Қоғам

Бозанбайда биыл атқарылар шаруа ауқымды

Бозанбайда биыл атқарылар шаруа ауқымды

Таяуда басталған ауыл әкімдерінің жұртшылық алдындағы есептері облыстың 70-тен астам елді мекенінде болып өтті. Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Ұлан ауданы, Бозанбай ауылдық округі әкімінің тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру жиынына қатысты. Сондай-ақ, Аблакет ауылдық округіндегі «Сағынқұмаров» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Облысымызда ауылдық округтер әкімдерінің халықпен дәстүрлі есептік кездесулері басталып кетті. Елбасымыздың арнайы Жарлығына сәйкес ауыл әкімдері жылына төрт, аудан әкімдері екі, ал облыс әкімдері бір рет тұрғындар алдында атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп тұрулары тиіс.
Бозанбай ауылдық округінің әкімі Нұржан Папышевтың осы қызметіне кіріскеніне бір жылдан асыпты. Баяндамада алдымен тұрғындар тарапынан былтыр көтерілген мәселелердің шешілгені айтылды. Атап айтсақ, өткен жылы ауыл адамдары қаңғыбас иттердің қаптап, бала-шағаға қауіп төндіре бастағанын алға тартқан. Содан бері аудандық мал дәрігерлері алпыс шақты иттің көзін жойыпты, қазір жағдай бақылауда. Сонымен қатар, жергілікті халық «Отау ТВ» телевизиялық желісін орнату, кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмекпен қамту жөнінде өтініш білдірген. Бұл проблемалар де өз шешімін тапқан көрінеді.
Есепке қысқаша тоқталар болсақ, өткен жылы округте 150 адам жұмыспен қамтылған, қазір жұмыссыздар саны 28 адамды құрайды. Тірек ауылы ретінде Бозанбайды абаттандыру бағытында жұмыстар жүргізілген, атап айтсақ, стадион салынып, екі көше жарықтандырылған. Округ аумағында 4 серіктесік, 170 шаруа қожалығы, 13 дүкен, 1 наубайхана, 1 дәмхана тіркеуде тұр.
Биыл Бозанбайда жиһаз жасау цехы, дәріхана және шаштараз ашылатын болады. Мұнымен қоса, кәсіпкер Владимир Айтқазин «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 18 миллион теңге қаржы алып, жылқы шаруашылығын дамытумен және қымыз өндірумен айналыспақ, кәсіпкер Мәдина Әменова да дәл осы бағдарлама аясында алынған 18 миллион теңге несие қаражатқа демалыс орнын салуды жоспарлап отыр.
Бұрынғы аудан орталығында қаңырап тұрған екі қабатты үйлер жетерлік. Жергілікті атқарушы билік биыл солардың бірнешеуін сатып алып, жөндеп, оларды осындағы мектеп пен ауруханаларға келген жас мамандарға беруді ұйғаруда.
Баяндамадан кейін кезек тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдарға келді. Олар баспана, кәсіп ашуға қажет несиеге қол жеткізу, азаматтық алу сынды өзекті мәселелерді қозғады. Мәселен, шеттен келген бір қандасымыз өзінің квотаға ілінбегенін, қазір бүкіл отбасымен азаматтық ала алмай жүргендерін айтты. Ал шаруа қожалықтарының жетекшілері мемлекеттен тиесілі субсидияның тым кешіктіріліп берілетініне қынжылыс білдіруде. Айталық, былтыр шөп шабуға төленетін ақыны олар керек кезінде емес, желтоқсанда бірақ алған. Ауыл әкімі алдағы уақытта субсидияны дер уақытында алуға қолдан келгенше септесетінін жеткізді.
Зейнеткер Әмірбай Наурызбайұлы суармалы судан тарылып отырған ауыл үшін шағын Шібіке өзенінен тоған жасау жөніндегі өз ұсынысын білдірді. Ал ауыл ақсақалы Қуаныш Шәкенов Бозанбайдың іргесіндегі Тоғанас ауылына көпір салу қажеттігін алға тартты. Бұл сұраққа облыс Әкімі өзі жауап берді. Ол нысан 140 миллион теңгеге бағаланыпты. Әрине, шағын ғана ауыл үшін мұндай қымбат көпір салу – ысырап.
Бозанбайлықтардың көтерген тағы бір келелі мәселесі – жердің, дәлірек айтсақ, шабындықтың жетпеуі. «Бізге шөп шабуға жүз шақырым жердегі Жарма ауданымен шекаралас аумақтарды береді. Ол жақтан шөпті тасудың өзі бір күш, әрі шығын. Тракторға ғана 20 мың теңге төлеуге тура келеді» дейді қорадағы азын-аулақ малының азығын ойлаған жұртшылық.
– Тұрғындардың жерге қатысты қойып отырған сұрағы дұрыс, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ауыл әкімінен округте қанша жер бар екенін сұрады. Өкінішке қарай, бұл сұраққа ауыл әкімі нақты жауап бере алмады.
– Бозанбай ауылдық округінің аумағы 96 мың гектарды құрайды. Үш мың халыққа бұл аз емес. Соны тиімді пайдалану керек. Ал, бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, басқа азаматтарға беру қажет. Бозанбай округінде мал басы да, егістік көлемі де былтырғы межеде. Неге? Мұнда жер де, су да бар ғой. Халыққа мемлекеттік бағдарламалар бойынша несие алудың жолдарын түсіндірген жөн. Жалпы, әкімнің міндеті – халықпен жиі кездесіп, мәселелеріне қанығу және оларды шешу. Бозанбай орта мектебінде былтыр Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері төмендеп кеткен. Мектеп ғимаратының жөнделгені неге керек, егер білімнің сапасы нашар болса?! Сонымен қатар, мен әкім баяндамасынан ешқандай талдау мәлімет көрмедім. Өткен жылдардағы есептік баяндаманың көшірмесі, тек сандары ғана өзгерген.
Ауыл әкімі күндіз-түні жұмыс істеуі керек, бүгінгі жиында айтылған барлық кемшіліктер ескерілуі тиіс. Біз Бозанбайды тірек ауылы есебінде сақтап қаламыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша да елді мекенге қомақты қаржы бөлінетін болады, – деп түйіндеді басқосуды аймақ басшысы.
Бұдан соң облыс Әкімі Сағыр ауылындағы кәсіпкер Майдан Сағынқұмаровтың өз қаржысына салған мал сою бекетіне ат басын тіреп, ашылу рәсіміне қатысты. Атап өтерлік жайт, шағын цех 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Іске енді кіріскен бекетті салып, жарақтауға 50 миллион теңге жұмсалған. Мұнда мұздату камерасы, ет қақтау пеші, малды союға қажет түрлі құрал-жабдықтардың бәрі бар. Кәсіпкер малды тұрғындардан, қожалықтардан сатып алып, оны ары қарай өңдеуді жоспарлауда. Бұл нысан бір ауысымда 25 бас ірі қараны союға қауқарлы. Сойылған малдың еті Өскемен базарларындағы екі сауда нүктесінде сатылады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button