Босқыншылық қасіреті

Ержан Әбіш
Соңғы кездері нәубет жылдарының себеп-салдарына терең үңіліп, шынайы бағалау үрдісі белең алып келеді. Оған 2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қоюы екпін берді.
Комиссияның негізгі бір мақсат-міндеті – босқыншылық. Осыған байланысты арнайы республикалық және аймақтық жұмыс топтары құрылып, зерттеу жүргізуде. Біз комиссияның босқындар жөніндегі республикалық жұмыс тобы мүшесі, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің профессоры, тарихшы Раушан Айдарбаевамен жолығып, атқарып жүрген ғылыми жұмысы туралы білген едік.
– Босқыншылықты қазақ халқы ХХ ғасырда екі рет бастан кешірді. Алғашқысы 1916-1921 жылдары болды. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын Ресейдің аяусыз басуы, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1921 жылғы ашаршылық кезінде қазақтар босқыншылыққа ұшырады. Келесі босқыншылық 1930-1934 жылдары қазақтарды зорлап отырықшыландыру және ұжымдастыру барысында орын алды. Осылайша, 15-20 жылда қазақтың жартысынан астамы қырылды. Тарихта мұндай аз уақыт ішінде халқының жартысынан айырылған бірде-бір ел жоқ, – дейді Раушан Қайсақызы.
Бай-құлақты құртамыз деген желеумен…
Азамат соғысы кезінде қазақ шетелге ауа көшуге мәжбүр болды. Шекараға жақын аймақтардағы қазақтар Қытай, Моңғолияға ғана емес, көрші Ресейге қарасты Таулы Алтай өлкесіне, яғни Ойратияға да жаппай көше бастады. Азып-тозып, аштан бұратылған қазақтар туралы сол кездегі Зайсан болыстық атқару комитетінің Семей губерниясының басшылығына жіберген мәлімдемесінен білуге болады: «Қазақтардың көбінде киім жоқ, тек теріден тігілген киімді киюге мәжбүр. Ауыстырып киетін киімі болмағандықтан араларында жұқпалы аурулар тарап, қынадай қиып жатыр. Оларға дәрігерлік көмек көрсетуге еш мүмкіндік жоқ».
Тарихшының айтуынша, 1921-1922 жылдардағы аштық демографиялық апатқа алып келді. Халықтың бір бөлігі Ресейдің көрші аумақтарына босып кетуге мәжбүр болды. Семей губерниясы Бұқтырма уезінің қазақтары көрші Ойратиядан пана табуға тырысты. Шыңғыстай болысы 1-ші ауылының жұрты Ойратияның Қосағаш аймағын мекендеген қазақтарға көшіп барып, жан сауғалады.
– Бүкілодақтың орталық атқару комитетінің 1924 жылдың 25 ақпанындағы қаулысына сай босқындардың өз жерлеріне қайтуына рұқсат берілді. Осыны пайдаланып, Ойратиядан 380 жаннан тұратын 91 отбасы Шыңғыстай болысына келіп орналасты. Ал Қытайдан 2415 қазақ Зайсан уезіндегі ата қонысына оралды, – дейді Раушан Айдарбаева.
Десек те, 20-шы жылдары Кеңес өкіметі қазақтың басына тағы бір нәубетті төндірді. Бай-құлақтарды тап ретінде жою шаралары ауыр зардапқа ұрындырды.
Орташа шаруалар да қудалауға ұшырап, мал-мүлкі тәркіленді. Астана тұрғыны Гүлжихан Көкенованың естелігінде Катонқарағай ауданы, Ақжар ауылын мекендеген атасы Көкен мен оның балаларының тағдыры айтылады. «Ағаштан түйін түйіп, тері илеп күн көрген Көкен атаның бес ұл, бес қызы да өнерден құралақан болмаған. Толғанай апа сырмақ тігіп, алаша тоқыған. Олардың дүние-мүлкі толық тәркіленіп, отағасы айдауға ұшырайды. Толғанай апа орыстардың жұмысын істеп күн көреді. Үлкен ұлы Мұқамеджан бауырларын аман алып қалу үшін Қытайға көшуге бел байлағанда ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) қызметкерлері атып кетеді», – дейді Гүлжиһан Әнуәрбекқызы.
Жұрттың көбі Қытайды бетке алды
Екінші босқыншылыққа 1928-1934 жылдары орын алды. Қазақтарды күштеп отырықшыландыру, жаппай ұжымдастыру салдарынан ауыл шаруашылығы құлдырап, жаппай аштық орын алды. Халық шетелге үдере көшті.
