Қоғам

Боздалада бота жүр ойнақ салып

Боздалада бота жүр ойнақ салып


Хайуанаттар бағынан болмаса боздалада бос жүрген түйені бұрын көрмеппін. Өрістен қайтып, жапырлай құдық басына қарай бет алған түлік төрелерін суретке түсіріп алмақ болып алдынан шыққаныммен, өзіме жақындай берген жануарлардан жасқанып, шегіне бердім. Тарбағатай ауданының бір төрі Ақсуаттың маңындағы Түйебаз телімінде түйе өсіріп отырған Данияр Тапановтың шағын шаруашылығына келгенімізде, күн кешкіріп, ұясына батып бара жатқан.

Ұлық баққан отбасы

Түйебазға жеткенімізде Даниярдың жолдасы Балнұр үйде екен. Кішкентай ұлдары Сұлтан әкесіне Өскеменнен тілшілер келгенін айтпақ болып, атына мінген.

Біршама уақыттан соң керіле басып өрістен қайтқан түйелердің де қарасы көрінді. Сахараның сәні болған жампоз жануарлар әудем жердегі жотадан үйге дейін екі-ақ аттағандай болып көрінді, бір қарағанда анау жақта келе жатқан олар ілезде суат басына жетіп қалыпты.
– Түйенің қасиеті мен киесін сіздерге айтып жату артық та шығар. Біздің жақта көрінбей кеткені болмаса, бұл – өзіміздің ежелгі төрт түлігіміздің бірі ғой. Ботасын қызғанғаны болмаса, адамға тимейді, – деген Данияр атынан түсіп амандық-саулық сұрасып жатып-ақ өзі бағып-қағып отырған малдардың бізге белгілі, белгісіз тұстарын әңгімелей бастады.

Сөйтсек, Данияр – бір кездегі кеңестер одағы заманында дәл осы Түйебазда түйе тобын, келесін баққан белгілі түйешінің, Нұрлан Биахметұлының баласы екен. Әкесі Нұрлан шаруашылықтың 200 бастан астам түйесін ботасымен өмір бойы осы қыстақта жайып, бағыпты. Ақсуаттың маңындағы Екпін, Жәнтікей ауылдарында болған түйе шаруашылығынан қалған бір жұрнақ Даниярдың қазіргі 20 шақты жануары ғана. Данияр бертін келе атакәсіпті әрі қарай жалғастырып, түйе бағу үшін осы телімнің жанына көшіп келіп, жаңадан үй, қоражай салып, иесіз қалған жұртта жаңа бір игі істі бастап кетеді.
Түйебаз қыстағының әр жотасы мен бел-белесі, ойы мен қыры оның көзіне оттай басылады, жанына жақын, жүрегіне ыстық жерлер. Осы жерде талай жыл әкесімен бірге түйе қайырып, бота баққан. Сап-салқын шұбатты сіміре жұтып алып, әкесінің алдына жата кететін бала кездері де әлі есінде. Сол боздалада қазір боталар қайтадан ойнақ сап жүр. Өз қолымен бағып-қаққан, өсіріп жатқан бота, тайлақтары енді ен даланың сәнін қайтадан кіргізіп жатыр.

«Түйе – салтанат, жылқы – қос қанат» дейді халқымыз. Түйені асыл сүйекті деп таныған ата-бабамыз оны ұлық жануар деп біліп, түліктің төресіне теңеген екен. Осы малды баққан жанды да қатты құрметтеп түйеші демей, «ұлық баққан» деген деседі. Даниярдың өз кәсібі туралы айтқан әңгімесін тыңдай отырып, ұлық баққан отбасының өрісі кеңейе беруін тіледік.

Қаракөз, Шрек, Фиона

Біраз уақыттан соң Даниярдың жолдасы Балнұр түйе саууға кірісті. Қызы Назерке мен ұлы Сұлтан да текке қарап тұрмады. Енесін еміп болған боталарды қайтадан қораға кіргізіп, көмектесіп жүр. Балалар олардың бірінің атын Қаракөз деп атап, екіншісінікін Шрек, үшіншісінікін Фиона деп қойып, белгілі мультфильм кейіпкерлерінің есімін беріпті.

