Руханият

Бошай ақсақалдың батасы

Бошай ақсақалдың  батасы

Анау бір кезде «Дидарда» Бошай Кітапбаев дүниеден озғаннан кейін, араға біраз уақыт салып шыққан мақаланы оқығанда, осы бір арда жаратылған ақсақалмен ұшырасқан екі уақиға ойыма орала берді.

Жас жұбайларға тілек

…2001 жылдың тамыз айында Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылында тұратын үлкен ағам Кәкеннің тұңғышы Дархан шаңырақ көтерді. Ойдан-қырдан туысқандар жиналдық. Тура Өскеменнен Семейге қарай шығар жолдың бойындағы үлкен үйдің есік алдына етек-жеңі кең палатка құрылды. Той жабдығы жасалды. Абыр-сабыр көбейді. Елдің барлығы жас жұбайларды қарсы алу, одан кейін келетін меймандарды күту қамымен қызу қарекет үстінде.
Күн екіндіге ауа бере, жол үстінен бері қарай ақ «Нива» құлдилады. Сырғып келіп той қамымен жүрген қалың жұрттың шетін ала ширыға тоқтады. Бала-шағаның шаруасына араласпай, шеткері тұрған бір топ ересектер сол жаққа ошарыла бұрылысты. «Ниваның» есігі жайымен ашылып, шопырдың жанындағы алдыңғы орындықтан ауыр қозғалып еңсегей бойлы ақсақал қопарыла түсті. Бір аяғын ақсаңдай, сүйрете басатыны көрініп тұр. Қолында таяқ. Бойы да бірсыпыра бар екен. Бейнесінде сес пе, сұс па, әйтеуір, салмақты бір кесек харизма бар. Әйтеуір, бекер кісі емесі анық.
«Бұл кім болды екен?» деп еліте бастады жаңағы топ. Маған мына кісінің бейнесі таныс көрінді. Қай жерде кездестіріп едім?. Санадағы суреттер сапырылысып, жылдам-жылдам зуылдаған кадрлардай көз алдымнан өте бастады. Таптым! Бұл газет-жуналдардан фотосуреттерін көріп қалып жүрген әйгілі Бошай Кітапбаев қой! Дәл өзі. Бірақ мұнда қайдан жүр? Бошай атымен бұрылып бұл жаққа келуіне не себеп?
Есімді жылдам жинадым. Жанымдағыларға бұл кісінің кім екенін едел-жедел айтып үлгердім де, «Ассалаумағалейкум, Бошай аға!», деп алдына жүгіре басып жеттім.
Еңселі адам еңкейе беріп сәлемімді алды. Есімін атап, амандасқаныма риза көңілі пішінінен байқалып тұр.
-Иә, бір жақсылықтың болатынын той жабдығынан байқап тұрмын. Шамасы, келін түсіріп жатырсыңдар-ау. Ал қуаныштарың құтты боп, ұзағынан сүйіндіріп, жас жұбайлар бақытты, үбірлі-шүбірлі болсын!-деп Бошай аға ақ тілегін ағытты.
Есік алдындағы палатка-кафенің бір бұрышына едел-жедел дастарқан жайылды. «Арқыраған ақаңның» да бір шөлмегі келді. Бошекең де бірер рюмкеден бас тартқан жоқ.
Бұ кісіге қатысты оқыған оны-мұны білетініміз бар, соны әңгімеге айналдырдық. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің «Бошайдың қос қарагері» жайында.
-Әй, сен бірдеңе білетін бала екенсің!-деді риза болып. –Оның мән-жайын айтсам, ұзаққа кетерміз. Сендердің тойға даярланып, алашапқын болып жатқандарың мынау. Сондықтан, сен бала, әңгіме керек болса, мен КШТ-да тұрамын. Телефоным мынау. Кел үйге.
Қысқасы, Бошай аға ініміздің тойының беташарын өзі жасап бергендей болды. Тағы да батасын берді, жік-жаппар болып жайдары қарсы алғанымызға көңілі толып, разы күйде аттанды.
Содан бері де он төрт жыл өтіпті. Сол жас жұбайлар – Дархан мен Әлия – бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп отырған ұлағатты отбасы. Үлкен қыздары Диляра – Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-ші сыныбының ең үздік оқушысы. Ұлдары Расул да 3-ші сыныптың озаты. Болашағынан үміт күттірер спортшы. Таэквондодан өз салмағында облыстық жарыстарда үш мәрте жеңімпаз атанды. Кенжелері Алуа бастауыш сыныпта. Құдайға шүкір Дархан мен Әлия да өз кәсіптерін алға қарай дөңгелетіп-ақ әкеле жатыр.

