Қоғам

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Әй, өмір-ай десеңші. Үйдегі тірлігін орындықтың көмегімен атқаратын Алтынбек Жұмабаевтың бойы 125 сантиметрдің маңайында ғана. Алтекеңе Құдай бой бермегенімен, ой берген, таудай талап берген, бармақтай бағы да бар. Бірақ деймін, мынау қоғамда аласа бойлы адамдардың мүмкіндіктері шектеулі ме, олар қандай кедергілерге кездеседі? Алтынбек арқылы олардың өмірімен етене танысқандай болдық.

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Өскемендегі көпқабатты үйлердің бірінде тұрып жатқан Алтынбектің күнделікті жұмысы – екінші сыныпта оқитын қызын мектебіне алып барып, алып қайту. Үйге келгеннен кейін тамағын беріп, сабағын оқытады. Бос уақыттары болса қала көшелерінде серуендейді. Алтынбек көбінесе жаяу жүруді жөн көреді екен. Бір жағынан жол шығыны қалтасында қалса, екінші жағынан денсаулығына пайдалы. Кейбір кезде аласа бойлы Алтынбекке автобусқа міну де күш. Банк сынды терезеден қызмет көрсететін мекемелерде төлемін төлеп, тиісті қағазға қол қою тіпті қиындық туындатады. Ал үйде жарық шамын таяқпен түртіп жағады. Күртісін де киім ілгіштен сол таяқтың көмегімен алады. Шкафтағы ыдыс-аяқтарға қол жеткізу керек болса, орындықтың көмегіне жүгінеді. Демек, мұндай адамдардың мүмкіндіктері шектеулі. Сондықтан да дәрігерлер Алтынбекке бала кезінде «сүйектің тежелуі» деген диагноз қойып, екінші топтағы мүгедектік берген. Алайда, Алтекең өзін өзгелерден кем сезініп көрмеген. Керісінше, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында каратэге қатысқан, гантель көтеріп, бұлшық еттерін шынықтырған. Бүгінде жасы қырықтан асқанымен жеңіл-желпі дене жаттығуларын жасап жүреді. Өзі ғана емес, қызының да спортпен айналысуына ден қойған. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін Алтынбектің арманы – қызын қатарынан қалдырмай білімді етіп өсіру. Ол мектептегі ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Жары Бибінұр болса, таңнан кешке дейін жұмыста. Үлкен кәсіпорынның еденін жуады. Алатын жалақысы отыз мың теңге. Отбасыларымен сол қаржыны қанағат тұтып, күндерін көреді. Алтынбектің мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақы қызының оқу-тоқуы мен киім-кешегіне жұмсалады. Оның үстіне ай сайынғы комуналдық төлемдері бар. Ал тұрып жатқан пәтерлері отағасының қарындасына тиесілі.

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

– Қызыма баспана алып берсем деп армандаймын. Ертең пәтер жалдап, жалтақтап отырғанша өз үйі болса жақсы ғой. Ауылдан қалаға баламның болашағы үшін көшіп келдім. Үкіметтен де бір көмек болып қалатын шығар деп ойладым, – дейді ағынан жарылған Алтынбек Жұмабаев.
Алтекең қаладағы кейбір мекемелерден жұмыс іздестіріп көрген о баста. Алайда қос қолға күрек таппаған. Алтынбектің оқыған білімі де жоқ емес. Тоғызыншы сыныптан кейін училищеге түсіп, тракторшы-механик мамандығын алып шыққан. Бірақ көлік тізгіндеуге рұқсаты жоқ. Бойына байланысты хирург дәрігер анықтамасына қол қоймаған көрінеді. Әйтпесе, ағасы көлік алып бермек болған екен. Ағасы демекші, бұлар тоғыз ағайынды. Әке-шешесі Қамария мен Мәуітқазы бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Алтынбектен басқасының бойлары қалыпты. Дәрігерлердің де айтуынша, бойдың өспей қалуы тұқымға байланысты емес көрінеді.

