Денсаулық сақтау

Бозанбайда дәрігерлік-әлеуметтік мекеме ашылды

Бозанбайда дәрігерлік-әлеуметтік мекеме ашылды
Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында психоневрологиялық мекеме ашылды. Аудандағы тірек ауылдар санатына жататын Бозанбайдағы бұл мекеме ауылдың 90-нан астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұрыңғы аурухана ғимаратын қайта жөндеуден өткізу жұмыстарына 458 млн. теңге қаржы жұмсалған.

– Бозанбай ауылы тірек ауылдары қатарына енгеннен бері, елді мекеннің тамырына қан жүгіре бастады. Көшелер ретке келтіріліп, қирап қалған ғимараттар қайта бой түзеуде. Биыл ауылды көркейтуге 134 млн. теңге бөлінгелі отыр. Емхананың жөнделіп, жұрт игілігіне ұсынылып жатқаны- осы сөзімізге дәлел. Көп жылдар бойы қабырғасына сылақ тимеген Глубокое ауданындағы Зимовье ауылындағы психоневрологиялық мекеменің жанына жаңа корпус тұрғыздық. Алда әлі талай ауқымды шаруалардың атқарылары анық,-деді облыс басшысының орынбасары.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ольга Кузовлеваның айтуынша, ауылдағы жаңа емханаға қабылданған 94 адамның дені жастар екен.

– Қазір мемлекет ауылға, әсіресе, ауылдағы әлеуметтік салаларға ерекше көңіл бөліп жатыр. Бұл жерде еңбек ететін адамдар шын ниетімен жұмыс істеуі керек. Өз ісіне бейжай қарайтын жалқауларды біз ұстамаймыз, себебі, бұл мекемені қоғамдағы қамкөңіл жандар мекендейді,-деді басқарма басшысы.

Ольга Кузовлева айрықша күтімді қажет ететін ауылдың екі тұрғынына арнайы жолдама тапсырды. Мұндай жолдаманың кезегінде тұрған облыста 300- ден астам адам бар екен. Осындай ауқымды мекеменің Бозанбайда ашылуына байланысты жолдама ауыл тұрғындарына кезексіз берілді. Олар емдеу орталықтарына барып, денсаулықтарын түзететін болады.

Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажановтың айтуынша, мекеменің жобалық қуаты 80 орынға арналған. Мұндағы бөлмелер кең және жарық, әрқайсысында 3 керуеттен орналасқан. Жаттығу залы, ішкі пандус емделушілердің ыңғайына қарай ойластырылып жасалған. Асхананың іші де көрсе көз тоятындай. Жуықта жаңа мекемеге емделушілер кеп қоныстана бастамақшы, оғанға дейін мұндағы ұжым ғимараттың ішіндегі барлық керек-жарақты дайындап қоюға тырысуда.

Салтанатты жиын соңында облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов мекемеге арнайы әкелген сыйлығын табыстады. Асханаға қажетті үлкен мұздатқыш енді емделушілер игілігіне қызмет ететін болады. Осы ғимаратты толық жөндеуден өткізген мердігер компанияның директоры Қуаныш Қарсыбаев та өз сыйлығын ала келіпті. Ол емханаға теледидар сыйлады.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button