Бір ғасыр бұрын жасалған кісе белбеу
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры жыл сайын көптеген жәдігерлермен толығуда. Соның бірі – кісе белбеу.
Жәдігерді Өскемен қаласының тұрғыны Қанат Үкембаев тапсырды. Қанатқа мұны қазір Алматы қаласында тұратын ағасы Алик Үкембаев сыйлаған екен. Ал ағасына әкесінен қалған. Аликтің әкесі Қуаныш – 1920 жылы туған, Зайсан ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданға Зайсан ауданынан шақырылған. Кісе белбеуді 1909 жылы сол кездің танымал зергері Рахымғали Ошақбаев жасапты.
Рахымғали Ошақбаев – алтын, күміс металдармен жұмыс істеген шебер. Қария 66 жыл зергерлікпен шұғылданған. Шебердің қолынан шыққан күміс кісе, қамар белдік, сәнді сапы, пышақ, кездіктер, алқа, білезік, сақина, жүзік, түйреуіш, түйме, қапсырма сырғалармен өрнектелген ер-тұрмандар ерекше көз тартады. Зергер әр металдың техникалық қасиетін жақсы түсініп, оны көркемдік жағынан өңдеудің сан қилы әдістерін қолданады. Атап айтқанда, шеку, ойма, керту, ширату алтын жалату сынды зергерлік Рахымғалиға жеті атадан бері үзілмей келе жатқан мұра көрінеді. Ол 13 жасынан бастап өз бетімен зергерлікпен айналысқан екен.
Белбеу – киімнің бір бөлігі. Ер адамның белдіктері өзіндік жасалу, әшекейлену тәсілдерімен ерекшеленеді. Ерлер белдігін әшекейлеу барысында қолданылған құс бастары әсемдіктен басқа қорғаныш қызметін де атқарды. Осындай киелі құстардың басымен өрнектелген ерлер белдігі музей топтамаларында ондап саналады. Олардың барлығы былғары немесе басқа асыл маталарға 9-81-ге дейін данамен орнатылған. Тағы бір таңғаларлығы, ерлер белбеуін әсемдеу барысында құстар толық тұрқымен, ауада қалықтап тұрған бейнесі де салынғаны байқалды. Құс кескіндес оқалардың көптеп қолданылуы өлкемізде сұңқар, қыран құс, бүркіт, т.б жыртқыш құстардың молынан кездесетінін аңғартады. Құс кескіні күнделікті қолданылатын бұйымдарда, нақтырақ айтқанда, әсемдеу барысында қолданылатыны діни ұғым-наныммен тікелей байланысты болып келеді. Адам жаны мәңгілік жасай береді, құс тәрізді ұшып жүреді деген ұғымнан туындаған сенім негізінде ол көкте күнге жақын аспанда қалықтауы арқылы байлықпен бақытқа қол жеткізеді деген ұғымнан бастау алады.
Ал біздің кісе белбеуде құс бейнесі салынып, арабша жазу жазылған. Жоғарғы жағындағы жазу кімнің белбеуі екені, яғни – Мерғарап Халилұлы, астыңғы жағындағы жазу танымал шебердің аты – Ошақпайұлы және дайындалған күні 19 қыркүйек, 1909 жыл деп жазылған.
Назгүл Қапаева,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының қор сақтаушысы.
Өскемен.