Қоғам

Босқындар еліне қайта бастады

Босқындар еліне қайта бастады

БҰҰ таратқан ақпаратқа сүйенсек, Иракта жарты миллионнан астам адам лаңкестерден азат етілген аудандарға қайтып оралды. Қазіргі уақытта баспаналары қирамай аман қалған тұрғындар қалыпты өмір сүруге көшті.
Дегенмен, ондағы тұрғындардың тұрмысы өте ауыр. Ішерге ас, киерге киім таппай қиналуда. Әсіресе, кішкентай балаларға қиын. Ауызсу жоқ, инженерлік желілер түгел істен шыққан. Үйсіз-күйсіз жүрген босқындар арнайы тігілген шатырларды паналауға мәжбүр.
– Мұндағы өмір сүру шарттары расымен де нашар. Ауызсу жоқ. Қолқаны қабатын иіс тағы бар. Өйткені, желдету жүйесі істемейді. БҰҰ олардың жағдайын жақсарту үшін қолдан келген көмегін аямауда. Қазір Эль-Хаббания шипажайы ғимаратының ішінде 400-ге жуық отбасы тұрады. Күн ысығанда, түрлі аурулар таралып кетуі мүмкін, – дейді БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Ирактағы өкілі Джозеф Меркс.
Алдағы уақытта БҰҰ-ның қатысуымен шипажай қасынан бірқатар үйлер бой көтеруі тиіс. Бұл баспаналар жағдайы өте нашар 400 отбасы үшін салынады.

Азық-түлік тапшылығы туындап тұр

Венесуэла Парламенті азық-түлік жетіспеушілігіне орай елде төтенше жағдай жариялады. Заң шығарушы орган өкілдері президентті халықаралық қауымдастықтан көмек сұрауға үндеп отыр. Бұл туралы ағылшындық «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Егер тез арада тиісті шара қолданбаса, 30 миллионнан астам халқы бар мемлекетте ашаршылық орнайтын түрі бар. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауына байланысты 300-ден астам азық-түлік өндіруші кәсіпорын жұмыстарын тоқтатып, банкротқа ұшыраған.
Сонымен қатар, Венесуэлада электр қуатының жетіспеушілігі байқалуда. Жүзден аса ірі сауда орталықтары қуатты үнемдеу мақсатында жұмысын тоқтатты. «The Wall Street Journal» басылымы латын америкасындағы аталмыш ел дефолтқа ұшырайды деп болжам жасап отыр. Алайда инвесторлар болса, бұл уақытша құбылыс екенін айтуда.

Мұнайдың арзандауына тағы бір себеп туды

Электромобильдерді көптеп шығару мұнай бағасының одан ары арзандауына ықпал етуі мүмкін. Мұндай болжамды «Bloomberg» агенттігі жасады.
Нақты деректерге сүйенсек, былтыр әлемде электромобильдер сату көлемі 60 пайызға өскен. Егер өсімнің бұл қарқыны биыл да сақталса, 2023 жылға қарай мұнайға сұраныстың құлдырауы күніне 2 миллион баррель болмақ.
Таяудағы екі жылда «Tesla» және «Chevrolet» 200 мильге дейін (322 шақырымға тең) жүру ресурсы бар электромобильдер сатуды күрт арттыруды жоспарлауда. Мұндай машиналардың орташа бағасы 30 мың долларға дейін төмендейтін болады, бұл әлеуетті клиенттер базасын елеулі кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Электр двигательді автомобильдер өндірісіне сондай-ақ, «Ford», «Volkswagen», «Nissan» және «BMW» компаниялары да миллиардтаған доллар инвестициялауда.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button