ТОП

Бозанбайда бүркітшілер фестивалі өтеді

24-25 қараша күндері Ұлан ауданында «Шығыс салбурыны-2023» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді. Түз тағысын туризмнің тетігіне айналдырған Бозанбай ауылында бұған дейін де бірнеше рет бүркітшілер тойы өткен болатын.

Осыған дейін бүркітшілер фестивалін республикалық деңгейде өткізген Ұлан ауданы биылғы салбурынды халықаралық деңгейде қарсы алмақ. Алдағы қарашада өтетін фестивалға Монғол, Қытай, Түркі, Қырғызстан, Венгрия, Испания, Хорватия, Словакия, Португалия, Ресей елдерінен және Қазақстанның түкпір түкпірінен құсбегілер келіп қатысады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Сонымен қатар шараға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Республикалық «Қыран» федерациясы» Қоғамдық қорының вице-президенті Мүптекеқызы Бағдатхан және әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да қатыспақ.

– Біздің мақсат – «құсбегілік» ұлттық спорт түрін, тазы жүгірту, бүркіт салу, сұңқар салу, асау үйрету, садақ ату өнерінің бұқаралық сипат алуына ықпал ету және халықаралық деңгейде дамытуға күш салу. Фестивальдің өтуіне облыс әкімі Ермек Көшербаев қолдау көрсетіп, Ұлан ауданының әкімшілігі ұйымдастырып отыр. Жарысқа «Республикалық құсбегілік федерациясы» ҚБ бекіткен Төрешілер алқасы басшылық  жасайды, – дейді Ұлан аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов.

Биылғы фестивальға 50 бүркіт, 10 сұңқар және 30 тазы қатысады. Жарыстың ережесіне сай құсбегілерде ыңғайлы, ұлттық киім, ал қыран құсқа қажетті құрал-жабдықтар (биялай, жемқалта, томаға, балдақ, түтік, сүңгі, балақбау, іргебау – әр құсбегіде, шырға, жемаяқ, тұғыр – әр қатысушыда) болу керек. Әдеттегідей жарыс қыран құсты қолға шақыру, шырғаға салу, қоянға салу, түлкіге  салу, сұңқарды кептерге салу түрлері бойынша өтеді. Тазы иттерді 1 км қашықтыққа жүгіртеді. Той өтетін жерге 17 киіз үй құрылып, дастархан жайылмақ.

Фестиваль 24 қараша күні басталып, ашылу салтанаты өтеді, ал 25 қараша күні қорытындыланады. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастыру алқасының дипломы, кубок, медаль және қаржылай сыйлық тапсырылады.

 

 

Осы айдарда

Back to top button