РуханиятТұлға

Бошай Кітапбаев туралы кітаптың тұсаукесері өтті

ШҚО-да Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына орай жарық көрген кітаптың тұсаукесері өтті.

А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада есімі елге әйгілі өлке шежірешісі, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек ері, Катонқарағай ауданының және Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың 100 жылдығына орай жарық көрген жаңа кітаптың тұсауы кесілді.


– Біз бүгін Шығыстың абызы, Алтайдың айбары, Найманның туын көкке көтерген шежірешісі, Төр Алтайдың алыбы Бошай Кітапбаевтың өнегелі өмірі туралы кітаптың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Бұл кітап – жиырмасыншы ғасырдың күйініші мен сүйінішін, қасіреті мен қуанышын бізге паш ететін өте мағыналы да тәрбиелі кітап. Бошекең жиырмасыншы ғасырдың тірі куәгері еді. Бошекең мұқым Алаштың айбары мен айбыны еді. Бошекең осыдан 8 жыл бұрын 93 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бүкіл Шығыс жұрты аһ ұрып ақтық сапарға шығарып салғанбыз. Бошекең қайсарлық пен жанкештіліктің үлгісі еді. Сонау мектеп бітірген жылы он сегіз жасар жас өрім совет-герман соғысына аттанып, Украинаның Витебск деген қаласының түбінде оң аяғын снарядтың жарықшағына садақалап, сол жердегі окопқа көміп кетіп, бір аяқпен елге оралып, Семейдің протез зауытында жасалған ағаш аяқпен 70 жыл Алтайды дүбірге толтырып өтті. Бошекең іскер басшы болып қана қойған жоқ, ол үлкен қызмет істеп жүріп, Найманның екі томдық шежіресін жазып шығарды. Мұндай шежірені қазіргі күні ешқандай ғылыми-зерттеу институты жазып шығара алмайды. Бошекең аяулы аға еді. Көпке дейін сағынып жүрдік, әлі де сағынып жүрміз, – деді тұсаукесер кештің тізгінін ұстаған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.
Осыдан кейін облыс әкімі Ермек Көшербаев пен Бошекеңнен кейінгі Төр Алтайдың ақсақалы Амантай Бакин жаңа кітаптың тұсауын кесті.
– Мен ол кісіні танитынмын. Осыдан он төрт жыл бұрын осы облыста қызмет істеп жүрген кезімде Бошай әкімдікке келіп тұратын. Атамыз өте беделді кісі еді. Бошай атамыздан әкімдіктегілердің кейбірі шошитын, кейбірі орнынан атып тұрып, құрмет көрсетіп жататын. Ол кісінің әкімдікке келгені бірден белгілі еді. Таяғымен еденді тарсылдатып, тақұлдатып, бүкіл кабинеттерді аралап шығатын. Мен ол кезде әкімнің өнеркәсіп жағына жауап беретін орынбасары едім. Менің де есігімді таяғымен итеріп кіруші еді. Әңгімесін айтып, батасын беріп кететін, – деді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған облыс әкімі.
Ермек Беделбайұлы бір жолы ол кісіге Түрікменстан Президентінің жылқы туралы жазылған кітабын сыйға тартқанын, қуана қабыл алғанын айта келіп, Бошай ақсақалдың өмірде не атқарса да, қандай қызмет істесе де таза ниетпен істегенін ерекше атап айтты.
– Ол кісі бәрін ашық айтатын, соның арқасында халықтың ілтипатына, құрметіне бөленді. Жаңа кітап құтты болып, оқырманы көп болсын, – деген облыс әкімі осы жұмада Катонқарағай ауданында жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған көптеген іс- шара өтетінін, осы мерейтой аясында қосымша Бошай Кітапбаевқа арналған іс-шаралар өтетінін айтты.
– Бошекеңмен біздің әкей жан жолдас болған, екеуі Шыңғыстайда бір класта оқыған, екеуі бірге әскерге аттанып, екеуі де соғыста бір аяғын беріп келген еді. Соғыстан кейін де екеуі қызметтес болған адамдар. Керемет жақсы дос еді. Бошекең өле-өлгенше менімен хабарласып тұрды. Сыйлас болдық. Бізді түн ортасында оятып алып, анау-мынауысын айтып отыратын еді. Осыдан 30-40 жыл бұрын қазақтың ұлттық рухтан, негізінен ажырап бара жатқанын сезген Бошекең найманның шежіресін жазуды қолға алды. Ол кісі өте терең ойлайтын. Талай нәрсені бітіріп кетті, – деді Амантай Бакин.
Кітаптың тұсаукесерінде өлкетанушы жазушы, мұрағатшы Алдияр Әубәкіров те сөз алып, өзінің естелігін айтты. Айтуынша, Бошай Кітапбаев оны «Алдиярым» деп ерекше жақын тартыпты. Кейде үйіне қоңырау шалып, «мынаны түртіп қойшы» деп, көкейінде жүрген көрікті ойларын да айтатын көрінеді.

Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас

Жалпы, Бошай Кітапбаевтың бір ғасырлық мерейтойы қарсаңында жарық көрген кітап «Өнегелі өмір» сериясымен оқырманға жол тартты. Бұл – «Өнегелі өмір» кітабының 241-ші саны. Шынында да Бошай Кітапбаев – көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам. Оның өмірі өнегеге, тағдыры тағылымға толы. Шығыс жұрты оны Алтайдың ақиығы дейді.
Негізінде Бошай атамыздың азан шақырып қойған аты Сәдуақас екен. Ол 1923 жылдың 2 қыркүйегінде Катонқарағай ауданына қарасты Жаңа Үлгі ауылында дүниеге келген. Әкесі Кітапбай 1898 жылы дүниеге келіп 1954 жылы дүниеден озыпты. Ал анасы Мәлике 1905 жылы туып, 1950 жылы небәрі 45 жасында қайтыс болған екен. Шыңғыстайдағы орта мектепті 1941 жылы бітірген бозбала жігіт Бошай Ұлы Отан соғысына аттанады. 101-ші жеке атқыштар бригадасының құрамында Ржев түбіндегі шайқасқа қатысып, екі рет жараланады. Ал 1943 жылы Витебск жанындағы болған қан майданда оң аяғынан айырылады. Туған жеріне балдақпен оралған Бошай Кітапбаев мүгедекпін демеді. Аяғым жоқ деп аянып қалу Бошайдың болмысына жат. Протез аяқтың өзімен-ақ ол соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру ісіне кірісіп кетеді. Ал әкесі Кітапбай соғыстың басынан соңына дейін қатысып аман оралған екен.
Соғыстан кейін Бошай Кітапбаев кеңес органдарында, тұтынушылар қоғамында, Зайсан аудандық, Зайсан қалалық атқару комитеттерінде қызмет істейді. 1955 жылы партияның шақыруымен «отыз мыңжылдықшы» ретінде Үлкен Нарын ауданындағы Абай атындағы ұжымшарды, ал 1956 жылы осы аудандағы Ленин атындағы ұжымшарды басқарады.
1966 жылы ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіріп, көп ұзамай кандидаттық диссертация қорғайды. 1971 жылы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, мемлекетке астық пен мал өнімдерін сатудағы бес жылдық жоспарды орындаудағы жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. Сондай-ақ оған Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылады.
1973 жылғы наурыздан 1978 жылғы қарашаға дейін Бошай Кітапбаев Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы «Көктал» кеңшарын, одан соң «КОКП ХХІІ съезі атындағы» ұжымшарды басқарады. Ал 1978 жылы туған жеріне қайта оралып, 1990 жылға дейін Үлкен Нарын ауданындағы Ленин атындағы ұжымшардың тізгінін ұстайды. Сол 1990 жылы еңбек демалысына шығады.
Еткен еңбек, төккен тері өтелді. Бошай Кітапбаев 1976 жылы өткен КОКП 25 съезінің делегаты, жетінші шақырылған Қазақ КСР-і жоғары кеңесінің, бірнеше рет еңбекшілер депутаттары облыстық, аудандық кеңестерінің депутаты, Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланады. Екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағына ие болған.

Аңызға айналған атбегі еді

Бошай – ат баптаған атбегі. Ауылда жас әйелдер күйеулеріне ренжігенде «Саған қатын болғанша, ана Бошайдың қара аты болмаған екенбіз» деп айтады екен. Бошай Кітапбаевтың атбегілігі жайлы қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғабит Мүсірепов «Бошайдың үш қарасы» атты шығармасын жазды. «Бұл үш қара аттың үшеуі де – Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин колхозының аттары. Колхоз тұрсын ауданына, аудан тұрсын облысына, облысы тұрсын бүкіл республикаға абырой-атақ әперіп жүрген әйгілі аттар: «Құланқара» мен «Бұланқара» – бәйге аттары, «Желмаясы» – жорға» деп басталады жазушы шығармасы. Содан кейін: «… Ол бір ақын адам. Оның ақындығы жорға-жүйріктеріне қойылған аттарынан да көрініп тұр. «Құланқара», «Бұланқара», «Желмая». Осы үш атауда қандай теңеулер, қанша поэзия жатыр!.. Бұл Құлатай, Сұратай, Жұматай деген сияқты мағынасыз ұйқастыра салған заттар емес, поэзиялық мәні берілген, ат үстінде өскен елдің поэзиясының әуені бар атаулар» деп жазады атақты Ғабең, Ғабит Мүсірепов. Ал ақын Ғафу Қайырбеков Бошай замандасына «Тұлпар туралы аңызды» арнады.
Иә, Ғабең дұрыс байқаған, Бошай Кітапбаев – қара сөздің қадірін білген, қастерлеген жан. Ол – «Тоғыз таңбалы Найман», «Шежіре», «Өр Алтайда өткен өмір», «Айта айта Алтайды, Бошай ата да қартайды», «Алтай азаматы», «Жылы пікіріміз ешқашан өзгермейді» секілді бірнеше кітаптардың авторы. Оқырманға жол тартқан «Бошай Кітапбаев: өнегелі өмір» атты жаңа кітапқа Б.Кітапбаевтың тоғыз таңбалы Найман руының тарихы туралы жазған шығармалары, түрлі тақырыптағы ой толғаныстары, баспасөз бетінде жарық көрген сұхбаттары, фотосуреттері мен мұрағат құжаттары топтастырылыпты. Жаңа жинақта сондай-ақ оның атбегілігін, шежірешілдігін, қайраткерлігін сипаттайтын замандастары мен әріптестерінің, қаламгерлер қауымының естеліктері бар.
Бошай Кітапбаевтың «Шежіресі» Шығыс жұрты іздеп жүріп оқитын кітапқа айналған.
Сондай-ақ Бошай Кітапбаев қазақ халқының біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевпен, Ғабит Мүсірепов, Герольд Белгер, Кәкімбек Салықов, Шериаздан Елеукенов, Ғафу Қайырбеков, Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкеев, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров секілді қаламгерлермен жақын араласып, достық қарым-қатынаста болыпты.
Қалай десек те, ірі тұлғаның өмірі тұнып тұрған тағылым екені сөзсіз. Жаңа кітаптың оқырманға берері де мол.
Алдағы 27 тамызда Өскемендегі Неке сарайында Бошай Кітапбайұлының рухына құран бағышталып, ас берілді

 

Мейрамтай Иманғали

 

 

Осы айдарда

Back to top button