– Түйенің төлін алу аса қиын. Боталарды екі-үш ай бойы ешкімге көрсетуге де болмайды. Әлгі халқымызда «ботакөз екен, көз тиетін ботадай» деген сөздердің айтылып жатуы да сондықтан болар. Бота көбінесе әлсіз болып туады. Інген туар кезде үнемі бақылап, қарап жүреміз, әйтпесе ботаны атан түйе, бура шайнап, таптап, өлтіріп тастауы да мүмкін. Қарақұлақтанып, ширағанша өзіміз қарап, емізіп, күтімге аламыз. Түйелерді де кәдімгідей қырқып аламыз. Ал жуастарын ақырын жүндеп, жібектей жұмсақ жүнін үстінен жұлып та жинап аламыз. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген мақал да осыған орай айтылған ғой. Түйенің етінің, жүнінің өзінің де адам денсаулығына тигізер әсері ерекше. Қазір көп болмаса да одан аздап жүн шұлық тоқып жатырмыз, – дейді Балнұр.

Бәрінен бұрын түйенің дертке дауа, жанға шипа шұбатын көбірек өндіріп, ойсылқараның санын молайту қажеттігін ғалымдарымыз бен дәрігерлеріміз де айтып жатыр. Экономикалық жағынан тиімділігі өз алдына, түйені ұлт денсаулығы үшін өсіруіміз қажет деп отыр олар. Шұбат ішкен бала-шағаға шетелдік бағасы қымбат дәрінің де қажеті жоқ. Бұл сусынды үнемі пайдаланып отырған жанға дерт жоламайды.

Боздалада бота жүр ойнақ салып

Облыста қанша түйе бар?

Статистикалық деректер өткен жылы біздің облыста 100 шақты түйе басы болғанын көрсетеді. Бұдан ондаған жыл бұрын саусақпен ғана санарлықтай болған түлік төресінің саны аздап болса да өсіп келе жатыр. Қазір Көкпекті, Тарбағатай, Үржар, Ұлан аудандарының кәсіпкерлері түйе ұстап отыр.
Данияр түйелерінің бес-алтауын Қызылорда облысынан Камазға тиеп сатып алып келіпті. Тұқымы жақсы, біздің жерде бағуға қолайлы көрінеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алғаш рет 2013 жылы 3 млн. 2015 жылы 5 млн. теңге несие алып, осы қаржыны түйе басын көбейтуге жұмсаған. Бір түйенің бағасы орта есеппен 600 мың теңге тұрады. Үлкен нар түйенің бағасы 1млн теңгеге дейін баратын көрінеді.

Балнұр сауылып отырған екі түйеден күніне он литр сүт алып отыр. Төрт-бес сағаттың ішінде қымыран ашып, шұбатқа айналады. Әзірше шұбат арнайы іздеп келгендерге ғана сатылып жатыр. Литрі 1000 теңге деп бағаланып отырған бұл сусынның қасиеті оның құрамындағы аса пайдалы дәрумендерде жатыр.

Түйенің сүті, шұбаты бүгінде шығысқазақстандықтар үшін ең таңсық сусын болып тұр. Бұл ұлттық сусынды емге іздегендер де таба алмай келеді. Алдағы уақытта Тапановтар отбасы шұбат өндіретін, шұбатты арнайы ыдысқа құйып сататын цех ашуды жоспарлап отыр. Дайын өнімдерді аудан, облыс көлеміне шығарып сатып, түйе шаруашылығын кеңейте түсуді көздеуде. Шұбат өндірісін ашып, сауылатын түйе санын 15-ке жеткізген шаруашылықтарға мемлекеттен субсидия да бөлінеді.

Даниярдың айтуынша, көктемге салым боталайтын түйелер 12 ай бойы сауылады. Малдың сүті мол, өзі қоңды болуы үшін жемшөбі жеткілікті болуы қажет. Аяқты жануарлар қыстың жылы күндерінде көбінесе далада жайылып жүретінімен, оларға бәрібір жақсы күтім керек. Кәсіпкер бағып отырған түйелерге, ұсақ мал мен ірі қараға, жылқыға қажетті шөпті өзіне тиесілі 150 гектар шабындықтан шауып алып отыр. Сары белдің баурайында үйілген көп шөмеле – түйелердің сол қысқы азығы.

Түйе қыстағында әзірше электр желісі жоқ. Движокпен, күн батареясы қуатымен отыр. Даниярдың тағы бір жоспары – бір жарым шақырымдай жердегі қыстақтан өздеріне қарай электр желісін тартып жеткізу. Шұбат цехын ашу үшін де жарық керек. Ұлық баққан отбасының барлық жоспарлары сәтімен жүзеге асуын тілеп аттандық қыстақтан.

Жанаргүл Көкенай

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button