Сібір өлкесінің, оның ішінде Алтай губерниясының аумағына боса көшкен қазақтардың шығу аумағы Шығыс Қазақстан болды.
– Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында 1933 жылға қарай бұрынғы халықтың 15,3 пайызы ғана қалды, мал саны 98 пайызға азайды. Бұрынғы Семей округінің 11 ауданынан қыркүйек және қазан айларында КСРО-ның түрлі жерлеріне 1308 жанұя қоныс аударды. Олардың барлығы іргелес Алтай губерниясына бет алды, – дейді ғалым. – 1931 жылдың аяғында босқыншылық одан әрі күшейе түсті. 1931 жылғы 1 желтоқсаннан 1932 жылғы 20 наурызға дейін Шығыс Қазақстандағы жанұялар 215667-ден 177355-ке қысқарды. Осылайша, бір ғана Шығыс Қазақстаннан 40 мыңнан астам отбасы немесе шамамен 200 мың халық қоныс аударды.
Қазақ босқындарының тағы бір басты бағыты Қытайдың Шыңжаң өлкесі болды. Шекараға қарамастан екі беттің адамдары арасында туыстық қатынас әлі де берік болатын. Кезінде екі империя бұл аумақты өзара бөліссе де, қазақтар аралас өмір сүріп жатқан.
Шығыс Қазақстанның Қытаймен шектес Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім, Үржар, Мақаншы аудандарынан босқындар саны 1930 жылға қарай өсе бастады. Зайсан ауданынан 1930 жылы Қытайға 1238 отбасы көшіп кетті, бұл – аудандағы халықтың үштен бірі.
Шекара әскерлерінің бассыздығы да үдере көшуге түрткі болды. Мысалы, Катонқарағай ауданындағы Шыңдығытай шекара бекеті қазақ ауылдарына көп зорлық-зомбылық көрсетті. Заңсыз тұтқындау, ұрып-соғу, қалған малын тартып алу әрекеттері жиіледі.
Астық пен ет дайындау науқаны кезіндегі жергілікті басшылардың асырасілтеушілігі де босқыншылықтың өсуіне әкелді. Катонқарағай ауданында егін егу мүмкін емес. Осыған қарамастан жергілікті халықты астық өткізуге мәжбүрледі. Биліктің бұл қысымына шыдамаған жұрттың бір бөлігі шекара асып кетсе, қалғаны азын-аулақ малын астыққа айырбастап, мемлекетке өткізді. 1931 жылы Катонқарағай ауданы Таңба ауылынан 207 жаннан тұрған 50 отбасы Қытай асады.
Қазақстанда 30-шы жылдардың басында 372 шаруалар көтерілісі болған. Осындай көтеріліске дайындық Ойратиядағы қазақтар тығыз орналасқан Қосағаш ауданында орын алды. Көтеріліс басшылары Катонқарағай ауданымен байланыста болған. Қытайға қоныс аударған бұрынғы болыс Әбдікерім Ережепов ұлы Қамбар арқылы Катонқарағай және Қосағаш қазақтарымен байланысып, көтеріліске жетекшілік етуге тырысқан. Алайда бұл әрекет сәтсіз аяқталды. 1931 жылы ұйымдастырушыларды ОГПУ қызметкерлері қолға түсіріп, ауыр жазалады.
Халықты көшіруші топтар құрылды
30-шы жылдардағы босқыншылық барлық жерде стихиялы түрде болды дей алмаймыз. Оның ұйымдастырушылары жергілікті жерлерде ғана емес, тіпті өлкелік билік органдарының қатарында да болған. Осындай ұйымдардың бірі – Тарбағатай ауданында 1931 жылдың тамызында құрылған «Оңшыл ұлтшыл ұйым». Оның құрамына аудан-ауыл басшылары мен белсенділер енді. Ішінде аудандық партия комитетінің хатшысы Смағұл Құлжанбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Мейрам Әлімбеков, аудан прокуроры Сайтулла Ыдырысов, аудандық милиция басшысы Қайырбек Табажанов және өзгелер болды.
Жасырын жиналыста олар халықты аштықтан аман алып қалудың бірден-бір жолы Қытайға кету деп шешеді. Белсенділер арқылы үгіт жүргізіп, ауылдарды шекара асырумен айналысады. 1931 жылдың күзі – 1932 жылдың көктемі аралығында Тарбағатай ауданының №1, 2, 3, 4, 5, 6 ауылдарынан 696 отбасы шекара асуға әрекеттеніп, олардың 214-і қолға түсіп, кейін қайтарылды. Қалғаны мал-мүлкімен Шыңжаңға өткен.
