Бір ауылды алатайдай бүлдірді

Суық хабардың суыт тарайтын әдеті емес пе? Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылынан алаяқ шығыпты деген әңгіме ел арасына лезде жайылған. Ұзынқұлақтың ақпарына сенсек, Күміс есімді келіншек ауылдастарын 68 млн. теңгеге отырғызып кеткен.
Тауар түгіл тас та жоқ
Уәдеге құдай сөзіндей нанып, сертті пұлдай көретін ауылдағы ағайынды әккі келіншек 2011 жылдан бері сылдыр сөзбен адастырып келсе керек. Құжатқа құнтсыз ағайынның аңғалдығын малданған азаматша бүгінде қамауға алыныпты. Ал қулықтың құрығына іліккендер күдіктіні қарғап-сілеуден басқа амал таппай, опық жеп отыр.
-Ораза айтқа бір күн қалған болатын. Үйге Күміс Төкен есімді ауылдасым келді. Қытайдан тауар күтіп жүргенін айтып, соған дейін 300 мың теңге қарыз сұрады. Күйеуім қабір қазысуға кеткен. Телефон шалып ақылдасуыма да мұрсат бермеді. Қасиетті айт мейрамын араға салып, өлердегі сөзін айтты. Менің келісімімді ести сала такси шақыртты. Бала-шағаны шұбыртып «Каспий банкке» келдік. Банк операторының алдында 300 мың теңгенің орнына 1100000 теңге сұратты. Қалай келісе салғанымды әлі де ұқпаймын. «Алты-ақ күнде жаба салам. Тіпті, күйеуің білмей де қалады», – деп сендірді. Банк қызметкері де сұраған соманы лезде шығарып бере қойды. Енді ойлап отырсам, бәрі алдын ала ойластырылған алаяқтық операция екен, – дейді Шығыс ауылының тұрғыны Майра Бақат.
Күміс мұнымен тоқталмай, ертеңінде Майраның жолдасын да қармағына түсіріпті. Оның атына да 1100000 теңге несие рәсімдеген.
-Ертеңінде күйеуім де Күміске несие алып бергенін айтты. Істің насырға шапқанын сол кезде ғана ұқтық. Жалма-жан үйіне іздеп бардық. Оның ешқандай да тауар күтіп отырмағанына сонда ғана көзіміз жетті. Бірақ тым кеш болатын. Сөйтсек, 2011 жылдан бері дәл осындай жолмен 57 адамды алдапты. Арасында Ұлан ауданының тұрғындары да бар, – дейді Майра.
Алшаң басқан алты жыл
Бұл оқиғада түсініксіз жайт тым көп. Ақшаға құныққан әйелдің ашкөз әрекеті алты жыл бойы алақандай ауылда қалайша әшкере болмай келгені түсініксіз. «Каспий банктің» Күміс Төкен жетектеп әкелген адамның бәріне бірдей сұраған сомасын босата беруі де күмәнді. Осыншама адамның аузынан жырып алған қаржыны күдікті түгелдей өзі жаратты ма, деген сауалдың да басы ашық.
Қазір Майра Бақат айлығының тең жартысын Күміс Төкен алғызған несиеге төлеп отыр.
-Айлығымның тең жартысын «Каспий банк» ұстап қалады. Сенгіштіктің кесірінен бала-шағамыздың ризығын ауыздарынан жырып, несиеге беруге мәжбүрміз. «Каспий банктен» қалғаны күнделікті күнкөріске жетпей жүр – деп кейиді Майра.
Дәл осындай жағдайға Болат Шәку мен Жамалқан Әлімқазы да душар болыпты. Олар да ерлі-зайыпты жандар. Екеуі де көңілжықпастықпен Күміс Төкенге несие алып берген. Енді соны төлеуге мәжбүр.
Шығыс ауылының алданған тұрғындары Күміс Төкен бостандықта жүр деген сыбыс естіпті. Редакцияға соған алаңдайтындарын айтып хабарласқан еді. Бұл іс №2 Өскемен қалалық сотқа 10 қараша күні түсіпті. Ал күдіктіні бұлтартпау мақсатында тергеу изоляторында қамап отыр.
-Бұл іске 57 адам зардап шегуші ретінде тіркелген. Барлығын Күміс Төкен есімді азаматша несие алуға көндірген. Зардап шегушілер оның несиені өзі өтейтініне сеніп қалған. Істің фабуласы осыған саяды. Алаяқтық жолмен жұмсалған ақшаның жалпы сомасы 60 млн. теңге. Әзірге сот талқылауын өткізетін күн белгіленген жоқ. Күдікті тергеу изоляторында отыр, – дейді №2 қалалық соттың баспасөз қызметі.
«Сіз үшін тағы не істей аламыз?»
Бір қызығы, аталмыш істе «Каспий банк» қызметкерлері куәгер ретінде де, басқалай да сотқа тартылмапты. Ал алданған тұрғындар банктің несиені қайтарту әрекеті «жау жағадан алғанда бөрінің етектен жармасқаны» сияқты әсер етіп жатқанын айтады.
-Күмістің жымысқы әрекеттері әшкере болған кезде Шығыс ауылының тұрғындары жиналып, «Каспий банкке» арыз жолдадық. Онда атымызға алынған несиені Күміс Төкеннің жаратқанын баяндап, сот шешімі шыққанша несие төлеуді талап етпеулерін сұрағанбыз. Одан нәтиже болмаған сыңайлы. Ескертулер толассыз келіп жатыр. Банк бізді сотқа бермекші, – дейді Болат Шәку.

