл бұрын шаруа қожалығын құрып алыпты. Бастапқыда қиындықтар аз болған жоқ, алайда, бала кезінен ауылда өсіп, еңбекте шыңдалған азамат ізденіс пен іскерлік таныта білді. Қазір ол басқаратын қожалықта бір мың басқа жуық ірі қара, оның ішінде 400-і сауын сиыр, жылқы, ұсақ мал бар. Облыста қазіргі кезде тауарлы-сүт фермаларын құру қарқын алуда. Өткен жылы құрылған сүт фермасында сиыр санын бірер жылда мың басқа жеткізу ойда бар. «Бородино» серіктестігі және осы аттас шаруа қожалығы биыл 3700 гектарға астық егіпті. Өткен жылы астықтың әр гектарынан 22, ал күнбағыстан 26 центнерден өнім алған. Биыл да егіннің шығымы жаман емес.
-Мойылдыда (қазақша атауы) 160 отбасы тұрып жатыр. Қазіргі кезде ауылда жұмыс жоқ, жастар қаланы төңіректейді деген сөзді жиі естиміз. Меніңше, бұл – жалған сөз. Екі қолға бір күрек дегендей, жастар бізге келсін. Жұмыс береміз, жуық арада үйге ие болады. 15 жыл еңбек етсе, оны жекешелендіріп алады. Облыс әкімі Даниал Кежетайұлына рақмет, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біздің ауылда екі пәтерлі бес үйдің құрылысы басталды. 89 миллион теңге қаржы бөлінді. Соңғы бір-екі жылда біздің ауылға басқа жақтан бірнеше отбасы көшіп келді, барлығына үй бердік, жұмыспен қамтамасыз еттік. Мәселен, Ольга Королева Никольскіден,Мария – Өскеменнен келді, сауыншы болып еңбек етіп, айына 100 мың теңге табыс табуда. Марияның күйеуі Владимир Степанов қырманда жұмыс істеуде. Көшіп келген он жанұяға жұмыс тауып бердік. Ұзақ жылдар бірге еңбек етіп келе жатқан, 50 адамға жетекшілік ететін бригадир Ольга Бородовкина, жұмысшылар Роман Каневский, Николай Каратаев, Раушан Хамзина, Анна Никифорова, тағы басқалардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз,-дейді бір ауылды асырап отырған Қайрат Қалибекұлы.
«Нарын-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақылбек Омаров басқаратын бригадасы тұрғын үйдің құрылысын бір ай бұрын бастапты. Іргетасы биік, ағаштан көтеріліп жатқан үйдің тез салынатыны белгілі.
-Біз сапаға көңіл бөлеміз, Қасым Омаров, Рустам Егізбаев – тәжірибелі құрылысшылар. Бес үйді де бір мезгілде, қыркүйектің соңына таман пайдалануға береміз. Әр үйдің бағасы 8 миллион теңге мөлшерінде, – деді бригадир.
Ауылдағы фельдшерлік пунктке кірдік. Іші таза, шағын бөлмеде екі фельдшер, бір санитар қызмет етеді екен. Юлия Тулюкова, Надежда Самородова, Анара Сматованың қызметіне жерлестері разы.
Қайраттың қайырымдылығы жайында ауыл тұрғындары жыр қылып айтады. Бұдан жиырма жыл бұрын ол ауылдағы клубты сатып алып, тұрғындардың игілігіне берген. Балабақшаның бес қызметкеріне жалақы төлеп отырған. Тіпті, екі пәтерлі бес үйдің жобасын жасауға өз қалтасынан қаржы төлеген. Ауылдың 200 адамы пайларын беріп қойғандықтан, олардың жем-шөбі, соғымы, басқа да материалдық жағдайларын шешу – азаматтың борышы. Шағын ғана, көрікті ауылдың тұрғындары Қайрат Бөкежановтың атқарып жатқан игілікті істеріне ерекше риза.
Оңдасын Елубай
Зырян ауданы.