Қоғам

Бошайдың Зайсанда да ізі қалған

Бошайдың Зайсанда да ізі қалған

Ерлігі мен ерен еңбегі қазақ елін былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағына белгілі Бошай ағаны алғаш көргенім 1952 жыл болатын. Мен ол кезде он төрт жастағы бала едім.

Хрущевқа қазақ елін танытқан ер

Ауылдан жетінші класты бітіріп, оқуымды Зайсандағы нағашы атамның үйінде тұрып жалғастырдым. Нағашымның екі ұлы бірдей Отан қорғауда қаза болған. «Асыраушысы жоқ» деген баппен мемлекеттен жәрдемақы алып тұратын. Бір кездері неге екені белгісіз, әлгі жәрдемақы тоқтап қалды. Атам жасы келіп қалған және сауатсыз адам еді. Аудандық мекемелерге арыз апарса да, ештеңе шығара алмай, қаражатсыз қалдық.
Мен атама: «Біздің мектепте Мұхтар деген бала оқиды. Соның ағасы үлкен бастық дейді. Мұғалімдер үнемі мақтап отырады, соған барсаң қайтеді?» дедім. Атам: «Барсақ, барайық» – деп келісті.
Сонымен атам екеуміз түскі үзілістен жұмысқа бара жатқан Бошай ағаның соңына ілесе кеңсесіне келдік. Дәл кабинетке кірерде ол бізді байқап қалған болу керек, бұрылып:
– Аға, менде шаруаңыз бар ма? – деді атама. Атам:
– Иә, бар, – деген соң кабинетіне ертіп кіргізді. Мән- жайды естіген соң, дереу собестің бастығын шақыртты. Ұмытпасам, оның бастығы Жеребненко деген орыс қызы болатын.
Бошай аға: «Қанша адам жәрдемақы алады? Неше адамның жәрдемақысы тоқтап қалды? Қандай себептермен? Соны анықтаңыз. Мына ақсақалдың тиісті ақшасын екі күннің ішінде үйіне апарғызып беріңіз», – деп қатаң тапсырма берді.
Содан екінші күні пошташы қыз үш айдың жәрдемақысын үйге әкеліп бергені. Атам сауатсыз болғанымен көзі ашық, көкірегі ояу адам болатын. Сәуегейлігі, аузының дуалылығы да бар еді. Сол кезде атамның: «Мына жігіт қарапайым адам екен. Болашағы үлкен, келешекте мемлекеттің жоғары лауазымды қызметтерін атқаратын болар. Қарапайымдылық – тек ұлы адамдарда ғана болатын қасиет. Олар мәнсапқа, байлыққа қызықпайды, тек халық қамын ойлайды», – деп мейірлене айтқаны есімде.
1960-жылдардың бас кезінде Мәскеуде ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде үлкен жиын болып, Кремль сарайындағы сол жиында Бошай ағамыздың сөйлеген сөзін Мәскеуде шығатын «Правда», «Известия», «Сельская жизнь» сынды орталық газеттер жарыса жазды.
Ұмытпасам, ағаның сондағы сөзінің мазмұны төмендегідей болды:
«Қазақ елі – батыр да, еңбекқор халық. Қазақтың көптеген ұлдары мен қыздары Отан қорғауда ерлікпен қаза болды. Олардың осы Мәскеуді қорғаудағы ерліктері тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Ұлы Отанды қорғаушылардың бірі ретінде сол қан майданда жаралы болып, аяғымды берсем де, еліміз үшін алған жара мен төгілген қан мен үшін абыройлы борыш деп есептеймін. Қазақ елі жанқиярлық ерлігімен қатар, Кеңестік Отанға миллиардтаған пұт астық пен басқадай ауыл шаруашылығы өнімдерін тапсыруда аянбай еңбек етіп, ел алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Солардың қатарында мен басқарып отырған колхоз да өз міндеттерін асыра орындауда».
Бошай аға сөзін аяқтағанда Кеңестер Одағының сол кездегі басшысы Н.Хрущев: «Сізге рақмет!» дегенін баспасөз бетінен оқып білдік.
Ол кезде орталықта өтетін жиында сөйленген сөздер стенография арқылы газет беттерінде егжей-тегжейлі жазылатын. Сол уақытта ел басқарып жүрген көзі қарақты ел ағалары «Н.Хрущевтің қазақ баласына деген алғашқы алғысы болар» десіп жүрді. Ал кейбір білетіндер: «Бошай ағаның осы жалынды сөзінен кейін Н.Хрущев қазақ елін тани бастады» дейді. Сонымен қатар, біраз ел ағалары: «Бошай ағаның қазақтың ұлы тұлғасы Д.Қонаевпен достық қарым-қатынасы да сол кезден бастау алды» десіп жүргені де санамда қалыпты.

