Қоғам

Боз кілемнің пірі

Боз кілемнің пірі


Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары боз кілемде жасындай жарқылдап, қарсылас шақ келтірмеген, талай мықтылардың жауырынын жер иіскеткен аға буын балуандардың бірегейі – Жексен Иқамбаев. Елімізде күрестің төрт түрінен: еркін күрес, қазақша күрес, самбо және дзюдодан қарсыластарын жер қаптырған басқа бірде-бір спортшы жоқ шығар, сірә?!

Аты аңызға айналған спортшыны редакциямызға арнайы шақырып, қазір қайда, не істеп жүргенін өз аузынан тыңдаған едік. Тау тұлғалы азамат кабинетке кіріп келгенде, «балуан деген осындай болады екен-ау!» деп сүйсінгенімізді несіне жасырайық. Танымал жандардың сөзге сараң келетіні белгілі. Жексен ағаны да сөйлету оңай болған жоқ. Біз әңгімемізді ауыл баласының үлкен спортқа қалай келгенінен бастаған едік.

Чемпион болам деп ойламаған бала

Ұлан ауданының Скалистое, қазіргі Ізғұтты Айтықов ауылында 1955 жылы туған Жексен спортпен шұғылдануды он алты жасында бастапты. Ауыл балаларымен аздап шахмат ойнағаны болмаса, күреспен айналысам, чемпион болам деп ойламаған. Сыныптастарына ілесіп күрес үйірмесіне барады. Қызық болғанда, уақыт өте келе олардың көбі спорттан қол үзіп кетсе, Жексен, керісінше, жалғастырады. «Менің күреске мықтап ден қоюыма ауылдасымыз, Аблакеткадағы ауыл шаруашылығы техникумында сол кезде бапкер болған Отанбек Мұхамедияров ағамыз көп ықпал етті. Өзіне шақырған ағамыз: «Бір жағынан, мамандық алып шығасың, екіншіден, спортпен шұғылданасың», – деп ақыл айтты. Екі жылдай еркін күреспен айналыстым. Бапкерім де менің қабілетімді аңғарған болу керек, күрестің сан қилы айла-әдістерін жалықпай үйретті», – деп есіне алады Жексен аға. Рас, еңбектері зая кетпей, 1973 жылы Қазақстан бойынша жасөспірімдер арасында еркін күрестен өткен жарыста алғашқы үлкен жеңісіне қол жеткізді. Сол техникум қабырғасында жүргенде-ақ талантты бозбаланы еркін күрестен еліміздің құрамасына қабылдайды. 1974 жылы Алматыда өткен КСРО Қарулы Күштері құрама командаларының арасындағы додада ел намысын қорғап, қола жүлдегер атаныпты. Осылайша, байрақты жарыстарға қатысып, шыңдала түскен жас спортшы келе-келе бүкілодақтық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атанады. Әр жеңісі жаттықтыру залында төгілген тер мен бапкерінің жанкешті еңбегінің нәтижесі екенін жақсы түсінеді. Кейін самбомен, қазақша күреспен, дзюдомен айналысып, күрестің төрт түрінен де спорт шебері атағын қорғайды. Тұғырлы жеңістерінің ішінде шоқтығы биік тұрғаны – 1974 жылы Қазақстан чемпионатында Түйе балуан атануы. Спортта әділетсіздіктің ауылы қатар жүретінін бозбала жүрегі алғаш рет сол жолы сезінген екен.

-Чемпионат Шымкент қаласында, ашық аспан астындағы стадионда өтті. Күн деген қайнап тұр. Ми айналып, жерге түскендей. Татамиға аяғың тиіп кетсе, күйдіріп жібереді. Ақтық кездесуде республика чемпионы, Одақтың жүлдегері, атағы жер жарып тұрған Приказчиковпен бақ сынастым. Түйе балуандар додасында салмаққа қарамайды. Өзім 82 келі болсам да, қарсыласымның салмағы 100 келіден артық. Басында ол мұрнын шүйіріп, мені менсінбегендей сыңай танытты. Шынында да, оның қасында менің есімім жалпақ жұртқа беймәлім, бала спортшы едім. Қалай да айқын басымдықпен жеңбесем, ұпай санымен жеңісті титулды балуанға бере салатындарын ішім сезіп тұр. Ә дегеннен тұқыртып алғысы келді ме, ол маған жолбарысша атылды. Алайда мен оңтайлы сәтін аңдып, оң жамбасқа тастап жібердім. Судья есептеген жоқ. Біраздан кейін мүлт кеткен жерін тағы да өз пайдама асырып, екінші рет жауырынын жерге тигіздім. Бұл жолы да төреші көрмегенсіді. Үшінші жолы іштен шалып, астыма салдым да, тұрмай жатып алдым. Сонда ғана төреші қасыма келіп, тұр деген белгі берді. Жеңісімді осылайша мойындатқан едім, – дейді Жексен аға сол жұлдызды сәтіне ойша оралып.

Сол жарыста абыройы асқақтап, өзі де айбарлана, айбаттана түскені сөзсіз. Ол кезде Түйе балуан атағы үшін белдесуге самбошы да, дзюдошы да, еркін күреспен айналысатын да шыға беретін. Қазіргідей тек қазақша күрестен ұйымдастырылмайды. Барлығы да күрес болғанымен, әрқайсысының айла-тәсілі, әдісі бөлек дегендей. Сол себепті маған бұрынғы балуандарға қарсыластарынан үстем түсу әлдеқайда қиынырақ болған сияқты көрінеді.

