Қоғам

Боздақтардың рухына мәңгі тағзым

Боздақтардың рухына мәңгі тағзым


Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқының басына төнген ұлы нәубеттің құрбанына айналып, жазықсыз атылып, асылып, айдалып кеткен боздақтар Шығыс өңірінде де аз болмаған.

Солардың бірі өз заманының атқамінер озық ойлы азаматы, Зайсан ауданының тумасы, сталиндік солақай саясаттың құрбаны, «Халқым!» – деп жүріп, «халық жауы» атанған Кәрім Құндақпайұлы еді. Ол кісі жайында күні бүгінге дейін қаншама деректі материалдар жинақталып, архивтен өз қолымен жазған «Өмірбаяны», «Личный листок по учету кадров» т.б. құжаттары табылды. Ол жайында естелік кітаптарда, облыстық, аудандық баспасөз беттерінде жарияланды да. 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілетін облыстық, аудандық деңгейдегі дөңгелек үстелдер мен мәдени іс-шараларда бар болғаны 32 жыл ғана ғұмыр кешіп, сол бір сұрқия заманның құрбанына айналып кете барған азамат туралы естелік әңгімелер де көптеп айтылып келеді.

Атамыздың бәйбішесі:

– Аталарың кешегі ашаршылық кезінде талқаны таусылғалы тұрған қаншама адамға қол ұшын беріп, көшеде де ас-су таратқызып, үйге әкелгенін үйде тамақтандырып естерін жиып, етек-жеңдерін жабуға көп қайырымдылық жасаған еді. Ол да бір келмеске кеткен қасіреті қалың, қайырымсыз заман еді ғой. Қызметте жүргенінде сол кездегі адамдардың тыныс-тіршілігі туралы жазбалар жазып жүретін. Қазір күнделік деп жүр ғой, сол күнделігіне өзі туралы да, бұқара халықтың хал-ахуалы жайында да естеліктер жазып, «Мен халыққа не қызмет етіп, қандай жақсылық жасап жүрмін?», – деп өз-өзіне үнемі сауал қойып отыратын. Сол жазбалары кішігірім бір сандық боп сақталған еді.

Сөйтіп жүргенінде, 1937 жылдың желтоқсан айында жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ілініп, бір-ақ күнде «халық жауы» атандырды да, алды-артына қаратпастан алды да кетті. Ой, заман-ай десеңші. Қаншама білімді, көзі ашық азаматтарды бықпырт тигендей ғып жаппай қуғындады-ау, пәтшағарлар.
Менің қолымнан не келетін еді. Шалымның артында балаларыммен жылап-еңіреп қала бердім. Көздері қанталаған жаналғыштар бізге де маза бермеді. Әлгі жинап жүрген қаншама қолжазбалар мен фотосуреттердің барлығын жыртатынын жыртып, қалғанын отқа жағып жібердім. Өйткені «халық жауының жанұясы», – деп үйді-үйді аралап тінту жұмыстарын жүргізе бастаған еді, – деп егіле отырып есіне алатын сол бір азапты күндерді Маужуда әжеміз.

– Содан әйтеуір артында қалған ұрпағы – екі ұлды алып, Кәрімнің туыстары көмектесіп Көкпектіден Лениногорскіге (Риддер) көшіріп әкеп салды. Маза бермегеннен кейін тегімізді орысшалап Сергеева деп ауыстыруға мәжбүр болдық. Бірақ 1958 жылы аталарың ақталғаннан кейін өз фамилиямызды қайта алдық.

Апамыз 1995 жылы Риддер қаласында дүние салды. Тума-туыс жиналып, қоштасу рәсімін өткізіп, шығарып салдық.

Оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу атамыз 1927-1937 жылдар аралығындағы он-он бір жылда тынбастан жұмыс істепті. Маңдайына жазылған, бар болғаны 32 жылдың аясына тағдыр талқысын көп тартқан атамыздың қаншама жан азабы, қайғы-мұңы, шері мен шаттығы сыйып кеткен десеңізші?!.
Осындайда қазақ халқының Хамаңы атанған Хамит Ерғалиевтың:

– Төсегімнен әкетпесе игі, – деп,

Ешкім менше үрейлене үйге енбес… – деген үрей толы өлең жолдары еріксіз есіңе түседі екен. Мұнда жазықсыз жазаға толы, сол бір зұлмат заманның ащы шындығы бейнеленген.

Иә, кез келген адамның бойына қорқыныш пен үрейді қатар ұялатар, мұндай жала жабулар мен негізсіз тұтқындаулар, алды-артына қаратпай айдап әкетушілер сол кездегі миллиондаған жазықсыз адамның түбіне жетті. Осының бәрі тарих беттерінде қаттаулы да, сақтаулы. Оны ешкім жоққа да шығара алмайды, өшіріп те тастай алмайды.

Қазақ елі өз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялаған. Содан бергі ширек ғасыр уақытта бұл тақырыпқа қалам тартпаған тарихшы, шығарма жазбаған жазушы, зерттеу жүргізбеген журналистер кемде-кем. Бір кездері аттарын атауға тыйым салынған небір боздақтардың есімдері аталып, егемендігіміздің арқасында еркін сөйлеп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей, соңында қалған ұрпақтары іздеу салып, жоғалтқан жоғымызды тапқандай халдеміз қазір. Жазықсыз жапа шеккен ата рухын қастерлей білу, артта қалған ұрпақ міндеті. Талай тағдырды тар жолға салып, тайғақ кештірген қаралы күндерді ұмыту, оны жылына бір мәрте болса да еске алмау – күнә.

Кәрім атамыздың қысқа өмір тарихын көп жылдар іздеу үстінде болдық. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар емес пе. Өткеннен сыр сабақтайтын, ақиқатты айқындап жариялайтын қарияларымызбен әңгімелесіп, мұрағаттардан құжаттарын алып, 25 жылдың ішінде атамыз туралы толық деректер анықталып, әйтеу бір су бетіне шықты…

Міне, бүгінгі рухани жаңғыру заманында Алаш көсемдерінің рухын көтеріп, сол арыстарға деген сый-құрмет ретінде жер-жерлерде ескерткіш тақталар қойылып, көшелерге есімдері беріліп жатыр.

2017 жылы 31 мамырда Зайсан қаласында жаппай репрессияға ұшыраған құрбандарға арналған ескерткіш (суретте) тақта ашылды. Сол тақтада құрбан болған атамыздың есімі жазылып қалса құба-құп болар еді…

Біз репрессия құрбандарының ұрпағы екенімізді ұмытпаймыз. Бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін баласынан бастап, бабасына дейін жанын пида еткен құрбандардың өшпес рухына мәңгі басымызды иеміз.

К.Құндақпаев
ұрпақтары атынан немере келіні
Бижамал Қайсалқызы
Зайсан ауданы

Осы айдарда

Back to top button