Оның өмірі – өзгелерге өнеге

1980 жылдардың бас кездерінде Зайсанда басшы қызметтер атқарған, ауданға беделді Нүкен (Нұрмұханбет) Егінбаев қайтыс болғанда, оны жерлеуге Бошай аға да келгені есімде. Бошай аға түнделете жүріп отырып, таңертең Зайсанға келген. Жанында халық мұғалімі, аты аңызға айналған адам Құмаш Нұрғалиев ағамыз да бар екен. Қаралы жиында ағамыз жан тебірентерлік сөз сөйледі. Оның менің есімде қалған қысқаша мазмұны төмендегідей:
– Бұл өңірдің табиғаты да, адамдары да жайсаң мінезді. Зайсанда тұрып, қызмет жасап кеткендердің өзі осы, Шығыстағы шырайлы өлкені ерекше ілтипатпен еске алып жүреді. Жайсаңның адамдары дос көңілді, ақжарқын, қонақжай болып келетінін осы ауданда қызмет жасаған кезден білемін. Жайсаңның көптеген қадірлі адамдарымен араласып, қызметтес болдым. Сол азаматтардың ішінде Жайсаң елінің көрнекті өкілі, майдангер, соғыста әскери бөлім басқарған жауынгер-офицер Нұрмұханбет Егінбаевты ерекше атауға болады. Ол ой-өрісі кең, сөзге шешен, осы ауданның өркендеуіне зор үлес қосқан азамат еді. Осы абыройлы азаматқа ескерткіш қоюды өз міндетіме аламын, – деп еді. Кейінде оның Нүкен марқұмға граниттен құйылған ескерткіш орнатқанын көрдік.
Бошай ағаның адамдарды тани білетін қасиеті барын естіп-білетінбіз. Ол мен білетіндерден Сайлаухан Аухадиевті колхоз бастығының орынбасары етіп тағайындады. Аухадиев кейін Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Ал жасы жиырмаға жетпеген жас жігіт Зинабек Зайнулдинді ауылдық кеңестің төрағалығына ұсынып, бекіттіруі ағамыздың нағыз көрегендігі еді.
Бүгінде оны білетін ел-жұрты «Социалистік Еңбек Ері, майдангер, ауыл шарушылығының білгір маманы, ғылым кандидаты, тарихшы-этнограф, жазушы, қоғам қайраткері Бошай Кітапбаев аға мемлекеттік жоғары марапатқа лайық» дегенді жиі-жиі айтып жүр.
Бошай ағамыздың ел басқарудағы ұстанымы, тәжірибесі, адами қасиеттері, еңбектегі ерліктері – үлкен ғылым. Бүгіндері елге басшы болып жүрген үлкенді-кішілі азаматтардың ақылшысы болып отырған ағамыздың жазбалары мен еңбектері жас буынға үлгі алатын, үйренетін, жолнұсқа болатын асыл қазына деуге әбден болады.

Мағазбек Тоқтаубай

Қуаныш ауылы,
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button