Қоғам

Бір ғасыр ғұмыр кешкен кейуана 37 немере, 49 шөбере сүйіп отыр

      Бір ғасыр ғұмыр кешкен кейуана 37 немере, 49 шөбере сүйіп отырҒибрат

Күршім ауылының тұрғыны Ғайныкеш Әжікенова әжей жақында 100 жасқа толды.
Ғайныкеш әжей 1914 жылдың қақаған қаңтарында Зайсан көлінің жағасынан орын тепкен, кейінірек су астында қалған Ойран дейтін шағын балықшы ауылында дүние есігін ашқан екен. Әкесі Тәппай мен шешесі Ғазиза қарапайым шаруа адамдары болған. Екеуі 4 ұл, 2 қыз сүйеді, өкінішке қарай, қиын кезеңдегі жұқпалы аурулардың салдарынан 4 ұл тегіс шетінеп, сәби шақтарында опат болыпты. Ал соңынан ерген жалғыз сіңлісі Гүлзағипа өткен жазда 77 жасында қайтыс болды.
– Бізде сендер айтып жүргендей бақытты балалық шақ деген болған жоқ, шырағым, – дейді Ғайныкеш әжей кенеттен тұнжырай қалып. – Ес біле сала тіршіліктің тауқыметіне бел шеше араласып кеттік. Балық ауладық, тары ектік, бау байладық, әйтеуір қорек тауып жеудің қамымен ыңғайы келген жұмыстың бәрін істедік. Бертінірек, колхоз құрылған тұста да жетіліп кеткеніміз шамалы, күндіз-түні тыным көрмей, соның шаруасында болдық.
Тұрмысқа қалай шыққанын сұрағанымызда әлі күнге дейін санасы сергек, қимылы ширақ әжейдің жүзінен қуақы күлкінің табы білінгендей болды.
– Ой, сол тұрмысқа әрең шыққан жоқпын ба, – дейді әжеміз. – Кеңестің бойдақтарға салатын салығын да төледік қой, күйеуге шықпадыңдар деп салған. Қалаған уақытта шыға салатындай, жерде жатқан жігіт бар ма?
Тағдырдың жазуы сол кезде біраз жасқа келіп қалған Ғайныкешті мұғалім болып, бала оқытып жүрген Қинаят Әжікенұлы деген азаматқа жолықтырады. Қинаяттың әйелі қайтыс болып, үш жас баламен қиындық көріп жүрген шағы екен. Көңіліне жаққан жігіттің етегінен «тәуекел» деп ұстаған ширақ бойжеткен балаларды да сыртқа тепкен жоқ. Өз перзентінен кем көрмей, бағып-қағып жеткізді. Бүгінде екеуінен өрбіген он баланың тату-тәтті тірлік кешіп, қимас ағайын болып отырғаны сол қамқор әке мен мейірлі ананың оң тәрбиесінің жемісі болса керек.
– Шалым ұзақ жылдар ұстаздық етті, – деп еске алады әжей. – Отбасында бала көбейді, оларды жалғыз әкенің мардымсыз жалақысымен асырау қиынға түсе бастады. Сол себепті Қинаят совхозға кіріп, малшы болды. Сөйтіп, қой да бақтық, сиыр да жайдық, қысқарта айтқанда, бір кездегі Дарствен ауылында тұрып, XXII партсъезд атындағы совхоздың отымен кіріп, күлімен шықтық. Еңбегіміз жеміссіз болған жоқ, балалардың бәрін жеткіздік, оқытып, ел қатарына қостық. Шалым 1974 жылы 65 жасында дүниеден өтті.
Кеудесінде «Алтын алқа», «Тыл ардагері» төсбелгілері жарқыраған Ғайныкеш әжейді жақсы білмейтін жан жүз жаста деп пайымдамасы хақ. Өзі кіріп-шығып жүретін ол жаз айларында қаз-тауыққа жем шашып, малдың да бір жағына шығысқысы келетін сыңайлы.
– Ойпырай, шеше, отыра берсеңші жайыңа! – деп кейде реніш те білдіреміз, – дейді күйеу баласы Әділбай. – Бірақ, апамыз отыра алмайды, біздің көзімізді ала беріп, әдетіне қайта басады.
Бүгінде он баласынан 37 немере, 49 шөбере сүйіп отырған Ғайныкеш әжей кей-кейде «іссапарға» шығып, Өскеменде, Риддерде, тіпті, сонау Жамбыл облысындағы Меркіде тұратын балаларына қыдырып барып қайтады екен.
– Кей шақта айлап жататын кезі де болады, – дейді қызы Ләззат. – Бірақ біраз жатқан соң жұмысынан қалып бара жатқандай, қайтуға асығады екен. Әділбай екеуіміз шаңырақ көтергенде қолымызға келген еді, әлі күнге осында, біздің жанымызда болғысы келеді.
Қызығымен қатар тауқыметі де мол бір ғасыр ғұмырды артқа салса да қажып-шаршамаған, осы мерейтойын ақыл-есі бүтін, қол-аяғы сау күйінде қарсы алып отырған көненің көзі, асылдың сынығы Ғайныкеш әжей қоштасарда бізге ақ батасын беріп, өмірімізге ақ жол тіледі. Аз уақыт әңгімелессек те, жылы пейілімен, ашық-жарқын мінезімен бәрімізді баурап алған ақ жаулықты анамен қимай қоштасқан біз де әжеміздің аман-сау болып, ұрпағының есепсіз қызығын әлі де ұзақ-ұзақ көре беруіне шынайы тілектестік білдірдік.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button