Бұл ұйым Шыңжаңдағы қазақтармен байланысып, босқын халықтың Қытайда орналасу мәселесін талқылап отырды. Олар алашорда қайраткері Райымжан Мәрсековпен, қытай қазақтары басшыларының бірі Әлен Көгедаевпен хат алмасып, солар арқылы жергілікті қытай билігімен келісуге тырысты. Халықты шекарадан өткізу үшін Қытайдан қарулы топтар шақырылып отырды. Бұл топтар халықты шекарашылардың шабуылынан қорғауға тиіс болды. Алайда бұл ұйым 1932 жылдың жазында әшкереленіп, 92 адам жауапқа тартылды. Басқа мүшелерінің тағдыры әлі күнге дейін беймәлім.
– Осы тәріздес ұйымдар Зайсан, Күршім, Катонқарағай аудандарында құрылған. Оларға байланысты құжаттардың көбі құпиясыздандырылмаған. Оларда еш мемлекеттік құпия жоқ. Бұл «мәселені саясаттандырмау қажет» деген желеумен әлі шындықты жасырып келеміз. Жазықсыз қиылған, артында іздеушісі жоқ кеңестік жүйенің қаншама құрбаны бар. Жала жабылып, «үштіктің» шешімімен сотталып, атылып кеткендер қаншама. Өлім жазасы бірден орындалып отырған. Үкімді орындау туралы актілерге көз жүгіртсек, олардың түнде жүзеге асқанына куә боламыз. «Түнгі 10 сағат 15 минутта немесе түнгі сағат 2-де үкім орындалды. Оларды атылған жерлерінде көміп кеттік» деген жазбалар жиі кездеседі, – дейді тарихшы.
Катонқарағай аудандық ОГПУ бөлімшесінің 1931 жылдың 11 маусымындағы жедел хабарламасында Бетеу-Қанас асуы арқылы өтпек болған босқындардың жолына шекара бекетінің бастығы Кавешников басқарған отряд тосқауыл қойып, оларды қалай қырып тастағаны туралы баяндалады. Бұл босқындар Моңғолиядан Қытайға өтпек болған қандастарымыз еді. «Қашқындар бар мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. 20 адамын атып өлтірдік, олжа ретінде 30 мың қой, 1 мың жылқы, көп мөлшерде дүние-мүлік қолға түсті» деп хабарлайды.
Құшақ жая қарсы алған емес
Шекара асып, аман қалған қазақ босқындарының Қытайдағы жағдайы да ауыр болды. 200 мыңдай аш адамның Шыңжанға келуі жағдайды ушықтырды. Жергілікті халықтың өзі аштықтың алдында тұрды.
Шәуешек қаласының тумасы, ұзақ жыл Өскемен пединститутының деканы болған Виктор Петровтың «Мятежное сердце Азии. Синьзцян: краткая история народных движений и воспоминания» кітабында босқын қазақтар туралы айтылған: «1932-1933 жылдары Шәуешекте аш адамдар көбейіп кетті. Олар Шығыс Қазақстаннан келген босқын қазақтар еді. Арнайы адамдар қаланы арбамен аралап, олардың өліктерін зиратқа таситын».
1932 жылдың 23 тамызында ауылшаруашылық халық комиссариатының директивасына сәйкес Қытайдан босқындарды қайтару және оларды орналастыру шаралары жүзеге асырыла бастады. Семейде босқындарды орналастыру комиссиясы құрылып, осы шараларды жүзеге асыру үшін қаражат бөлінді.
– Экономикалық жағынан тұрақты колхоздар негізінен орыс халқы басым аудандарға тиесілі еді. Босқындардың бір бөлігі осы аудандарға орналастырылып, жаңа кедергілерге жолықты. 1933 жылдың 21 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетінде Өскемен өңірінде орын алған ұлыдержавалық шовинизм фактілері туралы мақала жарияланды. Мақалада босқындардың дұрыс орналастырылмағаны аталып өтілді. «Трактор», «Ударник», «Прожектор», «Красная нива», «Искра», «Труд Калинина» ұжымшарларында босқындар баспанамен, киім-кешекпен, отынмен, азық-түлікпен қамтылмаған. Салдарынан 14 босқын өліп, 15-і басқа жаққа кетуге мәжбүр болған. Бұл деректер расталып, жұмысына немқұрайды қараған басшылар жазаланыпты, – деп құнды деректермен бөлісті ғалым.
Бүгінгі күнге дейін тарих ғылымы қазақ халқының 20-30-шы жылдардағы босқыншылық мәселесін жіті зерттей алмай келеді. Көші-қон шығындары туралы мәселе де ашық күйінде қалып отыр. Сондықтан босқындар бойынша жұмыс топтарының алдында тұрған зерттеулер ауқымды.