Қоғам

Бір аптада бес миллион теңгенің «сәнді нөмірі» сатылды

  Бір аптада бес миллион теңгенің «сәнді нөмірі» сатылды

Облыстың бюджеті бір аптаның ішінде автокөліктерге берілген «сәнді нөмірлердің» арқасында төрт миллион, 902 мың, 244 теңгеге толықты.
20-қазаннан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның күшіне енгені белгілі. Аталған заңға сәйкес автомобильге цифрлық белгіленуі 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 мемлекеттік тіркеу нөмірін бергенi үшiн – айлық есептік көрсеткіштен 13 700 пайыз (ақшалай баламасы – 253 мың 724 теңге); автомобильге цифрлық белгіленуі 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 мемлекеттік нөмірі белгiлерін бергенi үшiн – айлық есептік көрсеткіштен 22 800 пайыз (422 мың 256 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж белгіленген болатын.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаевтың айтуынша, әкімшілік полиция басқармасы тіркеу-емтихан бөліністерінде бір жұмыс аптасының ішінде он алты «сәнді» мемлекеттік нөмір сатылыпты. Сатылған он алты мемлекеттік нөмірдің үшеуі – 001, екеуі – 777 нөмірлері. Бұл «мерейлі нөмірлердің» әрқайсысының құны 422 мың 256 теңге, қалған он бір нөмір 253 мың 724 теңгеден сатылған.
Республика көлемінде 20-25 қазан аралығында 342 нөмір сатылып, мемлекет қазынасына 119 миллион теңге түскен.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button