Спортқа балабақшадан көңіл бөлу керек

Жексен аға қырықтың қырқасына шыққанша белдесуден қол үзбепті. Тәрбиеленушілерін спартакиадаға дайындап апарған кезде, командасында 90 келі ауыр салмақта шығатын ешкім болмағасын, ешқандай дайындықсыз өзі түсуге мәжбүр болады. Шәкірттері сол жолы ұстаздарының боз кілемнің пірі екенін өз көздерімен көріп қайтады. Жексен Иқамбаев алтыннан алқа тағып, чемпион атанады. Он бес жыл бойы самбодан облыстың бас бапкері қызметін атқарған танымал балуан салауатты өмір салтына, спортты насихаттауға балабақшадан, мектептен көңіл бөлу керек дейді. Жас кезінде спорттық жарыстарға қатысу үшін бүкіл Одақты аралағанын айтады.

Боз кілемнің пірі

-Біздің тұсымызда әртүрлі турнир, жарыстар көп болды, бара беретінбіз. Қаржыдан тапшылық көрген жоқпыз. Мысалы, облыстан Одақтың жарыстарына барғанда, тамаққа күніне 7 сом 50 тиын, облыстан республикаға дайындағанда, 2,5 сом беретін. Қазақстаннан бүкілодақтық додаларға дайындағанда , тамаққа 5 сом бөлетін, жататын орны тегін. Спортшылар да, жаттықтырушылар да тек жарысты, жеңісті ойлайтын. Осы салаға жеткілікті қаражат бөлмей, жағдай туғызбай бұқаралық спортты да, әуесқой спортты да дамыту мүмкін емес. Қазір жарыстарға ақшаң болса, барасың, болмаса, бармайсың. Ал балаң спортшылардың қанаты қатаюы үшін жолдастық кездесулердің, сайыстардың маңызы зор. Жарыстардың нәтижесінде олардың бойында жеңімпазға аса қажетті сабырлық, төзімділік, салқынқандылық сияқты қасиеттер қалыптасады. Алқалы сайыстарда өздерін ұстап үйренеді, -дейді чемпион ағамыз.

Туған жерге – тағзым

Техникумда механик мамандығын меңгеріп, кейін Өскемен педагогикалық институтын тәмамдаған Жексен Іркітбайұлы 90-жылдардың басынан коммерциямен айналысуға ден қойыпты. Сол кездің өзінде туған ауылында «Ерасыл» дүкенін ашып, жерлестеріне қызмет көрсете бастайды. Шаруа қожалығын ашып, кіндік қамы тамған ауылының маңынан 330 гектар жер алып, алғашқы жылдары егін салыпты. Комбайн, трактор сияқты техникаларға қол жеткізген. Алайда құнарсыз жерде өнімі дұрыс шықпай, енді асыл тұқымды мал басын асырасам деп жоспарлап отыр.

Жексен аға – Катонқарағай өңірінің бір туар азаматы, Зырян бағытындағы жолдарды салған Темірбек Исабаевпен бозбала кезінде танысып, ұзақ жылдар жолдас болыпты. Ол кісі де талай жарыстарда топ жарған мықты спортшы еді. 1996 жылы екеуі де қалаға қоныс аударады. Содан бері, Темең қайтыс болғанға дейін көрші тұрған. Демеушілік пен жебеушіліктің үлгісін Темірбек досынан үйренгенін жасырмайды. Жекең де ауылдастарына той-томалақ өткізетін тойхана салып беріпті. Мектепте жас буынға спортпен айналысуға жағдай жасап, жаттығу залын ашуға демеушілік танытқан. Білім ошағының әртүрлі қайырымдылық шараларынан тыс қалып көрген емес. Оқыған мектебінің, туған жерінің гүлденуіне қол ұшын беруді өзініңі парызы санайды.

Баөбек батырдың ұрпағы

Жексен ағаның өз аталары Бөбек батырдың ұрпағы болса, нағашылары Сыдық балуаннан тарайды екен. Ерасыл мен Данияр есімді ұлдары да әкелері секілді кесек, балуан тұлғалы, бойлары 185 сантиметр. Ерасылы әке жолын қуып, дзюдомен айналысады. Оны жаттықтыруды досы, бапкер Советхан Туленовке сеніп тапсырыпты. Нәтижесі де жаман емес. Германияға, Голландияға жарыстарға барып, жүлдемен оралып жүр. Екі бірдей жоғары білімі бар жігіт – қазір жеке кәсіпкер. Кіші ұлы Даниярын да ауылға жіберіпті. Қазір ол да туған ауылында үй салып жатыр.

Имандылықтың жолына түскен қос құлынынан үлгі алған балуан ағамыз да бес-алты жылдан бері бес уақыт намазын оқып, ораза ұстайды. Ұлдарына қарап бой түзеп, арнайы әдебиеттер оқып, ниеттенгенін айтады.

-Намазға жығылғалы дүниетанымым, өмірге деген көзқарасым 180 градусқа өзгерді. Намаз арқылы пендесінің жанын тазалауға, бойын жақсылыққа дағдыландыруға, жүрегіне иман ұялатуға болатынын ұқтым. Бір-екі жылда қажылыққа барып келсем деген арманым бар. Ол үшін алдымен несиелік қарыздарымнан құтылу керек. Қажылықты таза өз қаражатыңмен ғана өткеруге болады,- дейді Жексен аға.

ВРЕЗКА :

Жексен Иқамбаев 1973-1987 жылдар аралығында еліміздің теңдесі жоқ балуаны атанды, 1974 жылы – Шымкент қаласында өткен Қажымұқан Мұңайтпасовқа арналған Қазақстан чемпионатының Түйе балуаны. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Бүкілодақтық турнирлердің бес рет жеңімпазы. Облыстық ауыл шаруашылығы спартакиадасында Түйе балуандар додасында тоғыз рет жеңіске жеткен.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button