Қоғам

Бошай Кітапбаевты еске алуға арналды

Шахматтан ерлер арасындағы биылғы облыс чемпионаты әйгілі атбегі, ғалым, шежіреші, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевты еске алуға арналды.

– Әкеміз жүйрік жылқылардан бөлек шахматқа да сондай құмар еді. Оның шахматқұмарлығы қатардағы әуесқойлықтан жоғары тұратын. Үйдегі сөресінің едәуір бөлігін осы спорт түріне қатысты кітаптары алушы еді. Және сол оқулықтарды шаң баспайтын. Міне, әкем шахматқа осылай дайындалатын еді. Ол соғыста бір аяғын беріп, госпитальда жатқан кезінде осы ойынға мықтап ден қойған екен, – деді жарыс демеушісі Марат Бошайұлы.

Финалдық кезеңнің ашылу салтанатына Бошай Кітапбаевтың замандастары мен қызметтес інілері де қатысып, құнды естеліктер айтты.

Шахматтан облыстың бас жаттықтырушысы Алмагүл Чакееваның айтуынша, жартылай финал осыдан бір апта бұрын өткен. Оған Өскемен мен Семей өңірінен 100 үміткер қатысып, үздік шыққан оныншы финалға жолдама алған. Бұл он финалистке тағы екі шахматшы қосылды. Біріншісі – облыстың былтырғы жеңімпазы болса, екіншісі – Шығыстағы рейтингі ең жоғары ойыншы болуға тиіс еді. Алайда рейтингі жоғары ойыншы Болат Нышанбаев өз орнына жас шахматшыны қатыстыруды өтініпті.

– Біз жартылай финалда тамаша өнер көрсеткен Әділжан Сәдібековті Болат Нышанбаевтың орнына шығардық. Оның жасы небары онда болса да, бүгінгі қатысып жатқан ересектермен деңгейі бір. Шахмат теориясын төрт жасынан бері оқып келеді, – деді Алмагүл Чакеева.

Сонымен, сайыскерлердің қалта телефондары түгелдей жиналып алынды да, ойын басталды. Нәп-нәзік қолының біреуіне шоколод ұстаған Әділжанның екінші қолын алақанына көме қысқан қарсылас ағайы сүйсіне күлімдеп, оны орындыққа жайғастырды. Партия тең аяқталғанда ағайдың реңі біртүрлі бұзылып кеткендей болды. Әділжан 11 кезеңнің төртеуінде тең ойын көрсетті.

– Шахматшылардың телефондарында тығырықтан шығар жолдарды көрсететін арнайы бағдарламаның бары анық. Біз жарыста аярлықтың болмауын барынша қадағаладық, – деді Алмагүл Чакеева.

Сегіз күнге ұласқан жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды иеленген Қайрат Ермеков республикалық кезеңге жолдама алды.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button