Қоғам

«Бота» Жетіаралға су тартып жатыр

«Бота» Жетіаралға су тартып жатыр


Қайрат Қожахметов басқаратын «Бота» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жетіарал ауылында ауызсу құбырынтөсеп жатыр.

2005 жылы құрылған аталмыш құрылыс кәсіпорны қазір өсіп-өркендеген. Олар осы сәуірде Жетіарал ауылына орталықтандырылған сумен қамту желісін салу бойынша тендерді ұтып алды. Жұмыстарды 10 мамырда бастаған. Республикалық «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында бөлінген 635 миллион теңге қаржыға осы екі мың адам тұратын ауылға су тартылуы тиіс. Атап өтерлігі, мұнда ешқашан орталықтандырылған су жүйесі болмаған.

Ауылдың шетінен екі 20 метрлік терең ұңғыма қазылған, су сол жерден шығып, ауылдағы үйлердің қоршауларына дейін тартылады. Ары қарай құбырды үйге тұрғындар өз қаражаттарына кіргізіп алады.

– Құбырлардың жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрамақ. Егер екі сорғының бірі істен шықса, екіншісі автоматты түрде қосылады. Ал электр тогы өшсе, дизельді генератор іске көшеді, яғни, су үнемі жеткізіліп тұрады, – дейді Қайрат Қабдешұлы.

Қазір жұмысқа 23 еңбеккер тартылған. Жалақылары 50-80 мың теңге шамасында. Құбырлар аяқталған соң, «Ақжар» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының балансына өткізіледі.

«Бота» салған нысандар ауданда жетерлік. Олардың қатарында Жетіарал мен Бозша ауылдарындағы мектеп, Қарғыба ауылындағы 150 үй бар. Сапалары жоғары. Осы салынып жатқан су желісіне де кәсіпорын үш жылдық кепілдеме береді.

Серіктестік әлеуметтік жауапкершілікті де мойнына алған. Қамысты мен Жетіарал ауылдарындағы автокөлік көпірлерін кәсіпорын өз қаржысына салып, халық игілігіне ұсынған-ды. Спорттық шараларға үнемі демеушілік көрсетіп отырады. Қайраттың бұл ісіне жергілікті халық дән риза. Ол өзі осы Жетіарал ауылының тумасы, мамандығы бойынша механик, кейін заңгер мамандығын меңгеріпті.

Ержан Әбіш
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button