«Сау сиырдың боғы емессің…»

2011 жылдың шілде айының ортасында Катонқарағайдың Топқайың ауылының тұсында бірер жыл бұрын бой көтерген «Екі дос» сауықтыру орнында қос жанұя қосылып, төрт адам бір апта демалып, ем алып, жақсы тынықтық. Сол екі достың бірі – алматылық кәсіпкер Тельман Жаментиковпен мұның алдында ғана танысқанбыз. Тәкең: «Катонда жасап жатқан шаруамызды көздеріңмен көріп қайтыңдар»,-деп шақырған.
Шілденің 11-і күні Семейден шығып, түнделетіп жүріп келіп, асқақ таулардың арасындағы Ақсуға көтерілдік. Үш күн сонда жатып, маралдың жаңадан ғана кесілген мүйізінің қанын ішіп, ыстық сорпасына түсіп, арасында анау төрдегі Шебенюха-Тасшоқыға көтеріліп, булы моншаға сыланып, одан тағы екі күн төмендегі Топқайың тұсындағы шетелдік үлгіде салынған әсем қалашықта ем алуды жалғастырып, Семейге оралдық.
Көтеріңкі көңіл-күйдің әсерімен көріп-білгенімізді көлдей мақалаға түсіріп, республикалық газетке жарияладық. Ол жазғанымыз Тельман ағамыздың да ойынан шықты. Осы көңіл кейіннен жақсы таныстық-достыққа ұласты. Ол өзі жеке бір әңгіме.
Сонымен, етектей мақаланың бір данасын облыстық «Дидар» газетіне де жібердім. Жібергенім сол, әлгі жолжазба үшінші күні-ақ үлкен форматты «Дидардың» бір бетін толықтай алып. жарқ етіп шыға келгені! Мұны өзім де күтпеп едім.
Сенбі күні қала сыртындағы базардан ет-сүт, басқа жеңсік тамақ сатып алып, кейін қайтып келе жаттық. Қалаға енді кіре бергенде, қалта телефон шырылдап қоя берді. Белгісіз нөмір. Ноқатын басып, құлағыма тостым.
-Мынау Сайлау ма?-деді ар жақтағы үлкен кісінің дауысы.
-Иә, аға.
-Бұл Бошай деген ағаң болады.
Бошай деген есім ілуде біреу ғана кездеседі. Оның үстіне, құлақта қалып қалған тұнық үн. Бірден таныдым.
-Аға, -дедім көлікті жол шетіне қарай икемдей, тоқтата беріп,- мен қазір сізге өзім звандайын.
-Жоқ, телефонды тастама. Менің ондай-мұндай қоңырауды көтеретін шамам бар,-деді арғы жақтағы құмбыл дауыс.
Телефондағы әңгіме тұп-тура он алты минутқа созылды.
-Сен өзі қай жердің қазағысың? – болды кейінгі сұрақ.
-Негізі, Марқакөлденмін.
-Е, онда, Қаракерей Қожамбет болдың ғой.
-Дәл өзі.
-Е-е, «Марқакөлдей жер қайда, Қожамбеттей ел қайда?!» деген. Бәсе, мынаны Алтайдың иісі мұрнына баратын біреу жазған деп өзім де ойлап едім.
Әңгіме газеттің кешегі нөміріне шыққан жолжазба жайлы екендігін енді түсіне бастадым.
-Айналайын,-деді одан әрі ақсақал,- мына жазғандарыңа мен тұщынып отырмын. Алтай – көк түркінің ежелгі мекені екені бұрыннан да айтылып жүр. Ал мына Түркиядан келген кәсіпкер түріктің Тасшоқының басына шыққанда, сарытап сағыныштан еңіреп жылап, жерге аунап жата кеткендігін дөп басып беріпсің. Екіншіден, Алтай тұрғанда жер-дүниенің жақсылығын өзге жақтан іздеу – бос әуре. Бүкіл адамзатқа керек байлықты Алла тағала бізге өзі үйіп-төгіп бере салған. Мұндай аста-төк байлық дүниенің еш түкпірінде жоқ! Соның қадірін білуге шақырған жазбаң менің көңілімнен шықты. Сен де тегі сау сиырдың боғы емессің! Еліңе, жеріңе қызмет ете бер!
Мынандай жылы сөзге елжіремеу мүмкін емес. Көзімнен жас шығып кете жаздады. Аты мұқым алаш жұртына әйгілі Бошайдың «сау сиырдың боғы емессің» дегені – кеудеме орден болмаса да, медаль таққандай әсер етті.
-Сен екеуіміз жалпы бір жерде болмаса, бір жерде кездесіп пе едік?-деді Бошай аға әңгімені әрі жалғап.
Есіме осыдан он жыл бұрынғы кездесу түсті.
-Иә, аға,-дедім де, Ахмер ауылындағы сол бір сәтті, өзінің жас жұбайларға берген батасы жайында, олардың қазір, тәубе, өркен жайып, өсіп келе жатқандығы туралы қысқаша айтып бердім.
-Ендеше, жарапты!
Бошекең ақсақал телефонын осы әңгімемен жапты. Өскеменге келгенде, үйіне соғуды тапсырды. «Сенің еліңе қатысты іште талай сыр-сұхбат бар!».
Бірақ ол әңгімені естудің сәті бір түспеді.
PS: Осы жазғанымның барлығын Бошай ақсақалдың көзі тірісінде жариялауым керек еді.
Ылғи осылай кеш қалып жүреміз.

Сайлау Төлеуов

Семей.

Осы айдарда

Back to top button