Бала кезден еңбекке етене араласты

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Алтынбек Жұмабаев 1974 жылы Көкпекті ауданы, Үлкен Бөкен ауылында дүниеге келген. Ұлдардың ішіндегі кенжесі. Әке-шешесі қарапайым ғана тірлік кешкен. Алтынбек кішкентайынан үй шаруасына жақын болып өседі. Бойының аласалығына қарамастан атқа мініп қой да баққан. Атқа мінгенде алдымен аяғын жүгенге салып, одан үзеңгіге ілген. Биіктеу тас, томар болса, мініс атын соған қарай жақындатып алатын. Үйге су әкелу, қора тазалау Алтынбектің мойнында еді.
Өз қатарынан қалып өскендіктен болса керек, әкесі оны Өскемендегі арнайы мектепке бермекші болған. Алайда, қабылдау комиссиясы баланың алғырлығын, білімін байқап өзімен жасты балалармен оқи беруін ұсынған. Сөйтіп, өз ауылындағы мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, училищеге түседі. Онда жүргенде ән айтып, дауылпазда ойнайтын. Қазірдің өзінде домбыра тартып, әр түрлі әуендерді нақышына келтіріп орындайды.
Кейіннен Алтынбек қаладағы арқа сүйер ағаларына барып біраз жүреді. 2006 жылы болса керек, күзге қарай ауылына қайтып, Бибінұр есімді көрші ауылдың бойжеткенімен танысады. Көп ұзамай жаңа жыл қарсаңында шаңырақ көтереді. Әлбетте, қыз жақтың туыстары қарсылық білдірген көрінеді. Бірақ бірін-бірі сүйіп қосылған жастар бақытты өмір кешіп, қыздары дүниеге келеді. Жұмабаевтар отбасы ауылда қолдау таппағаннан кейін облыс орталығына көшіп келеді. Алтекеңнің ендігі ойы – мемлекеттен азын-аулақ несие алып жылыжай ашу. Өзі де көшет отырғызып, оны күтіп-баптағанды ұнатады. Осылай кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтымаса басқа амалы жоқ.

Туған-туыстарының арасында орны ерекше

Бойы аласа болғанымен, ойы биік

Алтынбек үйдегі шаруадан қолы қалт еткенде әлеуметтік желі арқылы жора-жолдастарымен, туған-туыстарымен әңгімелеседі. Үнемі хал-жағдайларын білісіп отырады. Ағайындарымен береке-бірліктері мығым, тату. Мейрам күндері барлығы аналарын орталарына алып, бір шаңырақ астына жиналып, арқа-жарқы болысып қалады. Алтынбектің айтуынша, мұндай ынтымақ әкелерінің беріп кеткен тәрбиесінен. Көзі тірсінде әкесі: «Мәуелі бәйтеректің бұтағындай бірге болыңдар, сонда ешқандай жау да, дау да алмайды» дегенді жиі қайталап отырған көрінеді. Туғандарының, достарының арасында Алтынбектің орны ерекше, бәріне сыйлы. Әңгімесі де салмақты.
– Байқап жүрсем, дені сау адамдардың кейбіреуі өмірде кездесетін кішігірім қиындықтарға шыдамай ашуланып, бірін-бірі ренжітіп жатады. Құдай адамға өлшеулі ғана ғұмыр берген. Айтайын дегенім, әр күнді мәнді етіп өткізсек, – дейді Алтекең.
Алтынбектің әлеуметтік желі арқылы араласып, сырласып жүрген жақын досы Ботагөз Шайзоллаева. Оның да бойы аласа. Ботагөз үйдегі анасына қамқорлық көрсетеді, тоқыма тоқумен айналысады. Үржар ауданы, Бестерек ауылында орта мектепті тамамдағаннан кейін сауда-саттықпен айналысады. Сол кезде аяқастынан ит қауып алып, жүйке талшықтары қысылып қалған. Содан бері мүгедек арбасына таңылады. Үйдің ішінде көбінесе таяққа сүйеніп жүреді. Өмірде еш мойымаған ол ақын-жазушылардың шығармаларын оқып жігерленеді. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері жанына жақын екен. Болашағынан зор үміт күтетін Ботагөз тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келетінін де жасырмады.
Аласа бойлы адамдар үшін қоғамда кездесетін кедергілердің көптігіне көзіміз жеткендей болды. Ең бастысы, құдайдың бергеніне тәубе етіп, өмірге деген құлшыныстарын жоғалтпасын.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button