Жығылғанның үстіне жұдырық арқалаған ағайынның ендігі үміті сотта. Бірақ құжат бойынша мойындарында тұрған несиеден құтылу айтуға ғана оңай екенін өздері де сезеді. Сөйте тұра, әділдік сұрап прокуратураға да, жергілікті әкімдікке де жүгініпті. Ондағылар да соңғы шешімді сот шығаратынын айтып, шығарып салған. Көңілжықпастық орға жыққан тұрғындардың ауылды алатайдай бүлдірген жерлестеріне сырттай тіс қайрағаннан басқа қылар қайрандары жоқ.
Бұл не деген батпан құйрық?
Өткен айда Семей қаласында да бірнеше адамды қан қақсатқан алаяқтар ұсталды. Олар да өзге адамдардың төлқұжаты арқылы несие алған. Жұмыс іздеп жүрген халықты ғаламтор арқылы шырғалаған топ жалпы сомасы 1,5 млн. теңгені өз пайдаларына жаратқан. Бір жарым жылдың ішінде «онлайн-алаяқтарға» ондаған семейлік алданыпты.
Алданғандардың барлығы ғаламтордағы хабарландыру бойынша жалған компанияның көмегіне жүгінген. Ондағылар жалғыз жеке куәлік арқылы белді ұйымдарға қызметке орналастыруға уәде беріп, азаматтардың құжатын алып отырған. Ең қызығы, бұл «көмегі» үшін ешқандай ақы сұрамаған.
Жұмыссыздықтан әбден қажыған тұрғындар шарттың дәл осы күмәнді тұсына көз жұма қараса керек. Ешқандай тамыр-таныстың көмегінсіз, ешкімге пара бермей-ақ қысқа мерзімде жұмысқа орналассақ деген армандар осылайша көкке ұшқан.
Бөтен құжаттар қолға түскен бойда жымысқы топ әрбір адамға орта есеппен 10 мың теңгеден онлайн-несие ресімдеп отырған. Ол ақшаны өздеріне аудару үшін екінші деңгейлі банк арқылы банкомат картасы мен шот ашқан.
-Қазірдің өзінде осы топтың құрбаны болған 90 адам белгілі. Осыған ұқсас шағымдар Семей қалалық ішкі істер басқармасына әлі де түсіп жатыр. 31 және 34 жастағы екі күдіктіге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Соңғысы сыбайлас ретінде жауапқа тартылмақ. Оларға Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөліміне сәйкес алдын ала келісілген топтық алаяқтық бойынша айып тағылды, – дейді облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Бақытжан Торғаев.
Әлемжелінің әлегі
Ішкі істер қызметкерлері төлқұжаттың деректерін бөгде адамдарға бермеу керектігін ескертіп отыр.
-Түрлі брокерлер мен бейтаныс адамдарға, күдікті интернет-ресурстарға төлқұжаттың деректерін беруге болмайды. Ақпараттық телекоммуникация дамыған сайын интернет арқылы алдап соғудың амалдары да түрленіп барады. Алаяқтар өте білімді келеді әрі адам психологиясын жіті меңгерген. Адамның сеніміне кіру олар үшін бұйым емес. Алаяқтықтың азаймауына халықтың сенгіштігі мен құқықтық сауатсыздығы да негіз болып тұр, – дейді Б.Торғаев.
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі тұрғындарды Коlesa.kz, Оlx.kz, Вконтакте, Инстаграм сияқты әлеуметтік желілер мен сайттарда абай болуға шақырады. 11 айдың ішінде облыс бойынша осы ресурстарды қолдану арқылы іске асқан 87 алаяқтық фактісі тіркеліпті.
«Olx.kz», «Вконтакте» желілері арқылы алаяқтар төмен пайызбен қарыз беретіндерін жариялап, қызмет ақысы мен сақтандыру шарасына Qiwi терминал арқылы ақша аударуды сұрайды. Ақша аударылған сәттен бастап оларға хабарласу мүмкін болмайды.
Ал Коlesa.kz сайты арқылы алаяқтар қосалқы бөлшектер саудасына қатысты «фейк» хабарландырулар таратады. Қосалқы бөлшекті сізге жөнелту үшін тағы да сол Qiwi-әмиян арқылы ақшаның бір бөлігін аударуыңыз қажет. Мұнда да «сауда сақал сипағанша».
Жыл басынан бері осы интернет-ресурстар арқылы алаяқтық жасаған жеті адам ұсталған. Олардың барлығы да Шығыс Қазақстаннан тыс өмір сүретін болып шықты. Еліміздегі заңнама алаяқтық әрекет үшін 4000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе түзету жұмыстарын тағайындауы мүмкін. Сондай-ақ төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Мақаланың басында айтылған Күміс Төкен қылмысы дәлелденсе, осы айтылған жазаның біріне жолықпақ. Оған алданған аңғал ағайынның несиесін кім қайтаратыны да сот залында шешіледі. Күн өткен сайын алаяқтық пен адамгершіліктің ара жігін ажырату қиындап бара жатқаны алаңдатады. Тас лақтырсаң, алаяққа алданған қазаққа тиеді. Осындай оқиғалардың жат түгіл жақындардың арасындағы сенімге селкеу түсіретіні, жан біткенді бір-біріне жат қылатыны өкінішті. Қауіп қайдан келерін айтпайды. Сіз де сақ жүріңіз, оқырман.
Есімжан Нақтыбайұлы